
Бурабай баурайында өткен IV Ұлттық құрылтайда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі туризм аясын кеңейту туралы айта келіп, «Облыстың орасан зор туристік әлеуеті Щучинск–Бурабай аумағымен ғана шектелмейді. Демалыс аймағы ретінде мүмкіндігі мол Зеренді, Сандықтау, Ақкөл және басқа да жерлерді жан-жақты дамыту қажет» деген болатын. Құнарлы өлкенің бар мүмкіндігін сарқа пайдалану міндеті жүктеліп отыр.
Сандықтау суреттері
Көкшетау десе, тіл ұшына алдымен Бурабайдың ілігетіні бар. Әйтсе де, тұмса табиғаттың адам аяғы сирек басатын қолат-қойнаулары аз емес. Кілкіген көк мұнар сағым сырлы Сандықтаудың сұлу жүзін бейсауат көздің сұғынан сақтағысы келгендей қымтап, көлегейлеп жатары бар. Әлдебір шебер қиюын келістіріп қолмен қалағандай сандық тастардың жалпақ жотасында қожыр-қожыр қара тастарды қақ жарып мәңгі жасыл қарағайлар өсіп тұр. Қамшысілтер жерде қолдың саласындай үйір-үйір ақ қайың. Зәу биіктен төменге асығып аққан он сан ақ бұлақ тіршілік күйін шертіп тұр. Осыншалықты уыз табиғаттың құнарлы бір пұшпағын құрайтын аудан көлемі – 6,4 мың шаршы шақырым. Автомобиль жолдарының ұзындығы 777 шақырымға тең. Сәл таратып айтатын болсақ, оның 68 шақырымы республикалық маңыздағы, 135 шақырымы облыстық маңыздағы жолдар. Қара қарғаның миы қайнайтын қырық күн шілдеде кенезесі кепкен көркем даланың таңдайын жібітіп, Жабай, Сарқырама, Жыланды, Ащылы, Атыжоқ, Қоңыр өзендері ағады. Өзен жағасы қалың тоғай. Бұл күнде атауы ел есінен шыққан жүз сан шөп қақалып өседі. Күміс тостағанның ішіндегі нәрдей болып жатқан Новоникольск, Жақсы-Жалғызтау, Құмдыкөл тәрізді тұщы суы мөлт-мөлт етіп жатқан, ақ балығы тайдай тулаған айдындар да бар. Бұл көлдерде балықтың жиырмадан астам түрі бар. Жыл сайын сай-саламен ағып келіп қосылатын қар суынан кенересі кеңіп, бұрқ-сарқ етіп асып-тасып жататын Жабай өзеніне сыздықтай сызылып Сарқырама мен Ащылы өзендері келіп қосылады. Бір ғажабы, үш өзеннің түйіскен аңғары алыстан сүйсінтіп, көз салған адамға қалы кілемдей құлпырып, мың түске боянып, көңіл арбап көрінері бар.
Бұл өлкенің бір байлығы – ит тұмсығы өтпейтін ну орман. Сандықтаудың жан жадыратар көркем қойнауына сүңгіп кетсеңіз, қос қапталында құшағың жетпейтін жүзжылдық қарағайлар самсап тұрады. Орман көлемі шамамен алғанда 70,8 мың гектар алқапты құрайды. Негізінен, ауданның солтүстік бөлігінде орналасқан. Адам аяғы сирек болған соң, жеміс-жидегі де өте мол. Құстың да жүзден астам түрі мекен етеді. Сыңсыған ну орманның ішінен марал, қасқыр, түлкі, тиін, қоян, суыр, борсық, қарсақ тәрізді аңдарды кездестіруге болады. Осы өңірді жайлаған көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, Сандықтаудың ну ормандарын ілкі заманда аю да мекен еткен екен. Орман қожасының ең соңғысын сонау 1897 жылы Рябухин деген аңшы атып алыпты.
Тау сілемдерінен көшіп келіп көкірегіңе қонатын көркем суретті өңірдің атауы неге Сандықтау деп аталған деген сауалға да жауап іздеп көрелік. Есте жоқ ескі кезеңде әлдебір сиқыршы мекендепті. Бірде құлағына қара ормандай қалың елдің ішінде ай десе аузы, күн десе көзі бар хас сұлу бар деген хабар жетеді. Жұрттың сипаттауы солай. Хас сұлу туралы хабар жеткен соң, сиқыршыдан дегбір кеткен. Қалай да ұстап алмақ, алып қашпақ. Күндердің бір күнінде қара ниетін жүзеге асырады. Жұрт көзінен таса жерге алып кетеді. Түйенің өркешіндей болып төңкеріле бүк түсіп жатқан жотаның астында аумағы әжептәуір үңгір бар екен. Сол үңгірге жасырады. Арудың жоғалғанын Сандықтаудың жігіттері де естіп, құлақтанса керек. Ел емес пе, намыс буған. Сиқыршы болмақ түгілі кім болса да, сыбағасын беріп, аруды азат етпек. Жаппай атқа қонған. Күн жүрген, түн жүрген. Апта өткен, ай өткен. Ақыры тауыпты. Бірақ есіл ерлер дегеніне жете алмаған. Жотаның үстінде жолыққан сиқыршы елдің намысқой жігіттерінің бәрін сиқырлап, тас қылып жіберсе керек. Қазір әртүрлі пішіндегі тас біткен сол сұлуды іздеп шыққан жаужүрек жігіттер деседі. Ал бауырындағы бұлақ – анығында бұлақ емес, аруды арашалап аламын деп шыққан Алаш жігіттерінің көз жасы. Аңыз солай дейді.
Ауданда бірнеше қонақүй бар. Қоғамдық тамақтандыру орындары да қызмет етеді. Туризм аумағы айтарлықтай кеңеюіне байланысты жаңа жұмыс орындары да ашылып, халыққа керегі де осы. Бұл орайдағы жоспар 100 пайыз орындалған. Балкашин селосында жаңа дәмхана салынған. Басқа да құрылыстар бой көтеріп жатыр. Туризм саласын дамытуға инвестиция тартылуда.
Сандықтауда таза ауа жұтып, орман-тоғайын еркін аралап, күміс көліне шомылып дем алумен қатар, аңсарыңыз ауып бара жатса, аңшылық жасауға да болады. Жазда жайлы болғанымен, шындығын айтқанда, қысқы туризм – әлі түрен түспеген соқпақ. Осындай табиғаттың өзі пешенемізге бұйыртқан ырыздықты дұрыстап пайдалансақ, бюджеттің қалтасы томпая түсер еді.
Қойнында Зерендінің қазына бар...
Зерлі Зеренді – туризмнің бағын жандыратын-ақ жер. Ел аяғы көп баса бермейтін «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Зеренді филиалы аумағында бес бірдей туристік соқпақ бар. Жай ғана соқпақ емес, жоғарыда айтып өткеніміздей, арада қанша жыл өтсе де ай сипатты ажарына кіреуке түспеген, қадам басқан сайын рухани қазына кезігетін ғажайып өлке.
Бүгінгі туристің аңсары – тамылжыған табиғаттың аясы ғана емес, рухани қазынасы. Білгісі келеді, өткеніне көз жүгірткісі келеді. Ару табиғат ағзасына қуат берсе, көл-көсір рухани байлық жан-дүниесін нақ осы Зерендінің сырбаз сұлулығы сияқты тіршіліктің тозаңынан арылтып, құр атқа мінгендей қуаттандырып жібермек. Аудан аумағында 16 тарихи-мәдени мұра бар. Шағын аудан үшін аз олжа емес әрі жадыраған жаз айларында келімді-кетімді мейман қарасы да мол. Демек елге ортақ, жалпақ жұрттың несібесіне бұйыратын дүние. Бұл ескерткіштердің көпшілігі тым әрідегі палеолит, қола дәуірлеріне тиесілі. Берідегі біраз жұртқа белгілі дүние де аз емес. Сәл ғана сабақтап көрелік. Әйгілі Уәли хан. Ханға бұйырған жер бесік те осы ауданның аумағында. Өз заманында басқыншы жаудан ел қорғаған аруақты Монтай, Қосағалы батырлар мен қара сөзден ешкімге дес бермеген, ел дауын, жер дауын жалғыз ауыз сөзбен шешкен Дүйсен би мазарлары да осы топырақта. Ал әйгілі Ақан серінің мәңгі өлмес әніне арқау болған, ажарынан ай ыққан, ақылына тәмам ел тәнті болған Балқадиша ескерткіші Зеренді аумағына тұяқ іліктірген жолаушының оң жақ қапталында тұр.
Ел назарына онша көп ілікпеген киелі жердің бірі – әйгілі Әулиебұлақ. Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, өзгеше кие дарып, көзіне қасиет байланған бұлақ деседі. Бәрі де табиғаттың тылсым күшіне құлай берілген заманнан қалған наным-сенім болса керек. Ілкі заманда айықпас дертке шалдыққан науқастар алыстан ат арытып жетіп, Әулиебұлақтың басында мінәжат етіп, қара тасты қақ жарып шығып жатқан зәмзәм судан ауыз тисе жазылып кетеді екен. Тіпті бала көтермеген келіншектердің бағы жанған оқиғалар болыпты. Осы төңіректегі тәмам ел ел басына күн туған Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанып бара жатқан азаматтарын тілек тілеп, Әулиебұлақтың басынан аттандырған деседі. Қара жердің қойнауынан бұрқырай шығып, иен даланың төсіне бұралып ағып бара жатқан, дәмі бал татитын тап-таза су көзі не сән. Соның бірі – Үлгілі сарқырамасы. Тау басындағы ақша қар ерте көктемде ерісімен жылға-жылғаны қуалап, сарқырамаға құйылады. Он сан, жүз тармақ. Бәрі қосылғанда екпіні үй жыққандай гүрілдей, сарқырай ағатын көркем көрініске айналмақ. Сылдырын естіп, сыңғырын тыңдап, тылсым табиғаттың құшағында мейіріңді қандырып отырған қандай ғажап? Бүгінде көгілдір көктемнің жібек шілтерлі жамылғысын жамылып, сарқырама ағып жатыр. Сыңғырлап аққан үні өмір жыры тәрізді. Осы сарқыраманы көріп, құйқылжыған күйін тыңдау үшін де зерлі Зерендінің топырағына табан тіреуге болар еді.
Зеренді курортты аймағын дамытудың жоспары бекітілген. Инфрақұрылым және экологиялық мәселелерді шешуге арналған бірнеше шараны қолға алғалы отыр. Кейінгі жылдары көлік логистикасы мен коммуналдық инфрақұрылымның олқы тұсын толтыру бағытында ұмтылыс бар. 22 бағыт бойынша қыруар жұмыс қолға алынған. Міне, осы ойға алған істің бәрі оңынан сабақталған кезде тылсым табиғаттың онсыз да көркем кейпі өзгеше реңмен сәулелене түсер еді.
Мейман қабылдайтын орындар абаттандырылып, көгалдандырылып жатыр. Ғимараттар жөнделіп, келген адамға жөн-жосықты ұғындыратын әрқилы буклеттер дайындалды. Тиісті орындар туристердің қауіпсіздігін сақтау, оттан, судан аман болу мәселесін де естен шығармай, қамданады. Сәл таратып айтатұғын болсақ, келген адамның көзіне бірден түсетін аудан орталығын атына сай етіп жұтындырып қою мәселесі де «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы қолға алынған. Ауылға кірер жолдағы Балқадиша монументінің маңайын тазалап, алқызыл гүлмен көмкеріп қоймақшы. Өкпек жолаушы осы жерде ат шалдырып, суретке түсуге мүмкіндік бар. Елді мекен орталығындағы «Мәңгілік ел» аллеясы да – сәл аялдап, көз тігуге болатын жер. Бұл маңның барлығы көгалдандырылды. Екінші дүниежүзілік соғыста қаза болған жауынгерлер мен қан майданнан аман келген ардагерлерге қойылған ескерткіш те еңселі. «Керегелі қазақ елі» композициясынан көп сырды ұғып, ел мен жердің дестеленген тарихын зерек көкіректің сырлы кебежесіне құйып алуға әбден болады. Ал алыстан келген балалар мен жасөспірімдер «Айналайын» монументін көрсе, көңілдері көкке өрлер еді. Осы маңдағы балалардың ойын алаңы мен серуен құратын соқпақтары да көзтартарлық.
Өлкенің тыныс-тіршілігін, табиғи байлығы мен рухани қазынасын қамтып, келген жанның назарына ұсынатын өлкетану музейі жәдігерге бай. «Көкшетау» ұлттық паркінің Зеренді филиалына тиесілі екі қабатты «Визит орталыққа» бас сұқсаңыз, қаншама мәліметке ие болар едіңіз. Жалғыз өсімдіктер әлемі ғана емес, нулы, сулы жерді мекендейтін алуан түрлі аң-құс туралы деректер де бар.
Жағалауы мап-майда, жібектей есілген құммен көмкерілген Зеренді көлінің жағасы сыңсыған емдеу-сауықтыру орындары. Халыққа мінсіз қызмет көрсету үшін етек-жеңін жинап, қапысыз қамданып жатыр. Туристік кластерді дамыту үшін Зеренді, Серафимовка және Кіші Түкті елді мекендерінің бас жоспары жасалған. Осы жоспарға сәйкес Зеренді көлінің солтүстік шығыс жағалауын абаттандыру көзделген. Қонақүй құрылысы да салынуы мүмкін. Сондай-ақ коттедж қалашығы бой көтереді деп межеленіп отыр. Келген мейманның көңілінен шығу оңай-оспақ шаруа емес. Сондықтан сауда-ойын-сауық орталықтары, мейрамхана кешендері, спорттық жаттықтыру залдары, шағын теннис орталығы тәрізді нысандар салынбақ.
Имантау ишарасы
Өткен жылы «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағындағы демалыс орындарына 58196 адам табиғатын тамашалап, саф ауасын жұтып, тынығып қайтқан екен. Жыл сайын туристер саны біртіндеп көбейіп келеді. Туристерді қабылдап, олардың демалысы талапқа сай ұйымдастырылып жатыр. Парктің Солтүстік Қазақстан облысының аумағына жататын бөлігінде ұзақ және қысқа мерзімге жалпы көлемі 175,556 гектарды құрайтын жер телімі бөлінген. Ұзақмерзімді пайдалануға берілген 23 жер телімінде туристік нысандар салу көзделіп отыр. Қысқа мерзімге пайдалануға берілген 17 жер телімінде 10 нысан салынбақ. Тұтастай алғанда 14 эко-отель, 2 глэмпинг, 3 демалыс базасы, 1 археологиялық музей кешенін салу жоспарланған. Қазіргі күні Имантау, Шалқар курортты аймағында 12 нысан жұмыс істеп тұр.
«Имантау, Шалқар көлі аймағындағы демалуға қолайлы жерлерге келушілердің көбі ежелгі ел тарихына ықыласы ауады, – дейді «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры Ербол Сағдиев. – сондықтан паркте жеті туристік бағыт ұйымдастырылған. Олардың жалпы ұзындығы 635 шақырымды құрайды. Бұл бағыттар бойынша салт атқа мініп серуендеуге де, жаяу жүруге де болады. Жадыраған жаз айларында көркем табиғатымыздың қойнауына сүңгіп көз қарықтыратын табиғи салтанатты қызықтаушылар аз емес. Парк аумағында республикалық маңыздағы табиғи ескерткіштер, киелі орындар, көне дәуірдің тыныс-тіршілігін көз алдыңызға әкелетін орындар да бар».
Алдағы уақытта кірпияз мінез туристердің көңілінен шығу үшін Имантау, Шалқар өңіріндегі жолдарды жөндеуге мән беріледі. 11,3 шақырым жолдың жобалау-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Шалқар филиалын электр қуатымен қамтамасыз ету үшін 25,5 шақырым жаңа электр желісі тартылмақ. Әрине, шаруа шашетектен. Бұл өңірдегі туризм мүмкіндігін мейлінше арттыру үшін бәлкім салаға серпін беретін жаңа жоба жасалуы да керек шығар. Сол жоба қолға алынса, Бурабай баурайындағы кейбір келеңсіз көріністер қайталанбаса екен дейміз. Онда күміс көлдерге құйылатын көктемгі қар суының табиғи жолы жабылып, ретсіз салынған ғимараттар бұлақ көздерін жауып тастайды. Әулиекөл, Айнакөл, Шабақты көлдеріне қауіп төніп тұрғандығын амалсыздан екпін түсіріп айтуға мәжбүрміз. Балығы тайдай тулап жататын осынау көлдер сонау 1956 жылы кешенді зерттеуден өткізілген екен. Одан бері де бұл тақырыпты қаузаған жан жоқ десе де болар. Ғалымдардың айтуына қарағанда, жаны ашымастықтың салдарынан жағалауы жыл сайын алыстап бара жатқан көлдер елеулі өзгеріске ұшыраған. Сөйтіп, бірте-бірте су көлемі азайды. Әсіресе Айнакөлдің аңғары кеміп барады. Осы арада тайға таңба басқандай етіп дәлел келтіре кетелік. Мәселен, 1956 жылғы зерттеу барысында Әулиекөлде 36,2 миллион, Айнакөлде 250 миллион, Шабақты көлінде 141 миллион, Шортанды көлінде 256 миллион текше метр су болған.
Ал Имантау, Шалқар курортты аймағында да осындай келеңсіз көрініс қалыптасқандығын айтуға болады. Қос көл де жылдан-жылға тартылып барады. Ұлттық парктің экологі Ерлан Жұмайұлының зерттеулеріне қарағанда, Имантау көлінің су айдыны 1956 жылы 335 текше шақырым болса, 2021 жылы 311 текше шақырым болған. Яғни кенересі кеміп келеді. Шалқар көлінің су аумағы 1956 жылы 33,4 шаршы шақырым болса, 2021 жылы 29,1 шаршы шақырымға кеміген. Көл тереңдігі 1956 жылы 8 метрдің деңгейінде болса, 2021 жылы тайызданып, 6 метрге ғана жеткен. Судың көлемі де кішірейген. Тағы да 1956 жылғы есеп бойынша 267 текше шақырымды құраса, 2021 жылы 174 текше шақырымға тең болған. Міне, осы зерттеулерден екі көлдің ернеуі жылдан-жылға шегініп бара жатқанын анық байқауға болады. Көлдердің қораштану, тайыздану себебі де Зеренді көлінің тағдырына тым ұқсас.
Тиісті орындар туризмге тегеурін беру үшін алдымен осы жайды қаперлеріне ілсе деген өтініш бар.
Ақмола облысы