• 21-11-2025

Полиция қызметкері жеткіншектің өміріне араша түсті

Жезқазғанда тәртіп сақшысы жеткіншектің өміріне араша түсті. Қоғамдық көлікте келе жатқан қыз бала кенет талып қалған. Сол сәт автобустағы жолаушылардың арасында полицей де болған екен. Азат Есенғабұлов дереу көлікті тоқтатуды өтініп, жасөспірімді сыртқа алып шығады. Оған алғашқы медициналық көмек көрсетіп, дәрігерлер келгенше қасынан кетпеген.

Сол күні Азат әдеттегідей жұмысына бара жатқан. Автобусқа кірген бойда жолаушылардан жәрдем сұраған әйелді көреді. Қыздың талма ауруымен ауыратынын ести сала дереу алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Күнделікті атқаратын қызметі кәмелетке толмағандарға қатысты болғандықтан, бұл ісін ерлікке баламайды.

Азат Есенғабұлов, ювенальды полиция инспекторы:

- Балалармен түсіндірме жұмыстарын жүргізу. Қылмыстық, әкімшілік құқықбұзушылықты болдырмау – алғашқы міндетіміз. Менің ойымша, адамға көмектесу керек. Алайда азаматтарға көмектесу полиция қызметкерлерінің міндетіне кіреді.

Азат Есенғабұлов жергілікті полиция басқармасында 11 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ювенальды полиция инспекторының қажырлы еңбегі ұжымға үлгі. Әріптестері оның жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, баланың құқығын қорғау бағытында жиған тәжірибесін бөлісуге дайын тұратындығына риза.

Балдырған Мамыраева, ювенальды полиция инспекторы:

- Өз ісіне адал, еңбекқор, барлық іске жауапкершілікпен қарайды. Жаны ашып тұрады, барлық балаға көмектескісі келіп тұрады. Қылмысты тез ашуға көмектесуі жағынан біліктілігі өте жоғары.

Кейіпкеріміздің айтуынша, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі полиция инспекторының жұмысы кәсіби біліммен қатар шыдамдылықты, бастысы балалардың тағдырына шынайы жанашырлықпен қарауды талап етеді. Сондықтан өз қызметін абыроймен атқаруды міндетіне балайды.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Елизавета Шалина, Нұрдәулет Аманкешов