• 14-03-2025

Дариға Назарбаева мен Тимур Құлыбаев "Астана Опера" театрының қамқоршылық кеңесінен шығарылмақ

Мәдениет және ақпарат министрлігі "Астана Опера" театры Қамқоршылық кеңесінің құрамын жаңарту туралы қаулы жобасын дайындады. Құжат "Ашық НҚА" порталында жарияланды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Астана Опера" мемлекеттік опера және балет театры" коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қамқоршылық кеңесінің құрамы Қазақстан Республикасы үкіметінің 2013 жылғы 22 мамырдағы №512 қаулысымен бекітіліп, 2021 жылғы 1 маусымдағы №362 қаулысымен оған өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Қазіргі уақытта Қамқоршылық кеңестің жекелеген мүшелері қаулыда көрсетілген лауазымдарды атқармайды. Кадрлық ауыс-түйіске байланысты Қамқоршылық кеңестің құрамына өзгерістер енгізу қажет болды. Ұсынылып отырған қаулы жобасының мақсаты —кеңес құрамын жаңарту", — делінген құжатта.

Кеңестің ескі тізімінде Дариға Назарбаева (Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты ретінде), Тимур Құлыбаев ("Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы), Алмасадам Сәтқалиев (қазіргі уақытта Қазақстан Энергетика министрі), Александер Машкевич (ERG Sarl басқарушылар кеңесінің төрағасы), Кеңес Рақышев (Fincraft Resources АҚ директорлар кеңесінің төрағасы), Нұрлан Смағұлов (Astana Group холдингінің президенті) және т.б. бар.

"Астана Опера" мемлекеттік опера және балет театрының Қамқоршылық кеңесінің жаңа құрамына:

  • Қазақстан Республикасының мәдениет және ақпарат министрі;
  • Астана қаласының әкімі;
  • "Астана Опера" мемлекеттік опера және балет театры" коммерциялық емес акционерлік қоғамының директоры (келісім бойынша);
  • Әбләзімов Бахаридин – "ҚазАзот" акционерлік қоғамының директорлар кеңесінің төрағасы (келісім бойынша);
  • Баталов Райымбек – Қазақстан Республикасының "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының міндетін атқарушы (келісім бойынша);
  • Жақыпов Нұрлан – "Самұрық-Қазына" акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы (келісім бойынша);
  • Ибрагимов Шухрат — ERG S.a.r.l. директорлар кеңесінің төрағасы, бас атқарушы директоры (келісім бойынша);
  • Хойтинк Сегер — Agip Karachaganak B.V. компаниясының төрағасы және басқарушы директоры (келісім бойынша) енді.

Қаулы жобасы 2025 жылғы 3 сәуірге дейін қоғамдық талқылауға шығарылып отыр.