• 21-11-2025

Қазақстан мен Әмірлік кәсіпкерлері бас қосты

Қазақстан мен Араб әмірліктерінің бизнес қауымдастығы сауда-экономикалық ынтымақтастықты жан-жақты дамытпақ ниетте.

Қос тарап тек алыс-беріспен шектеліп қалмай, құрылыс және жылжымайтын мүлік жобаларын бірлесіп қолға алуды көздеп отыр. Бұл жайында Дубайда өткен іскер топ өкілдерінің дәстүрлі кездесуінде айтылды. Жиында еліміздің инвестициялық мүмкіндігі таныстырылды.

Араб әмірліктері – түрлі бизнес және іскер топ өкілдері тоғысқан

жер. Қалталы кәсіпкер көп. Солардың бір парасы «EurAsia Gulf» ұйымына біріккен. Бірлестіктің 200-ге тарта мүшесі бар. Олар айына кемі бір мәрте бас қосып, әр елдің инвестициялық әлеуетін бағамдап отырады Бұл жолы жергілікті бизнес қауымдастық қазақ дипломаттарымен кездесті.

Әлібек Алмабеков, Қазақстан-БАӘ іскерлік кеңесінің тең төрағасы:

- Қазақстанның инвестициялық ахуалы мен «CriptoCity» жобасын жүзеге асыру мәселелерін Дубайда орналасқан ірі бизнес өкілдеріне таныстырылды және олардың келешекте Қазақстанға келуі жоспарланып отыр.

Кездесуде Қазақстанның өндіріс, өңдеу және қызмет көрсету

саласындағы әлеуеті таныстырылды. Алыс-беріс тұрғысынан әріптестікті нығайту жолдары талқыланды. Осы күні Дубайдың ірі девелоперлік мекемелері Ақтау және Алматыда жылжымайтын мүлік жобасын жүзеге асыруға кіріскен. Әмірлік тарапы таяуда еліміздің атқарушы орган жетекшілерімен кездесіп, алдын ала келісімге қол жеткізді. Нақты нәтижесі алдағы уақытта белгілі болады.

Навар Абдул Вахед, «Еurasia Gulf» бизнес қауымдастығының бас атқарушы директоры:

- Біздің қауымдастыққа ай сайын Қазақстан жайлы көбірек білгісі келетін жаңа инвесторлар келеді. Олар осы елден серіктес іздейді. Мәселен дәл бүгінгі жиынға 50-ден астам мейман қатысып, үлкен қызығушылық білдірді. Жаз әрі демалыс маусымы болғанына қарамастан олардың саны біз ойлағаннан да көп болды.

Аяжан Сәрсенбаева, кәсіпкер:

- Кездесу керемет, ақпаратқа толы болды. Көп жаңалықтар естідік. Іске асып жатқан келісімшарттар туралы білдік және адамдармен танысып, жақсы уақыт өткіздік.

Жалпы жергілікті бизнестің мұндай форматтағы кездесуі дәстүрге

айналған. Оның аясында түрлі тақырыпта әңгіме өрбиді. Бірлестік биыл екінші рет Қазақстанның инвестициялық және экономикалық бағыт-бағдарына арнап басқосу ұйымдастырып отыр. Бұл тараптардың өзара тиімді ынтымақтастық аясын кеңейтуге деген ниетін аңғартады.

Рауан Мыңбай