• 13-03-2025

Шымкенттің су қорғау аймақтарында екі мыңнан астам түрлі нысан орналасқан

Шымкенттегі су қорғау аймақтарында екі мыңнан астам түрлі нысан орналасқан.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің талдау нәтижесінде бұл нысандардың заңсыз салынғаны анықталды. Мұның басты себебі мегаполисте суды қорғауға қатысты ереженің ұзақ жылдар бойы болмауы.

Былтыр әкімдік бас жоспарға сәйкес жаңа құжатты бекітті. Енді су айдындарының жанындағы құрылыс нысандары 35 метрден жақын тұрғызылмауы тиіс. Алайда су қорғау аймақтарында бұған дейін салынған ғимараттардың тағдыры қандай болмақ?

Су айдынына жақын салынған тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандар енді заңсыз құрылыс тізіміне енеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі мегаполисте осындай 2 мыңнан аса нысанды анықтаған. Олардың барлығы су қорғау аймақтарында орналасқан.

Жандос Бекасанов, қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің басқарма басшысы:

- 6 жылдан астам уақыт бойы ресми түрде белгіленген су қорғау аймақтары мен белдеулерінің болмауы олардың шекараларында заңсыз құрылысқа жағдай жасаған. Арал-Сырдария бассейндік инспекциясымен құрылыс жұмыстары келісілмеген.

Былтыр әкімдік суды қорғау туралы қаулыны бекітті. Қазір өзендердің жағалауында құрылыс жұмыстарын жүргізуге тыйым салынған. Бірақ 2013 жылы көптеген жер учаскесі жеке меншікке өтіп кеткен, дейді қалалық сәулет басқармасы. Дегенмен бұған дейін салынған нысандардың бұзылмайтынын айтады.

Лариса Смирнова, қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының бас маманы:

- Жаңа қаулы бекітілгенге дейін салынған нысандарға қатысты шектеулер бар. Мысалы, олар басқа құрылыс жұмыстарын жүргізе алмайды. Ауласын кеңейте алмайды. Қандай да бір шағым түссе ол аумақ міндетті түрде тексеріледі.

Ұзындығы 15 шақырым Қошқар ата өзені бұрын Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастрына енгізілмеген. Осының салдарынан өзенге жақын жерде құрылыс жұмыстары жүргізілген. Енді ереже өзгерді.

Әбілқайыр Оңғар, қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы:

- Қазіргі таңда 35 метр мен 50 метр аралығында өзен жағалауында жаңа құрылыс жұмыстарын жүргізуге тыйым салынатын болады. 2025 жылы қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, «Таза Қазақстан» акциясы аясында Қошқар ата жағалауын абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Осы абаттандыру жұмыстарына сәйкес біз заңсыз шығып кеткен қоршауларды, хоз.постройкалардың барлығын реттеп, осы өзеннің айналасын бекіту жұмыстарын жүргіземіз.

Өзен жағасына жақын орналасу қауіпті, дейді мамандар. Су басу қаупі бар аймақтарды зерттеген құтқарушылар қазірдің өзінде жүзге жуық адам тұратын 15 жеке тұрғын үйдің қауіпті аймақта екенін анықтады.

Асланбек Шығыр, Катерина Попкова, Нұрмахан Бекмұратов, Самат Нағашыбекұлы