• 21-11-2025

Қостанай облысындағы төрт ауылға ауызсу желісі тартылып жатыр

Биыл Қостанай облысының Әулиекөл ауданында 4 елді мекенге ауызсу құбыры тартылып жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Бұл жұмысты жыл аяғына дейін аяқтау жоспарланған. Әкімдіктегілердің айтуынша, жобалар толық іске асқанда аудан халқы 100% таза сумен қамтылады.

Әулиекөл ауданында 33 елді мекен бар. Ресми дереккке сүйенсек, соның алтауы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Қалғандарында су тарату пунктері орнатылған. Биыл тағы төрт ауылға су құбыры тартылып жатыр. Соның бірі – Көктал ауылы.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Көктал ауылына дейін 9 шақырымға жуық су құбыры тартылып жатыр. Бүгінгі күнге дейін соның үштен бірі өткізілген. Мердігерлер бұл жобаны жыл соңына дейін толық аяқтаймыз деп отыр.

Ғани Бекболатов, медігер компания өкілі:

- Бұл жерде алдымен электр желісі тартылды. 8 шақырым 200 метрдей. Өзеннің арғы бетіне барады. Өзеннің арғы бетіне трансформатор қойылған. Сол жерде 33 метрлік екі бұрғылау ұңғымасы қазылып қойды әзірше. Қазіргі таңда сол алаңның жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұл ауыл тұрғындары әлімсақтан құдық суын тұтынып келеді. Айжан Қуанышбайқызының осы Көкталға келін болып түскеніне жиырма бес жыл болыпты.Содан бері қысы-жазы құдықтан су тартып, тасып ішеміз-дейді. «Енді біздің ауылға да өркениеттің игілігі жетер күн жақын», - деп қуанып жүр.

Айжан Қуанышбайқызы, Көктал ауылының әкімі:

- Боранды күндері қиын. Аязды күндері тасимыз. Боранды күндері семьямен шығып, тасимыз. Өзімнің 6 балам бар. Жақсы болар еді, кіргізсе, әзірше кіргізген жоқ. Келіп қалса деп, бетонын құйып, бір бөлмені дайындап жатырмыз. Септикті қазып, құбырларын шығарып қойдық.

Жергілікті әкімнің айтуынша, жобаның бірінші кезеңінде ауылға құбыр тартылып, су тарату пункті орнатылады. «Одан кейін тіршілік нәрін әр үйге кіргізу жоспарда бар», - дейді. Биыл Әулиекөл ауданында Көкталдан бөлек тағы үш елді мекенге су желісі өткізіледі. Бұл мақсатқа бюджеттен 2 миллиард тенгеден астам қаржы бөлінген. Биыл ел қазынасынан қосымша тағы берілді.

Дүйсенбек Боранбаев, Әулиекөл аудандық құрылыс бөлімі басшысының м.а.:

- Осы маусымның аяғында бізге республикадан тағы да қаражат беріп жатыр. 2 миллиардтай беріп жатыр. Өйткені алдыңғы бөлінген қаражат соңына дейін жетпеді де, соған қайтадан беріп жатыр. Осы маусымның аяғында бөлінді, біздің шотқа түсіп тұр.

Ал облыс бойынша биыл 20 елді мекен орталықтандырылған су жүйесіне қосылады. 13 ауылда су тарату пунктері орнатылады. «Осы жобалар іске асқанда ауыл халқы толық таза ауызсумен қамтылады», - дейді жауапты басшылар.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг