• 02-04-2025

Қазақстан мен Словенияның сауда-экономикалық ынтымақтастығы кеңейеді

Транскаспий халықаралық көлік дәлізі жобасына Словенияның «Лука Копер» теңіз портын қатыстыру қажет. Бұл мәселені бүгін Мемлекет басшысы Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келген Словения президентімен талқылап, ортақ келісімге келді. Бұл теңіз айлағы жүктерді Еуропа нарығына тезірек және тиімді жеткізуге мүмкіндік береді. Осылайша Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырып, сауда мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашпақ. Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге келісті. Осы күнге дейін Словения Қазақстан экономикасына 200 млн доллар инвестиция салған.

Словения мен Қазақстан – тарихы, мәдениеті, географиялық ерекшеліктері әртүрлі болғанымен, экономикалық әлеуеті мен даму стратегиялары ұқсас екі мемлекет. Еуропаның қақ төрінде орналасқан Словения – заманауи технологиялар мен инновацияларды дамытуда алдыңғы қатарлы елдердің бірі. Ал Азия жүрегінде жатқан Қазақстан – табиғи байлықтарға ие, экономикасы қарқынды дамып келе жатқан мемлекет. Екі елдің ынтымақтастығы бүгінде берік арнаға түскенімен, алдағы уақытта оны одан әрі нығайтып, жаңа белестерге шығару мүмкіндігі зор.

Осы мүмкіндіктерді талқылау үшін Словения басшысы араға 15 жыл салып Қазақстанға ресми сапармен келді. Наташа Пирц-Мусар – Словенияның 5-ші Президенті. Бұл мемлекет егемендік алғалы осы лауазымға келген алғашқы әйел. 2022 жылы өткен Президенттік сайлауда тәуелсіз кандидат ретінде қатысып, жеңіске жеткен.

Еуропа төрінен ат терлетіп келген мейманды мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сый-құрметпен қарсы салды. Протоколға сай құрмет қарауылы сап түзеп, екі елдің әнұрандары шырқалды.

Бұдан соң тараптар делегация мүшелерін таныстырып, шағын құрамда келіссөз жүргізуге кірісті. Бүгінде Словения Қазақстан экономикасына 200 млн долларға жуық тікелей инвестиция салған. Қазір біздің елде осы мемлекет капиталының үлесі бар 19 компания сәтті жұмыс істеп келеді. Олар фармацевтика, машина жасау, телекоммуникация және жаңартылатын энергия көздері салаларында кәсібін табысты жүргізіп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Словениямен тығыз ынтымақтастық құруға ниеттіміз. Бұл – анық. Президент ретінде өзара мүддемізге сай келетін барлық саладағы байланысты нығайтуға күш-жігерімді саламын. Біз Словенияны Қазақстанның Балқан түбегіндегі негізгі және өте маңызды серіктестерінің бірі ретінде қарастырамыз. Сіздің елдің бизнес өкілдеріне және үкіметіңізге бірқатар ұтымды жоба ұсына аламыз.

Негізі осы сапар барысында Словения басшысы ауқымды делегациямен келген. Оның дені – бизнес саласының өкілдері. Осы ретте Наташа Пирц-Мусар қонақжайлық танытқагы үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдіріп, экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, өркендетуге мол мүмкіндік бар екенін жеткізді.

Наташа Пирц-Мусар, Словения президенті:

- Экономикалық ықпалдастығымыз артып келеді. Дегенмен бұдан да зор жетістіктерге жетеміз деп ойлаймын. Президенттер мен саясаткерлер арасындағы байланыстар әрқашан болашаққа бағдарланады. Өйткені саясаткерлер бизнестің көкжиегін кеңейтеді.

Екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастық болғанымен алыс-беріс көрсеткіші айтарлықтай жоғары деңгейде емес. Сауда-саттық 106 млн доллар көлемінде. Қос тарап та бұл сандарды еселеп ұлғайтуға дайын.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары — Ұлттық экономика министрі:

- Біз өз тарапымыздан оларға потенциалдық тауарлардың тізімін бердік. Қазақстаннан Словенияға экспортқа апаратын. Олар да бізге беріп жатыр. Енді жоспарда арамызда іскерлік кеңес құру жайы бар.

Словения – Қазақстанның Еуропадағы уақыт сынынан өткен сенімді серіктесі. Біздің ел словениялық бизнеске қолайлы жағдай жасауға ниетті. Ол үшін кәсіпкерлік қызметті реттеудің ашықтығын қамтамасыз ету, инвестицияны қорғау мен экономиканы әртараптандыру көзделіп отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев Наташа Пирц-Мусармен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізу барысында Словения басшысы сапарының маңыздылығына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сіздің бұл сапарыңыз екі ел арасындағы өзара ынтымақтастыққа тың серпін беру тұрғысынан өте маңызды. Жаңа ғана көптеген тақырыпты, оның ішінде халықаралық ахуалға байланысты кейбір нәзік мәселелерді талқылаған аса мазмұнды кездесу өткіздік. Біз екіжақты ықпалдастықты дамытуға ниетті екенімізді қуаттадық. Нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін бар күш-жігерімізді жұмсаймыз.

Өз кезегінде Словения Президенті Қазақстанмен арадағы әріптестікті қолдап, жаңа белестерге ұмтылуға дайын екенін айтты. Оның сөзінше, бұдан да жоғары жетістіктерге жетуге болады.

Наташа Пирц-Мусар, Словения президенті:

- Өзіңіз айтқандай, Словенияның Қазақстан экономикасына салған инвестициясының көлемі 200 миллион долларға жетті. Бірақ әлеуетіміз бұдан да зор. Осы себепті Астанаға менімен бірге Словенияның жетекші 25 компаниясынан құралған үлкен бизнес-делегация келді. Мен бұған қуаныштымын.

Қазақстан мен Словения географиялық тұрғыда бір-бірінен қашық орналасқанымен, екі елдің қарым-қатынасы достық және өзара сыйластық рухында нығайып келеді. Былтыр Любляна қаласында Қазақстанның Елшілігі де ашылған. Қазір қос мемлекет фармацевтика, жаңартылатын энергия, телекоммуникация бағыттарында маңызды жобаларды жүзеге асырып жатыр. Словения басшысының бүгінгі сапары барысында да тараптар бірқатар келісімдерге келді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Цифрландыру және инновация, жасыл энергетика, атом өнеркәсібі, денсаулық сақтау, туризм салаларында тың жобаларды жүзеге асыруға келістік. Қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдалану үшін Үкіметаралық комиссияның жұмысын жандандырып, оның қызметін жаңа деңгейге көтеруге шақырдым. Екі ел бизнес өкілдерінің байланысын тереңдету – маңызды міндеттің бірі. Осыған орай «Қазақстан – Словения» іскерлік кеңесін құру мәселесін талқыладық.

Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің мүмкіншіліктерін арттырып, көлік-логистика саласын дамытуға ерекше мән береді. Осы ретте тараптар осы дәлізге Словенияның «Лука Копер» теңіз портын қатыстыру жөнінде ортақ пікірге келді. Бұл портты пайдалану арқылы Қазақстанның жүктері Еуропа нарығына тезірек және тиімді жеткізіледі. Стратегиялық маңызы бар табысты қадам Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырып, сауда мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашпақ. Бұдан бөлек, тараптар мәдени-гуманитарлық ықпалдастық жайында да пікір алмасты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жалпы Словенияның білім беру жүйесі дүние жүзінде озық жүйе ретінде мойындалған. Сондықтан біз екі ел университеттері арасында байланыс орнатуға мүдделіміз. Қазақстан Словенияның жоғары оқу орындарымен және зерттеу орталықтарымен ынтымақтастықты нығайтуға дайын. Осы орайда еретең Словения Президентінің бастамасымен елордадағы мектептердің бірінде «Жаз бал аралары бейбітшілікті жақтайды» тақырыбы бойынша сурет көрмесі өтеді. Young bees — for peace.

Словения басшысының елімізге жасаған сапары барысында халықаралық және аймақтық өзекті мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. Атап айтқанда, қазіргі геосаяси жағдай талқыланып, тараптар ұстанымдарының ортақ екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Президент Пирц-Мусар екеуіміз әлемдегі қақтығыстарды Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысы мен халықаралық құқық қағидаттарына сай бейбіт жолмен шешу қажет екенін құптадық. Көпжақты құрылымдар аясындағы ықпалдастықты одан әрі күшейтуге мүдделі екенімізді растадық. Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының аймақтық орталығын ашу туралы бастаманы қолдаған Словения тарапына ризашылығымды білдіремін. Жалпы бүгінгі келіссөздер жемісті болды деп күмәнсіз айтуға болады.

Өз кезегінде Наташа Пирц-Мусар Словения тарапының барлық бағыт бойынша екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін мәлімдеді.

Наташа Пирц-Мусар, Словения президенті:

- Бүгінгі кездесулер, жалпы бұл сапар Словения мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың жаңа парағын ашады деп ойлаймын. Екі ел де өзара түсіністік пен құрметке негізделген халықаралық құқық, орнықты даму мен серіктестік қағидаттарын қолдайды. Мен бұған ризамын. Келешекте де осы бағытта жұмыс істей беретінімізге сенімдімін.

Қазақстан мен Словения Президенттері келіссөздер жүргізгеннен кейін Бірлескен мәлімдемені хабарлады. Бұдан бөлек, ресми делегация мүшелері бірқатар маңызды құжаттарға қол қойды. Ал кездесу соңында Словения президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты жақын арада Люблянаға сапармен келуге шақырды.

Авторлары: Риат Шони, Марат Диханбаев