
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының бас директоры Берік Арынмен кездесті. Тараптар жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы мәселелерді талқылады.
Мәжіліс спикері қазіргі заманда халықты сапалы әрі қауіпсіз азық-түлікпен қамтамасыз ету жаһандық күн тәртібіндегі өзекті проблеманың бірі екенін атап өтті. Бұл ретте Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігіне ерекше мән беріп, осы мәселені шешуге мүмкіндігінше өз үлесін қосып келеді.
– Азық-түлік қауіпсіздігіне мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы жете көңіл бөледі. Биыл қаңтарда Араб Әмірліктерінде өткен «Абу Дабидің орнықты даму апталығы» саммитінде осы мәселеге арнайы тоқталып өтті. Бүгінде әлем климаттың өзгеруі, қуаңшылық, биоалуантүрліліктің жойылуы, су тапшылығы, азық-түлік қауіпсіздігі секілді аса өзекті проблемалармен бетпе-бет келіп отырғанын айтты. Президент Қазақстанның аталған түйткілдерді басты үш бағытқа – цифрландыру мен жасанды интеллект, ірі инфрақұрылымдық жобалар және ядролық энергетика салаларына негізделген стратегия арқылы шешуге ниетті екенін жеткізген еді. Осы тұрғыда біз парламентарийлер ретінде Президент бастамаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге дайын екенімізді мәлімдейміз, – деді Е.Қошанов.
Әңгіме барысында тараптар қазіргі заманғы сын-қатерлер мен тәуекелдерді еңсере отырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығына баса мән берді. Бұл ретте Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының әлеуеті зор.
Берік Арын ұйымның қазіргі қызметі туралы ақпарат беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Қазақстанмен тығыз қарым-қатынаста жұмыс атқарылып жатқанын айтып, бірлескен жобаларға тоқталды.
Биыл Астанада Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының Бас ассамблеясының 7-отырысы өтіп, ұйымға төрағалық Қазақстанға өтеді. Соның аясында жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі бағытында біраз жұмыс атқару жоспарланып отыр.
Ерлан Қошанов қазіргі геосаяси, геоэкономикалық және климаттық жағдайларды, сондай-ақ су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесін ескеріп, нақты әлеуметтік-экономикалық маңызы бар жобаларға назар аударуды ұсынды.
Бұған қоса ұйымның жобалық қызметіне қатысты мәселелерді ілгерілету мақсатымен Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігімен, сондай-ақ еліміздің ғылыми мекемелері және жоғары оқу орындарымен ықпалдастықты арттырудың қажеттілігі де сөз болды.
Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы 2013 жылы Қазақстанның бастамасымен құрылғанын айта кеткен жөн. Қазір бұған 41 мемлекет мүше.