
Сырттай зерделесең де, жүрек қылын қозғап әңгімеге тарта кетсең де қазақы биязылығынан танбайтын нәзік актриса экран мен сахна кеңістігіндегі ішкі психологиялық текетіресте адам танымастай өзгеріп шыға келеді. Өнер оған өзгеше өткірлік сыйлайтындай. Ал былайғы өмірде бұйығы, ұяң, тіпті ұялшақ десең де болады. Сонысына қарамастан сан алуан бейненің сәнін кіргізіп, нағыз кәсіби деңгейде нақышына келтіре кейіптеп жүр. Ол талантын басқа емес, кино өнерінің олимпі саналатын 71-ші Канн кинофестивалінде топ жарып, «Ең үздік актриса» атануымен келісті кестеледі. «Айка» фильміндегі рөлі оның есімін жер- жаһанға мәшһүр етті. Ал кино әлемінің ең беделді атағына ие болған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Самал Еслямова әлі де сол қарапайымдылығынан танбаған, өнер туралы ойларын толғана, толқи отырып әңгімеледі.
Актриса айтады: – Өнер жолына түсіп, актриса атануым – тағдырдың маған бұйыртқан теңдессіз тартуы. Себебі әртіс боламын деген ой үш ұйықтасам да санама кіріп шықпаған екен, сенесіз бе, тіпті бұл салаға қызықпаппын да. Бала күнімнен армандап, көңіл түкпірінде қастерлеген ең ізгі тілегім – журналист болу еді. Бірақ дәл оқуға тапсырған жылы балым жетпей қалып, журналистика мамандығына түсе алмадым. Оған әкем іштей қуанған сияқты. Журналист болуыма қарсылық танытпағанымен, түпкі ойы менің өнер адамы болғанымды қаласа керек. Әжем кезінде әнді өте жақсы айтқан екен. Әкем де өнерден құр алақан емес, домбыраның құлағында ойнайды. Тіпті кезінде өнер жолын таңдағысы келіпті. Бірақ ағасы ауырып, іле әжеміз қайтыс болып, кәсіби білім алуға мүмкіндігі болмай, домбыраны өз бетімен үйренген. Өзі жетпеген жетістікті балаларының бағындырғанын қалаған шығар, біздің өнер саласына баруымызға еш қарсы болмады. Керісінше үнемі қолдап, қолпаштап отырды. Мәселен, туған әпкем – кәсіби сырнайшы. Ал менің актриса болуым аяқастынан шешілген сәттілік десем болады. Оқуға түсе алмай әкеміз екеуміз көше бойлап келе жатыр едік, кенет ғимараттың ашық тұрған терезесінен сызылта шыққан скрипканың үні еріксіз елең еткізді. Әсем әуенге елітіп ұзақтау тұрып қалсам керек, әкем «Ішіне кіріп көресің бе?» деп сұрады. Имене басып ғимаратты бетке алдық. Бұл – Петропавл қаласындағы Өнер колледжі еді. Оқу туралы ақпарат сұрастырып көріп едік, құжат қабылдау әлдеқашан аяқталып кеткен екен. Тек Солтүстік Қазақстан облыстық театры жанынан ашылған «Эксперименттік театр актері» курсының емтиханы ғана қалғандығын, оның өзі ертең аяқталатындығын айтты. Мұны естіген әкемнің көзі оттай жанып: «Бағыңды сынап көр, қызым» деп жігерлендірді. Мен болсам, ертеңгі емтиханға үлгермейтінімді сылтауратып әкемді айнытуға тырыстым. Шынымды айтайын, өзімді әртіс ретінде тіпті елестете де алған жоқпын. Актрисалардың бойы ұзын, тал бойында бір міні болмайтындай көрінетін. Оған қоса олар тек Мәскеу мен Алматыда оқып, даярлануы керектей сезілетін. Бірақ олай емес екен. Содан не керек, ұзақ созбақтауға уақыт болмады, әкемнің де тілегін жерге тастағым келмей, актёр мамандығын оқытатын курсқа құжат тапсырдым. Ойламаған жерден Өнер колледжінің студенті атандым. Осылайша, скрипка сазы өмірімді өзгертті.
Мен ойладым: Әке тілегі қабыл болып, өнердің өз ортасына топ ете қалған бойжеткен бойындағы таланты мен алғырлығының арқасында ортасында тез мойындалды. Камера сүйетін сүйкімді жүзі мен қараған жанды бейжай қалдырмайтын ол өткір көзқарас алыстағы Алматыда жүрген режиссер Сергей Дворцевойдың көңіліне де қозғау салды. Сезімтал суреткердің ішкі түйсігі түсіргелі жүрген жаңа туындысына басты кейіпкерді тапқанын бірден түсінді. Көп ойланбастан қияндағы Қызылжарға шақыру жіберіп те үлгерді. Тосыннан соғылған қоңырауды көтеріп, тұтқаның арғы жағынан естілген ұсынысқа қапелімде не дерін білмей абдырап-ақ қалғанымен, болашақ актрисаға әлдеқандай түсініксіз күш рух бергендей: «Алматыға барамын!» деп сенімді үн қатты. Осылайша, ертеңінде Алатаудың бауырына табан тигізген Самал фильм іріктеуіне қатысып, кастингтен сүрінбей өтті. «Қызғалдақ» («Тюльпан») фильмінің басты рөліне бекітілгеніне тіпті өзі де сене алмаған дәл сол сәтте. Бірақ режиссёрдің: «Сенің қолыңнан бәрі келеді. Мен саған сенемін» деген бір-ақ ауыз сөзі сеніміне қанат байлағандай еді. Алайда ол осы шешімінің араға бірнеше жыл салып өмірін түбегейлі өзгертетінін, ал өзінің тіпті армандап та көрмеген даңқ биігіне шығатынын сезбеген де еді.
Актриса айтады: – Өмір деген қызық қой, оның пендесіне ұсынар тосынсыйы да таусылмайды екен. Әйтпесе, дәл сол сәтте сызыла ойнаған скрипканың сыршыл үні мені тіпті армандап та көрмеген өнер әлеміне алып келеді деп ойладым ба? Сол өзім өгейсінген өнерге табалдырығын аттаған сәттен-ақ өлердей ғашық болатынымды тіпті де сезбедім ғой. Ал тағдырдың режиссёр Сергей Дворцевоймен жолықтырған теңдессіз тартуын айтсаңызшы! Мұның барлығын жай ғана кездейсоқтық деп айта аламыз ба? «Қызғалдақ» фильміне таңдалғанда түсірілім тобындағы көпшілік маған сенімсіздік танытты. «Әлі тәжірибесі де жоқ жап-жас қыз екі баланың анасын нанымды жеткізе ала ма, оның үстіне Солтүстіктің қызы екен, тілі мен танымы нағыз қазақы кейіпкер болмысын аша ала ма?» деген сан сауалдың да маза бермегенін олардың жанарынан сездім. Басында сол үшін де қиналғанымды жасырмаймын. Алайда режиссёрдің маған артқан сенімі бәрін де жеңіп шықты. Осылайша, кино әлеміндегі дебютім «Қызғалдаққа» бекітілдім. Кейін картина Канн кинофестивалінің «Ерекше көзқарас» аталымы бойынша бас жүлдесін жеңіп алды.
Шынтуайтына келгенде, ел ойлағандай ауыл тірлігіне соншалықты ебедейсіз емес едім. Рас, Солтүстік Қазақстан облысын елдің бәрі орыстанып кеткен өңір деп қарайтын жалпы түсінік қалыптасқан. Мүмкін ол қалалық жерлерге немесе облыс орталығына қатысты айтылған шығар. Бірақ мен Солтүстік Қазақстан облысы, Аққайың ауданының Аралағаш дейтін аядай ғана қазақы ауылында туып-өстім. Ата-анам да таза ұлттық таным, тәрбиедегі адамдар. Сондықтан да біз ақсаусақ болып өскен жоқпыз, керісінше атқа мініп, мал қайырып нағыз қазақы ауылдың рухы мен тыныс-тіршілігін сезіп өскен қызбын. Әкем де ұлы болмаған соң, мені ер балаша тәрбиелеп, даланың тірлігіне икемдеді. Бір сөзбен айтқанда, әкеме қолғанат болдым. Мал бағу, отын дайындау деген жұмыс тікелей менің міндетіме кіретін. Ал әпкем үйдің шаруасына жақын болды. Бала кездегі ошақтың отына қызара піскен қара қазандағы бауырсақтың дәмін айтсаңызшы! Оның бәрі – өмірімнің санадан өшпейтін бөлшегі, ұмытылмайтын аяулы естеліктері. Сол себепті «Қызғалдақ» фильміндегі вайбты мен ел ойлағандай жатырқаған жоқпын. Керісінше, ауылдағы өзім бала кезімде күнделікті істеп келген үйреншікті өмір қалыбындай қабылдадым.
Мен ойладым: «Қызғалдақ» фильмінен басталған шығармашылық тандем режиссёр мен актрисаны және бір жаңа картинаның түсірілім алаңында қайта қауыштырды. Ол – қазақтың қарлығаштай қарагөз қызын әйгілі Канн кинофестивалінің төріне алып шығып, атағын жер жүзіне жайып, бір-ақ сәтте жұлдыз атандырған «Айка» фильмі болатын. Сергей Дворцевойдың көрегендігі сол, әлі ешбір жерде өзін дәлелдеп, талантын танытып көрмеген, өнердегі өмірбаяны ақ парақтай актрисаның бойынан тасада жасырынған дарынын дер кезінде көре біліп, оның бар мүмкіндігінің түсірілім алаңында жан-жақты ашылуына жағдай жасауы дер едік. Оны режиссёрдің өзі де бізге ертеректе берген сұхбаттарының бірінде ағынан ақтарыла айтып берген болатын: «Актерге туа бітті таланттан бөлек, мінез де қажет. Самалдың бойында қолға алған ісін соңына жеткізбей тынбайтын қайсар да өжет мінез бар. Сырттай өте нәзік көрінгенімен, ішкі қуаты мықты. Ол жарқ-жұрқты басты планға шығарған иллюстратор емес, Самал – сезімнің актрисасы», деп баға бергені әлі есімізде. Ол шынымен солай. Себебі Самалдың бойында тазалығы мен шынайылығынан бөлек, айналасындағы құбылыстың барлығын көңіл көзімен көре алатын айрықша сезімталдығы бар. Бұл – әсіресе кино актрисасы үшін таптырмас қасиет.
Актриса айтады: – Мен ешқашан танымал боламын деп ойлаған жоқпын. Алдыма ондай мақсат та қойған емеспін. Мен үшін қашан да ойнаған рөлімнің саны емес, сапасы бірінші орында тұрды. Оқуға түскен сәттен-ақ Самал есімімді көрермен есінде қалдыратындай бір жақсы кино түсірілсе, содан басты рөл бұйырса екен деп армандадым, Алла тағала ол тілегімді «Айка» фильмінде орындады ғой деп ойлаймын. «Айкада» маған режиссёр 99,5 пайыз ірі планда экраннан көрінуіме, бойымдағы бар мүмкіндігім мен қабілетімді сынап көруге жағдай жасады. Ең бастысы, маған сенді. Мұндай рөл кез келген актрисаға арман ғой деп ойлаймын. Режиссер қолыма сценарийді бергенде мені ең бірінші «Айканың» тақырыбы, идеясы қызықтырды. Әрине, ауыр рөл екенін сездім. Алып шығу оңайға түспейтінін де білдім. Алайда мені ана мен бала арасындағы байланыс деген тылсым әлем қызықтырып, тәуекел етпесіме қоймады. Басында «Мұндай күрделі бейнені кемеліне келтіре кейіптеу қолымнан келе қояр ма екен?», «Кейіпкердің тауқыметке толы тағдырын өз деңгейінде аша аламын ба?», «Режиссер қойған үдеден шығу үшін не істеуім керек?» деген санадағы сан сауалдың іштей біраз сандалтқаны да бар. Режиссёрдің ұсынысынан бас тартпақ болған сәттерім де болды. Шынымен де оңай болмады. Айканың алты күндік ауыр тағдырын шынайы көрсету үшін үзіліссіз алты қыс түсірілім алаңында тер төктік. Режиссёр фильмнің әр деталін жіті ойластырды. Өзіңіз де білетіндей, картина Ресейде таспаланды ғой. Түсірілім жұмысы ұзақ әрі қиын жолдан өтті. Табиғаттың әр құбылысына сай эпизодтарымыздың көркемдігі мен шынайы шығуына мән бере отырып жұмыс істедік. Қар жауғанын күтіп, әр кадрдың барынша нанымды, өмірдің өзімен үндес болуы үшін жанымызды да, барымызды да салдық. Тіпті кей жылдары Мәскеуде қар жаумай қойған да кездер болды. Ондай сәт еріксіз жұмысымызды тоқтатты. Ал аяз сықырлап, қар жауған кездегі жұмыстың қиындығын тек сол жерде жүрген түсірілім тобы жақсы біледі. Қар аралас жаңбырда, боранда түсірілім жасадық. Тоңу, аяқтан су өту секілді қиындықтарға төзу ғана емес, актерлік ойынды да өз деңгейінде алып шығу керек болды. Оның үстіне, фильмнің жанры да ауыр. Осы қиындықтың барлығын еңсере жүріп кесек бейне тудыру, әрине, жеңіл болды деп айта алмаймын. Сондықтан да өзімді психологиялық тұрғыдан тиянақты түрде дайындадым. Ана атанған апаларыммен көп кеңестім. Перзентхана жағалап, тастанды балалардың тағдырын зерттедім. Фильмдегі ең ауыр сәт – перзентханадан қашып шыққан сәт. Баланың да, ананың да тағдыры қыл үстінде тұр. «Мұндай сәтте Айка емес, мен не істер едім?», «Тауқыметке түскен тағдырларды тығырықтан алып шығар жол бар ма?» деп өз-өзіме сұрақ қойдым, ойландым. Осының бәрін түйсіну, актриса ретінде алып шығу қазір айтуға ғана оңай. Бірақ ішкі түйсігім «Айканың» ғажап картина болатынына, әлемнің небір мықты киногерлері пікір білдіретін туынды боларына сенімді болдым. Тіпті додаға түскеннен-ақ мен фильмнің үздіктер қатарынан көрінетініне сендім. Алайда оның ішінде өзім дараланып шығамын деген ой болған емес. Өйткені Канн фестивалінде фильмдер тек бір аталым бойынша ғана марапатталады. Сахнадан мені фестивальдің үздік актрисасы деп хабарлағанда жылап жібердім. Ол ең әуелі қуаныштың көз жасы болса да, екіншіден, «жүлдені жалғыз мен емес, тұтас фильм алу керек еді ғой» деген ішкі өкініштің де көз жасы болатын. Бірақ сарапшылар солай шешкен екен.
Мен ойладым: Сенім алдамапты. Түсірілім жұмысы қандай ауыр жолдан өтсе, фильмнің жарыққа шыққан сәтінен бастап ол еңбек шығармашылық топты жарқын жеңіске бастады. Оның ең әуелгісі һәм бастысы – әлем киногерлері көз тіккен әйгілі Канн кинофестивалі еді. Қазақ қыздарының ішінен ең алғашқы болып суырылып шығып, кәрі құрлықтың ең беделді фестивальде мойындалуы, әлбетте, Самалдың атағын бір-ақ сәтте жаһанға мәшһүр еткен жұлдызды сәт болды. Иә, кейіпкер – қиялдың жемісі. Ал сол кейіпкерінің болмысы мен тауқыметті тағдырын миллиондаған, тіпті миллиардтаған көрерменге шынайы жеткізе білу – актрисаның шеберлігі һәм бақыты.
Актриса айтады: – Бір байқағаным, маған режиссёрлер тарапынан көбінесе тек бір амплуадағы, яғни аналардың рөлі ұсынылады екен. Ол сонау Қызылжардың Өнер колледжінде оқып жүргендегі «Қызғалдақ» фильміндегі рөлімнен бастап Айкаға дейін жалғасты. Ал Канн кинофестивалінен кейін отандық режиссёрлерден келіп түскен толассыз ұсыныстардың дені де негізінен аналар бейнесі екен. Олардың бірнешеуінде ойнап та үлгердім. Десе де актриса болғаннан кейін өзімді, мүмкіндігімді басқа да түрлі характердегі бейнелерде сынап, байқап көргім келеді. Ол актрисаның өсуі, дамуы үшін аса маңызды деп ойлаймын. Мәселен, маған жиі қойылатын сұрақтардың бірі: «Өзіңіздің әзірге балаңыз жоқ, бұл фильмдегі аналар бейнесін сомдауда қандай да бір қиындық тудырды ма?» деген сауал. Қиын екені рас. Бірақ екінші жағынан оның ұтымды тұстарын да көруге болатындай. Мысалы, егер мен Айканы ойнаған сәтке дейін ана атанған, перзент сүйген болсам, мүмкін кейіпкерімді дәл бұлай шығара алмас па едім деп те ойлаймын кейде. Өйткені ана бақытын сезініп, балаға деген махаббатты басынан өткерген адам шаранасын перзентханаға тастап кете алмас еді. Кино болған соң тастап кетерсің-ау, бірақ қимастық сезімі бәрібір ойынымның астарынан аңғарылып қалуы мүмкін еді. Себебі ана жүрегін алдау мүмкін емес. Осы жағынан келгенде маған бұл жағдай керісінше ұтымды болды. Мұны мен кәсіби көзқарас тұрғысынан айтып отырмын. Әйтпесе, Айканың ішкі көңіл күйін беруі қандай актрисаға да оңай емес. Өзім үшін әсіресе перзентті өмірге әкеле салғаннан кейін ананың сыртқы һәм ішкі күйзелісін беру, қақаған аяздағы оның тіршілікпен арпалысы, қалжыраған, әбден шаршаған күйін кейіптеу, солай бола тұра рөліңді нанымды жеткізу үшін іштей мықты болу тепе-теңдігін ұстау жеңіл болған жоқ. Бірақ сол қонтраст, қарама-қайшылығымен де «Айка» мені кәсіби тұрғыда шыңдады ғой деп ойлаймын. Қалай дегенде де бұл фильм шығармашылығымдағы тың тәжірибе болғаны сөзсіз. Әлі есімде, түсірілім жұмысы аяқталған соң режиссёрден: «Сергей мырза, мен актриса ретінде сіз артқан сенімнен шыға алдым ба, ойыныма көңіліңіз толды ма, тек шыныңызды айтыңызшы?» деп сұрадым. Сондағы Сергейдің «Иә» деген жалғыз ауыз жауабы мен үшін бүгінгі бағындырған барлық марапаттан да қымбат болатын. Өйткені ол ең әуелі менің актриса ретіндегі өз-өзіме мойындалуым еді.
Мен ойладым: Бір таңғаларлығы – қаншама даңқ биігінде жүрсе де, Самалдың сол баяғы қарапайым, биязы қалпын бір жоғалтпайтындығы. 22 жасынан бастап ұзақ жыл Мәскеу қаласын тұрақ етсе де туған елі мен ана тіліне, ұлттық құндылықтарға деген құрметін жоғалтпауы, қазақ тілінде тап-таза сөйлеп, ойын еркін жеткізе алуы да бізді ерекше толқытты. Тіпті қойған сауалдарымыздың өзіне байыппен, имене отырып жауап беруінің өзі актрисаның өз-өзіне қоятын талабы мен талғамының аса жоғары екендігін аңғартса керек. Әлі есімізде, Самалдан Канн кинофестивалінен жүлделі оралған соң араға біршама уақыт салып газетімізге сұхбат беруін өтінгенімізде: «Қарап отырсам, Канн фестивалінде жүлдегер атанған екі жылдан бергі кезеңде бар уақытымды негізінен журналистерге сұхбат беруге арнаппын. Енді осыған сәл үзіліс жасасам деймін. Тілдескісі келген көп журналистің ұсынысынан бас тартып та жүрмін. Ол тіпті де менсінбеушілік емес, дұрыс түсінсеңіздер екен. Мен дәл қазіргі сәтте уақытымның барлығын шығармашылыққа арнап, көрермендерім сүйсіне тамашалайтын өнер тудырғым келеді» деген еді. Сол сәт енді туғандай. Себебі қазір Самал танымал кино актрисасы ғана емес, театр сахнасын да еркін бағындырған шебер әртіске айналды. Астана қаласы Музыкалық жас көрермендер театрындағы жемісті шығармашылық қызметі соның айқын айғағы. Кейінгі уақытта тәуелсіз «Шам» театрының репертуарындағы «Конференция» спектаклінде де кесек бейне сомдап, көрерменнің қошеметіне бөленді. Мұның барлығы, әлбетте, жүйелі білім мен шығармашылық үздіксіз ізденістің жемісі болса керек.
Актриса айтады: – Қызылжардағы Өнер колледжін тәмамдағаннан кейін білім іздеп Мәскеуге қоныс аудардым. Ресейдің театр өнері институтына (ГИТИС) оқуға түсіп, білімімді шыңдадым. Сол жақта жүріп осы «Айка» фильмін таспаладық. Жалпы, мені жолы болған адам деп айтуға болатын шығар. Сонау талапкер күнімдегі құлағыма кездейсоқ шалынған скрипканың сырлы үні мені өнердің үлкен сарайына жетелеген екен. Жолым болып, өнер колледжінің студенті атандым, сәті түсіп Ресейдің театр өнері институтында білімімді шыңдадым. Режиссёр Сергей Дворцевоймен жолығуым – ол да бір тағдырдың теңдессіз тартуы. Оны мен әр уақытта қайталаудан жалықпаймын. Рас, Мәскеуге қоныс аударғанда да, оқуға тапсырғанда да түрлі сынақ болды ғой. Соның бір ғана мысалын айтсам, емтихан тапсырғанда Мәскеу оқытушылары: «Сіздің актёрлік шеберлігіңізді жоғары бағалап отырмыз. «Сахна тілі» пәнінің оқытушылары қабылдағысы келіп отыр. Бірақ үніңіздің бәсеңдігімен күресу керек» деп әрең қабылдаған болатын. Содан кейін-ақ мен өз-өзіммен үздіксіз жұмыс істей бастадым. Ал енді туған жерге деген сағынышқа келсем, әрине, алыста жүргенде Отаныңды, ауылыңды, ата-анаңды сағынасың ғой. Мен де сағындым. Жалпы, мен Мәскеуге түбегейлі тұрақтап қалу үшін емес, білімімді шыңдау мақсатында кеткен едім. Осы уақыт аралығында азаматтығым да өзгерген жоқ. Қарапайым қазақтың қызы болып қалдым. Қазір енді Астана қаласында Музыкалық жас көрермендер театрында қызмет етемін. Ойнап жүрген біраз рөлім бар. Кино саласын да қатар алып жүру ойда бар. Жақсы, сапалы сценарийлер болса, неге түспеске? Ұтымды ұсыныстың бәріне ашықпын. Сөз басында айтып өткенімдей, менің кино саласындағы өмірбаяным аса бай емес. Қоржынымда санаулы ғана фильм бар. Бірақ оған өкінбеймін. Мағынасыз көп фильмге түскенше, өзімді ел есінде қалатын жалғыз туындымен танытқым келді. «Айка» жарыққа шығып, үздік атанғаннан кейін отандық режиссёрлер тарапынан көптеген ұсыныс түсіп жатыр. Оларға сценарийді оқып, саралап алғаннан кейін, таңдап-талғап түскім келеді. Мен үшін мезеттік атақ маңызды емес. Ал қаржылық жағынан келсек, әрине ақша бәрімізге де керек қой. Бірақ өнерге ақша үшін келген жоқпын. Менің мақсатым басқа – экран мен сахнада өлмес өнер тудыру, сол арқылы өзімді дәлелдеу. Ал жұмыстан шаршап, жаңа бір серпіліс алғым келсе, онда үзіліс жасап жіберіп, бірден туған ауылым – Аралағашқа, ата-анамның қасына кетіп қаламын. Ол жақта өткен демалыстың орны да, жөні де бөлек. Жастайымнан жырақта жүргендіктен бе екен, ауылым десе шығарда жаным бөлек. Ол – менің мәңгілік сағынышым. Сол сағыныш үнемі шабыттандырады. Ендігі арманым – туған еліме қызмет ету. Бойымдағы бар өнерімді сарқып беріп, шығармашылық мүмкіндігімді көрермендеріме дәлелдеу. Бұған дейін Мәскеудегі оқуым дедім, одан кейін «Айка» фильмінің түсірілімі деп он жылдан аса Ресейді тұрақ еттім. Енді, міне, түбегейлі елге оралып, біраз жыл болып қалды Музыкалық жас көрермендер театрындағы қызметімді зор махаббат, құлшыныспен атқарып жүрмін. Ендігі мақсат – өнерге адал қызмет ету.
Әңгімелескен –
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»