• 31-03-2025

ОҚО-дағы жер сілкінісі: арнайы техникалар тартылып, шатырлардың орнатылуы тұрғындарды алаңдатқан

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев жер сілкінісі тіркелген Меркі және Т.Рысқұлов аудандарындағы табиғи апат салдарын жою бойынша жедел штаб отырысын өткізді, деп хабарлайды облыс әкімдігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Басқосуға азаматтық қорғау қызметінің, жергілікті атқарушы органдардың, тиісті ведомстволардың басшылық өкілдері қатысты.

Жиында Меркі және Т.Рысқұлов аудандарының әкімдері қазіргі жағдай бойынша есеп берді.

Аудандарда зардап шеккен азаматтар тіркелмеген. Тіршілікті қамтамасыз ету нысандары қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.

Жалпы Меркі және Т.Рысқұлов ауданында 14 әлеуметтік нысан ішінара зардап шеккен. Оның ішінде 9 білім беру, 2 денсаулық сақтау, 1 әлеуметтік қорғау, 1 спорт және 1 мәдениет нысаны бар.

Қосымша бүлінген нысандарды анықтау, зерделеу жұмыстары жалғасып жатыр.

"Мемлекет басшысы өңірдегі жағдайды жеке бақылауында ұстап отыр. Президент әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді қалпына келтіру және жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қажетті көмек көрсетуді жүктеді.

Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша Төтенше жағдайлар вице-министрі бастаған үкіметтік жұмыс тобы облысқа жіберілді.

Әлеуметтік және тіршілікті қамтамасыз ету, өнеркәсіп нысандарының жай-күйі, жол қатынастары тұрақты бақылауда болуы қажет. Тұрғындардың қауіпсіздігі бәрінен маңызды, – дейді Ербол Қарашөкеев.

Ол шығын көлемін анықтау үшін кешенді шаралар қабылдап, тұрғындардың талап-тілектерін барынша назарға алуды тапсырды.

Сонымен бірге аудан әкімдеріне ауылдық елді мекендердегі нысандарды толық аралап, ахуалды көзбен көруді, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, қажеттілігіне қарай психологиялық көмек көрсетуді ескертті.

Облыс әкімі БАҚ пен әлеуметтік желілерде шындыққа жанаспайтын жалған ақпараттардың таралып жатқанына назар аударды. Жамбылдықтарды тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге шақырды.

Айта кетейік, тұрғындарды алаңдатқан мәселе — Меркі ауданына техникалардың келуі, уақытша шатырлардың орнатылуы.

"Бұл мәселе бойынша шаралар ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған алгоритмге сәйкес қабылданып жатыр. Алаңдауға негіз жоқ. Бұл барлық тиісті мекеменің күшейтілген режимде жұмыс істеп, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған сақтық шаралары ғана болып табылады", — дейді әкімдікте.

Еске сала кетейік, 2025 жылғы 28 наурызға қараған түнде Жамбыл облысының бірқатар ауданы мен Тараз қаласында жер сілкінісі тіркелді.

Жер асты дүмпуінің жоғары қарқыны – 5 балл – Меркі ауданында болды. Т.Рысқұлов ауданында жер сілкінісінің күші 4 балды, Тараз қаласы мен қалған аудандарда – 2 балды құрады.

Жер сілкінісі 15:56-да қайта сезілді.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жедел штаб жұмыс істеп жатыр.