• 01-08-2025

Жанармай бағасы көрші елдермен теңестіріледі

Жанармай бағасы қымбаттайды. Бірақ бірден емес. Ақырындап көрші елдермен теңестірілмек. Бұл туралы үкімет басшысының бірінші орынбасары мәлімдеді. Роман Склярдың сөзінше қазір бензин мен дизель бізде арзан болғандықтан сыртқа көптеп кетіп жатыр. Транзиттік көліктер де жанармайды толтырып әкетеді. Әзірге тапшылық жоқ. Тек авиациялық керосинге деген сұраныстың артуына байланысты шет елдерден сатып алып жатырмыз.

Роман Скляр, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

Жанармай сыртқа сатылып кетпеу үшін бағасын біртіндеп көршілес елдермен теңестіреміз. Ал ішкі өндіріс ұлғайту жоспарына келсек, Шымкент мұнай өңдеу зауытының екінші кезегін салу жоспарланып отыр. Бұл Шымкентте мұнай өңдеу көлемін 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Павлодар және Атырау зауыттарының қуатын арттыру бағытында іс-шаралар қолға алынады.

Жаңа Салық кодексі тұрғын үй бағасына әсер етпейді

Ал жаңа Салық кодексі күшіне енген соң тұрғын үй бағасы қымбаттамайды. Роман Скляр баспана нарығы қатты құбылмайды деп сендірді. Жаңа заң ірі құрылыс компанияларының жоғары пайда табу мақсатында бизнесті бөлшектеу тәжірибесін тоқтату керек. Тұрғын үй бағасы реттеліп отырады. Дегенмен ол әкімшілік емес нарықтық әдістермен жүргізіледі. Еске салсам, 2026 жылдан бастап құрылыс компаниялары 16 пайыз қосымша құн салығын төлеуге міндеттеледі.

Шерхан Жамбылұлы