• 14-03-2025

Көп сөйлесудің пайдасы қандай?

«Он күнәнің тоғызы тілден», — дейді . «Көп сөйлеген көптен айырылады» деген тағы бар. Бірақ көп сөйлеген баланы, көп сөйлеген адамды тыйып отыру қаншалықты дұрыс? Әрине әңгімеңіз жарасса, кең көсіліп дүкендесудің артықтығы жоқ-ау. Ауыз өзіміздікі емес пе?!

«Көп сөйлеу — ұзақ өмір сүру кепілі», — депті ғалымдар. Жиі пікір алмасу уайымды азайтып, денсаулықты нығайтады. Әсіресе, егде жастағылармен жиі тілдесіп тұру керек екен.Тіпті жалғыз қалғанда өзіңмен дауыстап сөйлесудің де пайдасы бар екен. Бұл қаншалықты рас? Ғылыми дәлелі бар ма?

Көп сөйлесудің пайдасы қандай?

Қазіргі қоғамда қарт адамды көп сөйлейді деп жақтырмайтындар көп. Бірақ ғалымдар олармен керісінше жиі пікір алмасудың пайдасы барын анықтады. Бұл альцгеймердің алдын алады. Нью-Йорк университетінің ғалымдары кейінгі зерттеуінде осындай тұжырымға келген. Олардың айтуынша, тілдесу есте сақтау қабілетін қалыпта ұстап, ми қызметін белсенді етеді. Сөйтіп алжасуға жол бермейді. Психикалық ауруларға қарсы төтеп беріп, стрессті азайтады. Сондай-ақ көп сөйлеу бет бұлшықетін, өкпе жұмысын да жақсартады.

Джоел Салинас, Нью-Йорк университетінің профессоры:

- Бұл зерттеу адамның өз жасынан ерте қартаюын бәсеңдетеді. Сондай-ақ альцгеймердің алғашқы белгілерінің дамуын тежейді. Бұл дерттің емі әлі табылған жоқ. Сол себепті көп сөйлесу арқылы тиімді нәтижеге қол жеткізуге болады.

Ешкіммен тілдеспейтін адам ерте қартаяды

«Көп сөйлеу кәрілер ғана емес, 40-50-дегілер үшін де пайдасы көп», — дейді мамандар. Қарым-қатынас ойлау қабілетінің белсенділігін арттырады. Ал тілдесетін жақыны жоқ адам ерте қартаяды. Зерттеу мұндай адамдардың құрдастарынан кемі 4 жылға тез ұлғаятынын көрсетті.

Джоел Салинас, Нью-Йорк университетінің профессоры:

- Төрт жыл аз болғанымен, кейбіреулер үшін бұл бағалы уақыт болуы мүмкін. Адамның жасы ұлғайған сайын мидың жұмысын қалай жақсарту керектігі мазалайды. Бірақ бұл тым кеш болуы мүмкін.

Күйзеліссе түссең, көп сөйлесу керек

Сөйлесу – адам күйзелгенде жанды тыныштандыратын терапия. Мейлі әзіл-қалжың, салмақты әңгіме болсын, жақсы тыңдаушы табылса, тілдесудің зиянынан пайдасы көп. Әңгімелесу арқылы психикалық денсаулықты қалыпқа келтіруге болады. Америкалық ғалымдар осылай дейді. Ал кездейсоқ әңгіме күйзеліске түскен адамның көңіл-күйін көтеріп, мазасыздығын жоюға көмектеседі. Мұны психологтар да дәлелдеген.

Андреа Бониор, Философия ғылымдарының докторы:

- Тірі қарым-қатынас виртуалды тілдескеннен әлдеқайда пайдалы. Өйткені пікір алмасу арқылы адамның ішкі сезімін байқап, бет, дене қозғалысын айқын аңғарасың. Бұл энергия алмасу үшін тиімді құрал.

Ішкі диалог жалғыздықтан құтқарады

Тыңдаушы болмаса, өз-өзіңмен дауыстап сөйлесу де жанды тыныштандырады. Соқа бастылар үшін мұндай әдет уайым мен күйзелістен арылуға, ойлау қабілетін жақсартуға көмектеседі. Сондай-ақ адамның ішкі түйсігіне үңіліп, эмоциясын басқаруға мүмкіндік береді. Бірақ тартымсыз емес, жағымды ой ғана ағзаға оң әсер етеді. Сол себепті мамандар жалғызілікті адам құса болмайды деген тұжырымға келген.

Габриэль Морс, психотерапевт:

- Бұл адамдарға күлкілі көрінетін шығар. Бірақ ойды тежеу мүмкін емес. Күнделікті біздің санамыз мың түрлі ойды қорытады. Ал дауыстап сөйлеу мұны бақылауда ұстап, өзін сабырға шақыруға көмектеседі.

Жапондар көп сөйлемейді

Бірақ адамның барлығы бірдей емес. Жер шарында көп сөйлеуді орынсыз деп санайтын елдер де бар. Мысалы Жапонияда жергілікті жұрт ұзақ әңгімелесуден гөрі қысқа қайырғанды құп көреді. Өйткені көп сөйлесу адамның жеке кеңістігіне араласу деп есептейді. Бұл елдің мәдениетінде тыныштық, үнсіздіктің өзі айрықша қарым-қатынас құралы саналады. Мысалы ресми кездесу, іскерлік жиындарда ұзын әңгіме орнына, қысқа әрі нұсқа келісім жасалады. Сөздің құдыреті жүректі тыныштандырады. Тіл маманы тілшінің де міндеті қоғамның дертін, адамның жанын пайымды сөзімен емдеу. Бірақ пікір алмасудың жөні осы екен деп созбаққа салып кетсек бізге де сын. Әрине, ретсіз сөйлемеген жөн.