Ұлтты ұйыстырған Ұлттық құрылтай. Жанна Асанова
Жанна Асанова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты ...
Абай облысының Үржар ауданында ерекше өнер иесі тұрады.
10-сынып оқушысы Қуаныш Амангелді көмейімен ән айтады. Ол 15 жасынан бастап бұл өнерді өз бетінше үйренген. Ұлттық музыканың көне дәстүрін жаңғыртып жүрген ерекше дауыс иесі.
Қуаныш Амангелді — Қарақол ауылдық мектебінің 10-сынып оқушысы. Домбыра-тенор класын тәмамдаған соң, көмеймен ән айтуды өз бетінше үйрене бастаған. Болашақта дәрігер болуды армандайтын Қуаныш, сонымен қатар домбыра өнерін де жалғастыруды көздейді. Қазіргі таңда ол көмеймен ән айту техникасын тереңірек меңгеріп, кәсіби деңгейге көтерілуді жоспарлап отыр.
Қуаныш Амангелді, 10-сынып оқушысы:
- Болашақта жақсы бал алып, Семейдегі медицина саласындағы университетке түскім келеді. Осы медицина саласын қуып, дәрігер болып адамдарды емдегім келеді. Өйткені ол менің бала күнімдегі арманым. Домбыраны да тастап кетпеймін. Өйткені бұл менің хоббиім және қазақтың ұлттық аспабы.
Жас өнерпаз 8 жасынан бастап домбыраны меңгеріп, «Адай», «Балбырауын», «Ата толғау», «Алаш аманаты» секілді күйлерді еркін орындайды. Дәстүрлі өнерді дәріптеу мақсатында ұлттық және халықаралық байқауларға қатысып, өз шеберлігін шыңдауды көздейді. Оқушының ерекше өнерге қызығушылын алғаш болып жетекшісі Қуанхан Ахмадиева байқаған.
Қуанхан Ахмадиева, домбыра үйірмесінің жетекшісі:
- Өнерге сондай икемі жақсы болды. Музыкалық қабілеті де жақсы. Әр оқушыға біз терең деңгейде өткіземіз сабақты. Оқушыларымыз бәрі жақсы. Қуаныш та сол өнерлі балалардың бірі. Өнері өрге жүзсін. Шығар тауы биік болсын. Оқушыларымыз биіктен көріне берсін. Жақсылық тілеймін балаларға.
Қуаныш өнермен бірге спортты да қатар алып жүр. Бос уақытында достарымен волейбол ойнағанды жақсы көреді. Бүгінде көптеген, аудандық облыстық жарыстарға қатысып, жүлдегер атанған. Анасы ән айту өнері Қуанышқа атасынан дарыған деп санайды.
Ләззат Райымханова, анасы:
- Қуаныштың атасының бауыры Төлебай деген атамыз бар. Сол кісі ән айтады. Сол кісіден дарыған болуы керек. Өзі кішкентайынан ән айтады. Одан кейін мектепте домбыра үйірмесіне барып бес жыл сол домбыраны үздікке бітірді. Жігітке жеті өнер де аз дейді ғой. Әрі қарай домбыраны орындайды. Өзінің қызығушылығы да қабілеті де жақсы.
«Көмейден шыққан дауыс, жаныма өте жақын», дейді талантты оқушы. Талабы таудай Қуаныштың болашақтағы мақсаты — ұлттық өнерді дәріптеп, үлкен сахналарда өнер көрсету.
Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы