• 21-03-2025

ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына барды

Сапар барысында Ералы Тоғжанов өңірдегі су тасқыны жағдайымен танысты. Ол жергілікті атқарушы органдар мен төтенше қызмет өкілдерінің қатысуымен кеңес өткізіп, тәуекелдерді барынша азайту және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын талқылады.

Сонымен қатар, ол Қаратөбе ауданы мен Орал қаласындағы су басу қаупі жоғары учаскелерді аралап, су объектілерінің жай-күйін және көктемгі су тасқыны салдарының алдын алу шараларының тиімділігін тексерді.

Жұмыс сапары аясында Ералы Тоғжанов «Ауыл аманаты» бағдарламасының іске асырылуына қатысты кеңес өткізді. Өз сөзінде ол Батыс Қазақстан облысының бұл бағдарлама бойынша республикада көш бастап тұрғанын атап өтті. Кездесу барысында ауыл тұрғындарын жеңілдікпен қаржыландыру, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және ауылдық аумақтарды дамыту мәселелері талқыланды. Бағдарлама тетігінің тиімділігіне, қатысушыларды іріктеудің ашықтығына және перспективалы жобаларды қамтуды кеңейтуге ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар, Ералы Тоғжанов Мемлекет басшысы бекіткен 2023-2027 жылдарға арналған ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы шеңберінде облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің бастамасымен 2024 жылдың басында «Қаладан ауылға» пилоттық жобасының табысты іске асырылуын атап өтті.

Жобаның мақсаты:

• Азаматтардың ауылға қоныс аударуын ынталандыру;

• Халықтың көші-қонын азайту және ауылдық жерлердегі жұмыс күші тапшылығын жою;

• Ауылдық аумақтардың және агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуын қамтамасыз ету;

• Шағын және орта бизнес субъектілерінің санын арттыру;

• Тұрақты жұмысы жоқ қала тұрғындары мен жас отбасыларды қолдау.

Бүгінгі таңда бағдарлама аясында БҚО-ның ауылдық елді мекендеріне 104 отбасы (519 адам) қоныс аударды.