Жетісу облысында таулы аймақ өртенді
Жетісу облысына қарасты Алакөл ауданы Көкмойын шатқалындағы таулы жерлерде құрғақ шөп отқа оранды. Қазір ...
Психологтарға жүгінетіндердің саны азайды. Себебі жан сырын жасанды интеллектіге бөлісетіндер көбейген. Оған чат-боттың кез келген мезетте қолдау көрсетуге қолайлы болуы себеп. Қолыңызда тек ұялы телефон мен интернет қосулы болса жеткілікті. Қас-қағым сәтте сырласыңызға айналатын онлайн бот шынайы психологтың орнын баса ала ма?
Астаналық Ләззат Амангелді көпбалалы ана. Ол психологқа барып шығындалғаннан көрі жеке мәселелерін чат-боттың көмегіне жүгініп шешкенді жөн санайды. Тіпті отбасының көмекші құралына айналып, өзінің айнымас кеңесшісі болып қалғанын да жасырмады. «Адамға айта алмаған жан сырымды бот-психологқа айтқан кезде өзімді әлдеқайда жақсы сезінемін», – дейді кейіпкеріміз.
Ләззат Амангелді, қала тұрғыны:
- Қазіргі таңда психологқа жүгіну өте қымбат. 40 мыңнан жоғары басталады. Үйде отырып-ақ бүкіл сұрақтарымызға жауап аламыз. Қызым мен сыныптастары арасында дау болса, үйге келіп маған айтады. Екеуіміз отырып, барлық мәселені чат-ботпен шешеміз. Себебі баланың өз-өзіне берген бағасын түсірмейді, әрқашан қолдап отырады. Жүйелі түрде бәрін түсіндіріп, талдап отырады.
Психологтардың айтар өз уәжі бар. Олар онлайн-бот ешқашан өздерінің орнын алмастыра алмайтынына сенімді. Олар жағдайды сараптай алады, бірақ адамның ішкі әлемін, интонацияны, үнсіздікті, көз жасты сезбейді. Қиын сәтте адамның нәзік эмоционалды нюанстарын түсінбей, аса қауіпті кеңестер беруі мүмкін екенін ескертеді.
Үміт Исмаилова, психолог, психофизиолог:
- Чат-боттың бір қауіпті жері бала мен ата-ана арасындағы қарым қатынасты, дос пен достың арасындағы қатынасты, үлкен мен кішінің арасындағы қарым-қатынасты, сырласуды жойып жіберетін болды. Келешекте бұл бізді үлкен иллюзияға әкелуі мүмкін немесе біз болашақта адамдар арасындағы қатынастың күрделі формасына көшуіміз мүмкін.
Деректерге жүгінсек, бот-психологтың көмегіне жүгінетіндердің саны күн санап артып келеді. Бұл қосымша әлем бойынша 1 айда 46 млн рет жүктеліпті. Ақпан айымен салыстырғанда 28 есеге көп. Жауапты мамандар ақпаратты сараптай білу керек екенін айтады. ЖИ өзіне келіп түскен ақпараттың ортақ жүйесін ғана шығарады дейді. Нәтижесінде психологиялық кеңес жалпылама ақпаратпен шектеледі екен.
Махат Ырысбеков, IT маманы:
- Егер сұрақты психологиялық, кез келген мамандық бойынша қоятын болсақ, бұл жерде бір момент бар. Әр адамның критикалық ойлау жүйесі болу керек. Алып жатқан ақпарат қаншалықты дұрыс. ChatGPT, кез келген нейросеть біздің көңілімізді қалдырмау үшін жауап береді. Көбіне ол жерде өтірік ақпарат.
Бір түйгеніміз, чат-бот тыңдай алады, кеңес бере алады, бірақ жаныңды толық түсіне алмайды. Мүмкін болашақта жасанды интеллект шынайы жан сырын сезінуді де үйренер. Бірақ әзірге жүректі жүрек қана түсінеді.
Авторы: Асыл Қуанышбекқызы