• 29-03-2025

Депутат Nazarbayev University мен МӘМС бойынша аудит нәтижесін шұғыл жария етуді талап етті

Депутат Марат Башимов мәжіліс отырысында қазақстандықтардың Жоғары аудиторлық палата жүргізген тексеруді көрмей отырғанын айтып, өткен жылдардың есебін талап етті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Маңызды аудиторлық қорытындылар бойынша ақпараттың уақытылы берілмеуі қоғамды алаңдатып отырғанын айта кету керек. Мәселен, Жоғары аудиторлық палатаның сайтында 2022 жылдан бері жүргізілген тексеру нәтижелері әлі күнге дейін жоқ. Соңғы аудиторлық есеп 2022 жылдың 11 тамызында жарияланған.

Біз ауыл шаруашылығы, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры, Nazarbayev University бойынша тексерулердің толық нәтижесін көрмей отырмыз. Мысалы 2024 жылдың желтоқсанында БАҚ-та Nazarbayev University-де 73 млрд теңгенің тиімсіз жұмсалғаны туралы ақпарат пайда болды. Алайда тексеру қорытындысы туралы толық ақпарат жарияланған жоқ", — деді депутат.

Депутат Марат Башимовтың айтуынша, аудиторлардың "логикасы қызық" – олар мемлекет қаражаты туралы деректерді құпия ұстайды

"Білім беру, медицина және әлеуметтік сала мәселелерін қалай болса да жасыруға болмайды, бұл әскери, тіпті құқық қорғау бюджеті де емес. (...) Біз Жоғары аудиторлық палатадан 2022-2024 жылдардағы аудиторлық тексерулердің нәтижелерін дереу жариялауды, бюджеттік процесс пен аудиттің ашықтығы туралы конституциялық нормалардың қатаң сақталуын қамтамасыз етуді сұраймыз", — деді ол.