• 20-06-2025

Қытайда халықаралық кітап жәрмеңкесі басталды  

Еліміздің Конституциясы туралы кітап жарық көреді.

Жаңа оқулық балаларға арналады. Қазір бұл бағытта қазақстандық баспалар Қытайда тәжірибе алмасып жатыр. Бұл туралы Қытайда өткен Beijing International Book Fair – 2025 көрмесі кезінде белгілі болды. Дәстүрлі халықаралық кітаптар жәрмеңкесіне биыл Қазақстанның атынан «Алматы кітап» баспасы қатысуда.

Бейжің халықаралық кітаптар көрмесі баспа әлеміндегі ең ірі әрі маңызды оқиғалардың бірі. Көрме-жәрмеңке 1986 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл дүниежүзінің жетекші баспаларымен байланыс жасап, тиімді серіктестік орнатуға мүмкіндік беретін алаң. Биыл Қазақстанның атынан "Алматы кітап" баспасы қатысты. Ұжым қытайлармен бірлесіп бірнеше тың жобаны жүзеге асырады.

Гаухар Саймасаева, «Алматыкітап» баспасының президенті:

- Үш үлкен жоба. Бірінші өнерге байланысты. Екінші цифравизацияға байланысты. Ауылдық мектептердің кітапханаларын қалай цифрландырамыз? Соны талқылаймыз. Ал үшінші бүлдіршіндерге арналған біздің Конституция туралы кітапты шығару жолдарын осы жерде талқыланады.

Қазақстанның Конституциясы туралы кітап Ата заңның 30 жылдығына арнайы шығарылады. Оқулық заманауи үлгіде балалардың оқуына, түсінуіне барынша оңай әрі ыңғайлы етіп жасалады.

Гаухар Саймасаева, «Алматыкітап» баспасының президенті:

- Ертең біздер қол қоямыз келісім-шартқа. Үлкен Шэньчжэнь компаниясы. Онымен бірге біз үлкен мобильді планшеттер жасаймыз. Ол планшеттің ішіне барлық «Алматыкітап» шығаратын кітаптарын береміз. Содан кейін ана жерде көрдіңіз оқулықтарды береміз.

Жәрмеңкеге 1000-нан астам компания қатысып өз өнімдерін ұсынып жатыр. Іс-шарада көркемдік-танымдық, академиялық және білім беру бағытындағы шығармалар таныстырылуда. Көрмеге Абай туралы кітап пен ұлы ақынның шығармалары, қазақ ертегілері мен аңыз әңгімелері, мәдениеті мен өнері, табиғаты туралы туындылар қойылды. Отандық баспа өнімдері шетелдің жетекші компанияларының қызығушылығын тудырды.

Чжу Мин, C&C Joint Printing Beijing баспасының бас директоры:

- Біздің ең алғашқы іскерлік қарым-қатынасымыз 2005 жылдан басталды. Бүгінде тұрақты түрде тығыз жұмыс істеп келеміз. Қазақстандық әріптестерімізді жәрмеңкеде көргеніме қуаныштымын. Алдымызда қызықты әрі маңызды жобалар күтіп тұр. Бірлесіп жүзеге асыратын боламыз.

Жалпы Beijing International Book Fair жәрмеңкесіне қатысу қазақстандық авторлар мен олардың шығармаларын халықаралық сахнада танылуына жол ашады. Сондай-ақ жаңа оқырмандар мен инвесторлар тартуға мүмкіндік береді.

Руслан Бақытбекұлы