• 01-08-2025

Қызылордада 107 автокөліктің кілті тапсырылды

Қызылордада су және балық шаруашылығы, мал шаруашылығы мен ветеринария қызметкерлерінің күні аталып өтті. Сала өкілдеріне 100-ден астам жаңа автокөлік пен арнайы техниканың кілті табыс етілді. Ал «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» атты салтанатты шарада саланың үздік қызметкерлеріне құрмет көрсетілді.

Су және балық шаруашылығының, мал шаруашылығы мен ветеринарияның материалдық-техникалық базасын жаңартуға барлығы 107 бірлік қызметтік автокөлік пен арнайы техника сатып алынды. Көліктердің басым бөлігі аудан орталықтары мен шалғай ауылдарға берілді.

Талғат Әлиев, Бұқарбай батыр ауыл округі ветеринарлық пункт меңгерушісі:

- Біздің Жалағаш ауданына екі автокөлік беріліп жатыр, бірі Бұқарбай батыр ауыл округіне, екіншісі Мырзабай ахун елді мекеніне беріліп жатыр. Көлік ветеренария қызметін жақсарту үшін, жұмысты жеңілдету үшін, жандандыру үшін, халыққа қызметті жақсарту үшін беріліп жатыр.

Шара барысында жергілікті тауар өндірушілер өңірдің балық, ет және су индустриясы кәсіпорындарының қалыптасу тарихын баяндайтын көрме ұйымдастырды. Еңбек майданында табысқа жеткендерді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев құттықтады. Әр саланың жетістіктері мен міндеттерін атап өтті.

Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда облысының әкімі:

- Қызылорда – аграрлық аймақ. Оңтүстік аймақтар үшін ең басты мәселе – су ресурстарын ұтымды әрі тиімді пайдалану. Суды үнемдеу технологияларын енгізу, су жүйелерін цифрландыру, әсіресе егін шаруашылығында күріштен басқа дақылдарды тамшылатып суару көлемін ұлғайту – бүгінгі күннің басты талабы.

Жиын соңында аймақ басшысы үздік мал өсірушілер мен ветеринарларға, су және балық шаруашылығы қызметкерлеріне арнайы марапаттар табыстады.

Авторлары: Серік-Ибраһим Орынбек, Ақан Алиев, Айтмұхамбет Байдулдаев