• 14-06-2025

Шахматшыларымыз Лондондағы әлем біріншілігіне қатысып жатыр

Қазақстандық шахматшылар Лондондағы әлем біріншілігіне қатысып жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Кәсіпқой және әуесқой ойыншылардан құралған отандық команда бір апта бойы жүлдеге таласады. Чемпионаттың жүлде қоры 500 мың еуро.

Шахматтың рапид және блиц түрі бойынша командалық халықаралық чемпионат бұған дейін елордада өткені белгілі. Биыл ол Ұлыбритания астанасында ұйымдастырылып жатыр. Жарысқа әлемнің ең үздік шахматшылары, гроссмейстерлері қатысып жатыр. Жүлде қоры жарты миллион еуро.

Әлем біріншілігі Халықаралық шахмат федерациясының қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Оған Қазақстан атынан KazChess, «Барыс» және 9 бен 18 жас аралығындағы жасөспірімдерден құралған Rookies атты 3 команда қатысып жатыр.

Дәрмен Сәдуақасов, Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті:

- Әзірге бірінші тур ғана ойналды. Біздің команда жеңіске жетті. Әрі қарай не болатынын алдына ала болжағымыз келмейді. Өйткені спортшылар ырымшыл халық.

Гүлмира Дәулетова, Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры:

- Құрама командасы барлық Қазақстан қалаларынан құралған. Әрине, көбіне Алматы және Астана. Бірақ соған қарамастан батыстан, солтүстіктен, оңтүстіктен жиналған спортшыларымыз бар.

Отандық құрамада бірнеше әлем чемпиондары бар. Меруерт Камалиденова – қыздар арасында классикалық шахматтан 14 жасқа дейінгі санатта үздік деп танылған спортшы. Еліміздің ең жас халықаралық гроссмейстері атанған ақтаулық шахматшы Эдгар Мамедов пен 20 жасқа дейінгі әлем чемпионы, гроссмейстер Қазыбек Нөгербектің те осында.

Қазыбек Нөгербек, «Барыс» ұлттық құрамасының капитаны:

- Қарсыластарымыз өте мықты. Үндістан командасы MGD1 және Арджуна Эригаиси. Ол әлемдегі ең мықты шахматшы. Нью-Йоркте қара фигуралармен жеңдім. Қазір не болатынын көреміз.

Үшінші рет ұйымдастырылып жатқан жарысқа дүниежүзінен 54 команда қатысып жатыр. Әрқайсысында 9 ойыншыдан бар, оның ішінде 1-еуі әйел және 1-еуі әуесқой шахматшы. Әлемдегі ең мықты гроссмейстерлерді біріктірген тәжірибелі неміс жаттықтырушысы Ян Густафссонның WR Chess командасы үздіктердің қатарында. Ағылшын құрамасы да осал емес.

Малкольм Пейн, ағылшын шахмат федерациясының халықаралық директоры:

- Қазақстан құрамасын жеңістен үміткер командалардың бірі деп білемін және сіздерден кешірім сұрағым келеді. Өйткені ағылшын құрамасында осында оқып жатқан қазақ студенті бар. Мұрат әуесқой ойыншы ретінде қатысып жатыр және оның әлеуеті өте зор.

Мұрат Омаров, ағылшын құрамасының мүшесі:

- Лондонға университетке оқуға келдім. Сол себептен мына жақта жарыстарға қатысып, шахматпен айналысып жүрмін. Мальком Пейн дейтін кісі бар екен. Мен соған жұмыс жасаймын. Сол мені «Англия құрамасының атынан ойнайсыз ба?», – деп өзінің командасына шақырды. «Иә», – дедім.

Қазақстандық команда алдыңғы жылы блиц бойынша үздік сегіздіктен көрінген. Биыл да жақсы нәтиже көрсетеді деген сенім бар. Жеңіске жеткен жағдайда жүлде қоры құрама мүшелерінің барлығына теңдей бөлініп берілмек.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы