• 19-06-2025

Бельгия үкіметі жұмыссыздықпен, масылдықпен күреспек

Бельгия үкіметі әлеуметтік төлемдерді қысқартып, ауқымды реформа жүргізбек. 20 жылдан астам уақыт «жұмыссызбын» деп жәрдемақы алып келгендер енді оңай олжадан қағылады. Себебі қазір адал еңбек етіп, елді көркейтудің орнына мемлекеттің есебінен күн көруге машықтанған масылдар көбейген .

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Әлеуметтік реформа қаңтардың 1-інен бастап бірнеше кезеңмен жүзеге асырылады. Биліктегілердің есебінше, 180 мың адам жұмыссыздық үшін берілетін жәрдемақыдан қағылады. Араларында 2, 8, тіпті 20 жылдан астам уақыт жұмыс істемей, мемлекеттің есебінен күн көргендер бар.

Енді масылдыққа жол жоқ. Ел азаматы 2 жыл ішінде жұмыс таппаса, жәрдемақыдан айырылады.

Шарль Де Бувон, тәуелсіз сарапшы:

Біздің ел осы уақытқа дейін өз тұрғындарын, бассауға сұрап келген басқа да халықтарды қаржылай жарылқап келді. Бұл масылдықты күшейтті. Мен елге не берём деп емес, керісінше елім маған тағы тегін не береді деп, алақан жаюшылар көбейді. Бұл — қасірет.

Оңай олжадан айырылғысы келмегендер үкіметтің үнемдеу саясатына қарсы. Бірақ Премьер-министр кабинеті алған бетінен қайтар емес. Cебебі Бельгияның мемлекеттік қарызы бүгінде 528 млрд еуродан асты. Сондықтан үкімет белбеуді буа тартып, 1 жыл ішінде мемлекеттік шығындарды 5 млрд еуроға қысқартпақ.

Дэвид Кларинваль, Бельгияның вице-премьері, еңбекпен қамту, экономика және ауыл шаруашылығы министрі:

30 жыл еңбек өтілі бар, 55 жастан асқан азаматтар жұмыссыздық үшін жәрдемақыны әрі қарай да алуы мүмкін. Бірақ ауырған кездері жұмыс істеген боп есептелмейді. Себебі Бельгияда «ауырдым» деп, медициналық анықтама алу өте оңай. Атаулы көмек жұмыс істеуге шын мәнінде қауқарсыздарға ғана беріледі.

Әлеуметтік ұйым өкілдері мұндай реформа елде кедейлердің санын көбейтеді десе, биліктегілер, тың өзгеріс азаматтарды жұмыс істеуге ынталандырады деп сендіреді. Министрдің мәліметінше, қазір еңбек нарығында 170 мың вакансия бос тұр. Медбике, дәрігер, жалпы 40 мамандық бойынша елде жұмыс күші жетіспейді.

Нұрсұлу Қасым