• 21-11-2025

Өскемендік студенттер жасанды интеллектіні меңгереді

Шығыс Қазақстандағы кәсіптік- техникалық білім беретін оқу орындары цифрланған өндіріске қажетті мамандар даярлап жатыр. Студенттер қашықтан басқарылатын станоктарды, агро-дрондарды меңгеріп, жасанды интеллектінің қыр-сырын алғашқы курстан бастап үйренеді. Оқу орындарының да базасы уақыт талабына сай жаңғырады. Бұл мақсатқа бюджеттен 300 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді.

Электр маманы сандық технологияның тілін меңгерген бағдарламашы да болуы тиіс. Бұл – уақыт талабы. Өскемендегі политехникалық колледж студенттері қазір конвейерді басқару бағдарламасын жасап, машиналардың жұмыс сызбасын модельдеуде. Болашақ техник Александр Энгель қазірдің өзінде жасанды интеллектпен басқарылатын жүйелерді қадағалай алады.

Александр Энгель, Политехникалық колледж студенті:

– Өндірісте ақау болмауын қамтамасыз ету үшін жасанды интеллекті бар станцияларға маман дайындайды. Болашақта сандық технологияны жақсы меңгерген адамдар ғана сұранысқа ие болады деп ойлаймын.

Озық технологияның тілін білетін жас мамандарға елімізде сұраныс жоғары. Мысалы, өскемендік түлектер Жамбыл облысындағы жел электр станциясын салуға үлес қосып жүр. Ал өңірдегі зауыттарда 5 мыңнан астам студент тәжірибе жинауда.

Наталья Макридина, кәсіпорынның даму жөніндегі директоры:

– Бізге кадрлар өте қажет. Жыл сайын шамамен 20 студентті қабылдап, өндірістік тәжірибеден өтуге жағдай жасаймыз.

Қазір колледждермен 200-ден астам кәсіпорын тығыз байланыс орнатқан. Кәсіпкерлер болашақ кадрлардың бәсекеге қабілетті болуына басымдық беріп отыр.

Әлима Ақылбек, облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:

– Облыстың бюджетінен жарақтандыру үшін 384 млн ақша бөлінді. Жаңадан қондырғылар плу үшін және материалдық техникалық базасын көбейту үшін, сонымен бірге 178 миллион колледждердің жағдайларын жақсартуға, яғни ремонт жұмыстарын жасауға бөлінді.

Өңірде білікті мамандарды даярлау ісі жүйелі түрде жетілдірілуде. Бұл бағытта 5 колледжде алдағы жылдары еңбек нарығында сұранысқа ие болатын жаңа мамандықтар ашылды. Мәселен, бүгінде жасөспірімдер агро-дронды еркін меңгеріп, заманауи технологияларды тәжірибе жүзінде қолдана бастады.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Вячеслав Ветлугин, Жігер Бабақанов