• 19-03-2025

Алматының перзентханалары мен емханаларында жаңа туған нәрестелердің естуін жаңа тереңдетіп тексеру енгізілді

Алматыдағы екі перзентхана мен екі емхана — "№ 5 қалалық перзентхана", "Қалалық пеританалдық орталық", "№ 10 қалалық емхана" және "№ 36 қалалық емхана" — сәбилердің есту қабілетін тереңдетіп тексеруге арналған жаңа жабдықтарға ие болды.

Бұл AYALA қайырымдылық қорының және "Мен естимін" пилоттық жобасы аясындағы Halyk Bank қолдауының арқасында мүмкін болды. Жаңа құралдар жаңа туған нәрестелердің есту қабілетінің жасырын бұзылуын анықтауға және мүгедектікті төмендетуге мүмкіндік береді. Екі жылда Алматыда 62 мыңға жуық сәби тексеруден өтеді деп күтілуде, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Біз бұл жобаны қолдадық, өйткені ол біздің жаңа туған азаматтарымыздың денсаулығын жақсартуға тікелей әсер етеді. Halyk Bank AYALA қорымен ынтымақтаса отырып, балалардың денсаулық сақтау саласындағы жобаларын көптен бері белсенді қолдап келеді. Қазіргі заманғы диагностикалық жабдық Қазақстанның көптеген медициналық мекемелерінде тұр және күн сайын нәрестелердің денсаулығын құтқарып келеді. Жаңа жоба аясында алматылық дәрігерлер балалардың есту қабілетін дер кезінде анықтап, емдей алатынына сенімдіміз", - деп атап өтті Halyk Bank PR-қызметі басқармасының бастығы Гүлмира Арбабаева.

"Мен естимін" пилоттық жобасы Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының AYALA қайырымдылық қорымен, "Мейірімділік" ерікті қоғамы" қорымен және "САТР" орталығымен меморандумы аясында іске асырылуда. Қаланың бес медициналық мекемесінде туа біткен проблемаларды дер кезінде анықтау үшін сәбилер мен үш жасқа дейінгі балалардың есту қабілетін тереңдетіп скринингтеу ұйымдастырылды. Жаңа жабдық баланың естуін туғаннан кейін бірден тексеруге және алдыңғы буын аспаптары жасай алмаған ми діңіндегі бұзылыстарды анықтауға мүмкіндік береді.

Сурдологтардың мәліметінше, Қазақстанда жыл сайын 1400-ге жуық сәби есту қабілеті төмен болып немесе толық саңыраулықпен дүниеге келеді. Қазір перзентханаларда естуді тексеру кезінде алынған деректер қолмен тіркеледі, бұл есту бойынша патологиясы анықталған балалардың одан арғы тағдырын қадағалау процесіне әсер етеді.

Бұл мәселені шешу үшін жаңа диагностикалық аппараттар цифрлық треккинг орталығына қосылған. Перзентханалар мен емханалардың медбикелері осы жабдықпен жұмыс істеу бойынша арнайы оқытудан өтті. Енді тест нәтижелері автоматты түрде бірыңғай базаға жіберіледі, онда дәрігерлер динамиканы бақылап, бала туылғаннан кейінгі үшінші айда емес, перзентханадағы алғашқы аудиологиялық скринингтен кейінгі он төртінші күні тексеру сапасын бақылай алады. Мұндай тәсіл деректердің жоғалуын болдырмайды, қателіктер ықтималдығын төмендетеді және диагностиканың дәлдігін арттырады.

"Осы жобаның арқасында тәуекел тобындағы балалар қымбат уақытты жоғалтпай, уақытылы көмек алады. Есту қабілеті бұзылған балалар қала бюджеті есебінен тегін есту аппараттарын ала алады. Бұл мыңдаған балаға пайда әкелетін мемлекет пен қоғамның ынтымақтастығының тамаша үлгісі", - деп атап өтті Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Назгүл Иманғалиева.

AYALA қайырымдылық қоры үшін бұл жоба – Қазақстандағы балалар мүгедектігін азайтуға бағытталған тағы бір қадам. Бұған дейін бұл қор мен оның серіктестері үш жыл ішінде шала туған сәбилердің көру қабілеті нашарлығын толық жоюға қол жеткізген болатын.

"Қазір Қазақстанда 110 мыңнан астам мүгедек бала бар. Бұл сан бізді қатты мазалайды. Halyk Bank қолдауының арқасында біз 2 перзентхана мен 2 емхананы жаңа туған балалардың есту қабілеті бойынша жасырын проблемаларды ерте диагностикалауға арналған заманауи құралдармен жарақтандырдық. Барлық ата-аналарға айтқым келетіні: перзентханада балаңыздың есту қабілетін тексеріп алу мүмкіндігін жіберіп алмаңыздар. Проблема неғұрлым ерте анықталса, соғұрлым мүгедектікті болдырмау және балаға толыққанды өмір беру мүмкіндігі артады", - деп атап өтті AYALA Қайырымдылық қорының негізін қалаушы және президенті Айдан Сүлейменова.

Тереңдетілген скрининг баланың есту кемістігін анықтағанда, оны қосымша тексеру үшін мамандарға жібереді. Қажет болған жағдайда есту аппараттары "ДОМ" қорының "Балаларға өмір сыйла" жобасы шеңберінде берілетін болады. Ал естуді протездеу МӘМС есебінен Алматы қаласындағы № 5 қалалық клиникалық ауруханада жүргізіледі.