• 14-06-2025

Астанада автобус апатынан үш адам зардап шекті

Астанада бағанаға соғылған автобустың үш жолаушысы қазір ауруханада жатыр . Әсіресе, жансақтау бөліміне жатқызылған 8 жастағы қыздың жағдайы ауыр. Оның екі аяғына ампутация жасалды. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан хабарлады.

Түрлі жарақаттармен жеткізілген тағы бір әйел жансақтау бөлімінде. Үшінші жолаушы стационарлық ем-дом қабылдап жатыр. Кеше түнде Астанадағы Республика даңғылымен келе жатқан жолаушылар автобусының жүргізушісі тізгінге ие бола алмай, жол бойындағы бағанаға соғылды. Оқыс оқиғадан 15 адам зардап шекті. Жедел жәрдем қызметінің 9 бригадасы оқиға орнына шұғыл түрде жетіп, жолаушыларға медициналық қызмет көрсетті. Апатқа қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Әйгерім Ардақ, Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:

- Жалпы алғанда толықтай қанша адамға көмек көрсетілгенін білмейміз. Ауруханаға жеткізілгенінің саны 15. Оның ішінде алтауы бала. Бірақ оның бесеуі дәрігерлік тексеруден кейін үйге жіберілді. Сол бір бала қазір бізде жансақтау бөлімінде. Өкінішке қарай, 2017 жылғы бала қатты зардап шеккен. Иә, аяғының төменгі жағының ампутациясы жүргізілді.

Эльмира Шәуленова, Астана қаласы ПД баспасөз қызметінің бастығы:

- Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін жан-жақты тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Астана қаласының Полиция департаменті жүргізушілерді жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтау және жолаушыларды тасымалдау кезінде мұқият болу қажеттігін ескертеді.