• 01-04-2025

Ораза айт құтты болсын!

Аса қамқор ерекше мейірім­ді Алланың атымен бастаймын! Бар­­лық мақтау Аллаға тән. Ардақты Пай­ғам­барымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын !

Құрметті отандастар! Сіздерді күллі мұсылман баласының ұлық мерекесі – Ораза айттың келуімен шын жүректен құттықтаймын! Айт қабыл болсын!

«Айт» сөзі – «мерекелеу», «хал сұрасу», «бір-бірін қуанту», «қуанышқа топталу» деген мағыналарды білдіреді. Ораза айт мейрамында жүрекке мейірім, қуаныш сезімі ұялайды. Осынау сәулелі сәтте баршаңызға риясыз ниетпен Алланың амандығы мен берекесін тілеймін. Жаратқан жанұяларыңызға жар болсын!

Ораза айт – бір ай бойы ораза ұстап, ықыласпен жақсылық жасаған адамның құрметке, марапатқа ие болатын сәті. Алла Тағала: «Мен парыз еткен оразаны пенделерiм өтеп, ақысын алуға (айт намазын өтеуге) мешiтке бет алды. Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн...» дейді. Раббымыз баршамыздың қуа­ны­шымызды арттырып, екі дү­ниеде де мерейімізді үстем еткей.

Алла Тағала ұстаған оразамызды, мұқтаж жандарға үлес­тірген зекетіміз бен пітір садақа­мызды, берген ауызашарымызды қабыл етіп, мол сауап жазғай.

Сауаптар еселеніп жазылатын берекелі айда көңілі жабырқау жандардың жүрегіне қуаныш сыйлауға тырыстық. Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының игі бастамасына үн қосып, мешіттерімізде атқарылған ізгі іс-шараларға, «Рамазан сыйы» қайырымдылық акцияларына белсенді түрде үлес қосқан барша жомарт жандарға Алланың нұры жаусын деймін.

Ораза айт мерекесі құтты болсын! Әр шаңыраққа бақ пен береке, бірлік пен татулық тілеймін. Алла Тағала келесі Рамазан айына да төрт көзіміз түгел аман-есен жетіп, игі басқосуларда жүздесуді жаз­ғай. Елі­міз аман, жұртымыз тыныш, тәуел­сіздігіміз баянды болғай! Әумин!

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти