• 03-09-2025

Кенбаевтың көркем мұрасы

Мемлекеттік орталық музейде қазақ бейнелеу өнерінің дара тұлғасы, көрнекті суретші Молдахмет Кенбаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған «Жарқын бояулар шебері» атты көркемөнер көрмесі есік ашты.

Қазақ бейнелеу өнерінде ай­­­шық­ты із қалдырған дәулетияр дарын иесі – ХХ ғасырда ұлт өне­ріндегі жаңа көркемдік дәуір­дің бас­­­тауында тұрған, ұлт­тық бейнелеу өнерінің негізін қалау­­шы­лар­дың бірі. Ол отандық сурет әлемі­нің қалыптасуына жол ашып, тұ­тас бір буын суретшілеріне ұстаз бола білді.

Кенбаевтың шығармашылығы тек кескіндемемен шектелмейді. 1960–1980 жылдар аралығында елімізде қоғамдық ғимараттарда мозаика өнерінің дамуына айрық­ша үлес қосты. Оның монументалды шығармалары бүгінде Қа­зақ­стан сәулеттік келбетінің ажы­рамас бөлігіне айналған.

Музей ұжымы көрменің бас­ты мақсаты ұлт рухания­тына сүбелі үлес қосқан көр­кемөнер шеберінің бай мұра­сын ұлықтап, келешек ұр­паққа насихаттау екенін ай­тады. Экспозицияда халық сурет­ші­­сінің 100-ге жуық таң­даулы туын­­­дысы ұсынылған.

д

Іс-шараға Алматы қаласы әкімдігі, ғылыми және шығар­ма­шылық зиялы қауым өкілдері, мәдениет пен өнер қайраткерлері, сондай-ақ Молдахмет Кенбаев шығармаларына құрметпен қарайтын өнер жанашырлары қатысты. Көрменің ашылу салтанатында сөз алған Мемлекеттік орталық музейі директорының міндетін атқарушы Сержан Саров даңқты суретшінің мұрасы өнертанушылар үшін өрелі қазына екенін айтып, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтауын жет­кізді. Сондай-ақ Кенбаевтың ұлттық өнердегі орны мен музей қорындағы туындыларының тарихи маңызын ерекше атап өтті.

«Кенбаев шығармаларында ұлттық сарын ерекше басымдыққа ие. Оның әрбір туындысынан қазақ халқының салт-дәстүрі, дүниетанымы мен рухани болмысы айқын аңғарылады. Суретші тарихи тақырыптарды, халықтың өмір салтын, тұрмыс-тіршілігін шебер бейнелеп, ұлттық өнерде өзіндік өрнегін қалыптастырды. Оның кескіндемелік туындылары мен мозайкалық паннолары – ұлт мәдениетінің шынайы айнасы іспетті. Кенбаев үшін бейнелеу өнері – тек эстетикалық құндылық қана емес, сонымен қатар, қазақтың рухын танытатын, ұрпаққа жол сілтейтін мәдени мұра» дейді Сержан Саров.

Салтанатты кеште өнертану кандидаты, доцент, «ARK» көр­кемөнер галереясының негізін қалаушы әрі директоры, КСРО Сәулетшілер одағының лауреаты Елизавета Малиновская мен Қазақстан Суретшілер одағы хатшылығының мүшесі Әсия Хайрулина, Алматы қаласы Мәдениет басқармасының орынбасары Арман Халбеков суретші шығармашылығы хақында жылы лебіздерін жеткізді.

о

«Молдахмет Кенбаевтың қолтаңбасында философиялық күш жатыр. Ол халқының арман-мұратын өнердің заманауи үдерістерімен үйлестіре алды. Халық суретшісі атақ-даңққа бірден жете салған жоқ. Оның өмірі мінезі мен шеберлігін шыңдаған қиын­дықтар мен сынақтардан тұра­ды. Шығармашылық жолы­­­ның ең алғашқы күнінен бас­тап туын­ды­ларының басты тақыры­бын қазақ мәдениеті мен ұлтының рухани бейнесіне арнады», дейді өнертанушы Санжар Сырғабаев.

Көрменің ұйымдастырушысы әрі әке өнерін жалғастырушы Алпамыс Молдахметұлы жинал­ған қауымға шынайы алғысын білдіріп, әкесінің шығар­ма­шылық жолы мен рухани мұра­сы тура­лы естеліктерімен бө­ліс­ті. М.Кенбаевтың «Целина» атты туын­­дысы суретшінің отбасы атынан Мемлекеттік орталық музей қорына сыйға тартылды. Бұл шығарма музейдің кескіндеме топтамасын толықтырып, ұлт­тық бейнелеу өнерінің алтын қорын байыта түспек.

Сонымен қатар Кенбаевтар отбасы Орталық музейге сурет­шінің ұлттық бейнелеу өнері саласындағы жетістіктерін дәлел­дейтін дипломдарын, мара­пат­тары мен сертификаттарын сыйға тартты. Бұл заттар шебер­дің жеке музейлік кешенін қалып­­тас­­­тырып, Кенбаевтың көр­кем мұрасын сақтау, қорғау және насихаттау жұмыстарына да зор септігін тигізетіні анық.

АЛМАТЫ