• 25-03-2025

Жамбыл облысында білікті маман студенттерді еңбекке баулып жүр

Жамбыл облысы Меркі ауданының 63 жастағы тұрғыны колледж студенттеріне токарлықтың қыр-сырын үйретіп жүр. Ғалымжан Сүгірәлиев дәнекерлеу ісінің де шебері. Ауыл шаруашылығына қажетті техникаларды өзі жөндеп , құрылғыларды да құрастыра береді.

Өңірде жұмысшы мамандықтары бойынша 12 мыңнан астам студент тегін білім алады. Талай шәкірт тәрбиелеген Ғалымжан Сүгіралиевтің Меркі аудандық колледжінде жұмыс істегеніне ширек ғасырға жуықтаған. 20 жасынан бері темірден түйін түйіп, құрыштан түрлі бұйым дайындайды. Мамандығына деген махаббаты да ерекше.

Ғалымжан Сүгірәлиев, Меркі колледжінің оқытушысы:

- Мен осы жұмысты істегенде өз-өзіме разы боламын осындай жұмысты істеп жүргеніме. Адамда бір шабыт келеді дейді ғой. Осы темір жонып жатқанда, істеп бітіп алдыма қойған кезде өз-өзіме разы болатыным сондай, мынадан басқа жұмыс рақат емес сияқты көрінеді. Өз басым білем, дәнекерлеп те жүрміз, оған қосалқы слесарьлікті білем. Ептеп конструкция жасайтынымз бар темірден.

Ғалымжан Сүгірәлиев үйінің жанынан шағын токарлық цех ашқан. Студенттері де осында келіп, білмегенін үйренеді. Кәнігі шебер тәжірибесімен бөлісуден жалыққан емес.

Байрам Байрамов, Меркі колледжінің студенті:

- Осы кісінің арқасында темірлердің түрлерін, қай түрге бөлінетінін, темірмен қалай жұмыс істеу керек екенін үйретті. Әлі де үйреніп жатырмыз. Үйренетін заттарымыз өте көп. Бұл кісі бізге бүкіл өзі білетін нәрселерін ашық айтады, түсіндіреді.

Дәнекерлеуді де меңгерген Ғалымжан Сүгірәлиев: «Жігітке жеті өнер аз», – дейді. Шебер қазір ескі тракторын жөндеп жатыр. Жақында кір жуатын машинаның қозғалтқышынан тұқым тазалайтын құрылғы жасап шығарған.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Анастасия Сулейманова, Эльдар Байділдә