• 15-06-2025

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік Иранның ядролық нысанына соққы жасалғанын растады

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) басшысы Рафаэль Гросси Х әлеуметтік желісінде Ирандағы ядролық нысанға соққы жасалғанын растады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік Ирандағы жағдайды мұқият бақылап отыр. Агенттік Натанз қаласындағы нысан нысана қатарында болғанын растай алады", — деп жазды агенттік басшысы Рафаэль Гросси.

Сондай-ақ агенттік Иран билігімен радиация деңгейі бойынша өзара байланыс бар екенін айтты.

Бұған дейін БАҚ Израиль шабуылынан кейін Иранның Натанздағы ең маңызды ядролық нысанында бірнеше жарылыс болғанын, содан кейін әуе қорғанысы күштері жұмыс істеп жатқаны естілгенін хабарлаған.

РБК хабарлағандай, кейінірек Исфахан провинциясы губернаторы кеңсесінің қауіпсіздік және құқық қорғау қызметі басшысының орынбасары Акбар Салехи Натанз қаласындағы нысанға жасалған екі шабуылды да растап, "ерекше проблема жоқ және ядролық ластану туралы хабарламалар келіп түспегенін" мәлімдеді.

Израиль премьер-министрі Нетаньяху Иранға жасалған шабуылға қатысты түсінік бере отырып, операция мақсатының бірі Иранның ядролық бағдарламасын жою екенін мәлімдеді. Нетаньяхудың айтуынша, Иранның ядролық қару жасау бағдарламасы бар, яғни бұл ел оны тоқтатпаса, "ядролық қару жасай алады".

"Бұл Израильге нақты және шынайы қауіп. Біз Иранның ядролық қару бағдарламасының бір ұшына соққы бердік. Біз Натанздағы Иранның негізгі байыту нысанына соққы бердік. Біз Иранның бомбасы бойынша жұмыс істеп жатқан ирандық атом ғалымдарға соққы бердік. Біз сондай-ақ Иранның баллистикалық зымыран бағдарламасының жүрегіне соққы бердік", — деді Израиль премьер-министрі.