• 13-06-2025

Ресейге кіру ережелері өзгерді

2025 жылдың 30 маусымынан бастап қазақстандықтар Ресейге сапар шегу үшін жаңа талаптарға сай биометриялық тіркеуден өтуге міндетті. Авиакомпаниялар жолаушыларды әуежайға ертерек келуге шақырып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

2025 жылғы 30 маусымнан бастап Ресей Федерациясы шетел азаматтары үшін шекарадан өтудің жаңа тәртібін енгізеді. Енді Қазақстан азаматтары да Ресейге кіру кезінде саусақ іздерін тапсырып, суретке түсіп, міндетті биометриялық сәйкестендіруден өтуі тиіс.

Бұл туралы Vietjet Qazaqstan авиакомпаниясы (бұрынғы Qazaq Air) жолаушыларына ресми түрде хабарлады. Компания шекаралық бақылаудан өту кезінде кідірістер болуы мүмкін екенін ескертіп, жолаушыларға әуежайға кемінде үш сағат бұрын келуге кеңес береді.

– Биометриялық деректерді жинау 30 маусымнан бастап міндетті болады;
– Шетелдіктер ЕСИА жүйесінде (мемлекеттік қызметтер порталы) алдын ала тіркеліп, арнайы мобильді қосымшада сауалнама толтыруы қажет;
– Сауалнама ұшуға 72 сағат қалғанда жіберілуі тиіс.

«Біз жолаушыларымызға барлық рәсімдерден өтуге қосымша уақыт қарастыруды ұсынамыз. Бұл күтпеген кідірістер мен рейске кешігудің алдын алады», деді Vietjet Qazaqstan хабарламасында.

Жаңа талаптар Ресей Үкіметінің 2024 жылғы 7 қарашадағы қаулысы негізінде енгізіліп отыр. Биометриялық тіркеу – шетел азаматтарының елге кіруін бақылауды күшейту мақсатындағы пилоттық жобаның екінші кезеңі. Бұл жүйе қауіпсіздікті арттыруды және деректерді автоматты түрде тексеруді көздейді.

Сарапшылардың пікірінше, жаңа жүйе алғашқы кезеңде паспорттық бақылау ұзақтығының артуына, әуежайдағы ұзақ күтулер мен кідірістерге әкелуі мүмкін. Осыған байланысты жеке және іскерлік сапарлар кезінде алдын ала дайындалу қажет.

Жаңа тәртіпке қатысты толық ақпарат пен сауалнаманы толтыру нұсқаулығы Ресейдің мемлекеттік қызметтер порталында және мобильді қосымшада қолжетімді.

Жанель ТӨЛЕУБЕКОВА, ЕҰУ студенті