• 01-08-2025

Шымкентте тірек қимылы аппараты бұзылған 18 бала аяққа тұрды

Шымкентте тірек қимыл аппараты бұзылған 114 балаға оңалту терапиясының жаңа әдісі сәтті қолданылды . Заманауи құралдар мен тұрақты жаттығулардың арқасында 18 жеткіншектің өмір сүру сапасы жақсарып, аяғына нық тұрған. Пилоттық жобаны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен бірлесіп жүзеге асырған.

Дәмира Айтбайқызына баласының алғашқы қадамдары сенімсіз болса да, шексіз үміт сыйлады. Айтуынша, церебралды сал ауруына шалдыққан ұлын емдету үшін түрлі оңалту терапиясынан өткізген. Алайда «оң нәтиже заманауи құрылғыларды қолданғаннан кейін байқалды», – дейді.

Дәмира Айтбайқызы, қала тұрғыны:

- Алдында біз вертикализатор алғанбыз. Содан бала 6 айда тұрды. Біз де кішкене нәтиже көрдік. Одан кейін «ходунокқа» айырбастады. Міне, балада өзгеріс бар. Аяққа тұрып жатыр. Жаймен қадам басып жатыр.

Тірек қимыл аппараты бұзылған 114 бала осындай инновациялық-техникалық құралдардың игілігін көрді. Оларға жеке жаттығулар тағайындалып, тұрақты бақылауға алынды. Нәтижесінде оның 18-і аяққа нық тұрып, қалғанының қимыл-қозғалысы шираған.

Ләззат Шыңғысбаева, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрағасы:

- Әлемдегі нарықта бар жақсы нәрсені Қазақстанға алып келіп жатырмыз және де біздің серіктестеріміз мамандарды оқытып жатыр. Өйткені құрал-жабдықтарды алып келу мәселе емес. Оны оқытып, дұрыстап пайдалану керек.

Пилоттық жобаны «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры қаржыландырды. Жалпы Шымкент пен Қызылорда, Павлодар, Абай облыстарындағы мүгедектігі бар 306 бала оңалту шараларына тартылған. Енді салалық министрлікте оның нәтижесі сараланып, әдістемелік негіздеме жасалады.

Виктория Шегай, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:

- Заңнамалық деңгейде тиісті өзгерістер болады. Біз бюджет мүмкіндігіне қарай отырып, осындай инновациялық оңалту құралдарын енгізуіміз керек және оңалту әдістерін барлығына қолжетімді етуге күш саламыз.

Пилоттық жобаның екінші кезеңінде ғылыми негіздемеге басымдық беріледі. Мамандардың айтуынша, оның тиімділігі мен әдістемесі Үкімет деңгейінде сәтті қорғалса, өзге де өңірлерге енгізіледі.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Беймұратов