
1916 жылғы маусым жарлығы, қазақ жастарын қара жұмысқа алу «Бұйрығы» қазақ халқының жаппай көтерілуіне әкеп соқты. Сол жылы патша «Бұйрығына» қарсы көтерілістер Торғай даласында, Батыста, Оңтүстікте, Қорғалжың және Ерейментау жерінде өтті, деп жазады Egemen.kz.
Редакциямызға ұлт азаттық көтеріліс қаһармандарына лайықты құрмет көрсетуді сұрап хат жазған Сүйіндік қажы Жұмабайұлы көтерілісте ерлік көрсеткендердің ішінде Жексенбі Оралбайұлы да бар екенін айтады.
Патша жазалаушы әскерлерімен Ереймен көтерілісшілерінің арасында бірнеше қақтығысу болған. Соның алғашқысы «Жуанадырда», екіншісі «Кең-асуда», үшіншісі «Олжабай» ауылының маңында, төртіншісі «Шәкей», ауылында ал бесіншісі «Ереймен-Қоржынкөл» маңайындағы жазықта өткен. Бұл соңғы қақтығыста болыстардың елге болыспау себебінен көтерілісшілер жеңіліске ұшыраған.
Сүйіндік қажы Жұмабайұлы Жексенбі Оралбайұлының көтеріліс кезеңіндегі ерлігін баяндап берді.
«Түн қараңғыда оларға жасақшылар шабуыл жасады. Олардың арасында Оралбай ұлдары Жексенбі және Жұмабай сынды аазаматтар болды. Үй ішіндегі солдаттарға үйден шығуға бұйрық берілді бірақ солдаттар бұйрықты орындаудан бас тартқан соң Жексенбі қатарынан суырылып шығып, үйдің төбесіне мініп, пештің мұржасының жанын тесіп, үй ішіне жанған от тастап жатқанда іштен мылтық атылып қаза болған. Бұл туралы інісі Жұмабай естелігінде жазып қалдырған», деп тіл қатқан қария Кеңес үкіметі, Қазақстан егемендігін алғаннан кейін бұл сияқты көтерілісшілер тарих сабақтастығында лайықты бағаланбай келе жатқанын айтты.
«1916 жылғы Ереймен көтерілісі туралы кезінде аз жазылған жоқ. Жазушы Сәбит Мұқанов, Сәкен Сейфуллин, қарт-журналист Ғалымжан Мұқатов, ақын Өмірбек Тұқпиұлы, Ақтыбай Имақан ақын, саясаткер, жазушы Қазыбек Сүлейменұлы кезінде орталық комитетке, орталық газеттерге, Арқа Ажары газетіне, жазушы журналист Илияс Қарағозин жазған еді. Бірақ аяқсыз қалып, буржуазиялық-ұлтшылдық көріністер деп айыпталды», дейді Сүйіндік қажы Жұмабайұлы.
Сүйіндік қажы Жұмабайұлы Ақмола облысының әкімі Ахметжанов Марат пен Ерейментау ауданының әкімі Мұқатов Нұрлан атына мынадай өтініш тілегін жеткізді: «Көкшетау және Ерейментау қалаларында 1916 жылғы қаһармандарға арнап аллея салынып, монумент тақтаға олардың есімін жазуды және бір көшеге 1916 жылғы қаһармандар атауы беруді ұсынамын. Сондай-ақ, 2022 жылдың қазан айында Күншалған ауылындағы паркте Ұлт-азаттық көтерілісшілердің құрметіне қойылған ескерткіш тақтаға Оралбайұлы Жексенбі есімі берілсе», деді ол.
Біз де өз кезегімізде ұсыныс зерделеніп, оң шешімін табатынына сенім білдіреміз.