• 23-03-2025

Маңғыстауда тұрғындар қазақтың ұлттық киімімен әлемдік рекорд орнатты (фото)

22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні Ақтау қаласында қазақтың ұлттық киімін киген 5000 адам жиналып, "Қазақ ұлттық киімін киген адамдар саны" бойынша Гиннесс рекордын орнатты . Бұл туралы Маңғыстау облысының Telegram-дағы ресми ақпараттық арнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Best Fest Nauryz атауымен өткен шараға 5500-ден астам адам тіркеліп, қазақ халқының мәдени мұрасын әлемдік деңгейде насихаттауға өз үлестерін қосты. Олардың қатарында түрлі сала мамандары, этнос өкілдері, қариялар, сондай-ақ өңірдің шалғай ауылдары мен еліміздің өзге облыс, қалаларынан арнайы келген тұрғындар да бар.

Рекорд орнату рәсімі Каспий жағалауында өтті. Тіркеуден өткен қатысушылар арнайы жасақталған алаңға жиналып, Ұлыбританиядан келген Гиннесс рекордтар кітабының ресми өкілдері есеп жүргізді. Бірнеше сағатқа созылған санау нәтижесінде, қойылған талаптардың толық орындалғаны расталып, Қазақстанның жаңа әлемдік рекорд иесі атанғанын дәлелдейтін арнайы сертификат табысталды.

Ұлттық киім киген тұрғындар
Ұлттық киім киген тұрғындар. Фото: Маңғыстау облысының ресми ақпараттық арнасы

Осылайша, қазақтың ұлттық киімі Гиннесс рекордтар кітабына енді.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай бұл тарихи оқиғаның ұлтымыздың мәдени мұрасын халықаралық деңгейде танытудағы маңызын атап өтіп, жиналғандарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.

Сертификатты алу сәті
Сертификатты алу сәті. Фото: Маңғыстау облысының ресми ақпараттық арнасы

"Ұлыстың ұлы күнінде тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Қазақ халқының терең тарихы мен бай мәдени мұрасын, ұлттық дәстүрімізді жер жаһанға паш еттік. Маңғаз Маңғыстауымызда қазақтың ұлттық киімінен әлемдік рекорд орнады. Осынау зор жетістікпен барша отандасымызды құттықтаймын! Қазақ халқының мәдениетін насихаттауға атсалысқан бастамашы топқа, Лондон қаласынан арнайы келген Гиннесс рекордтар кітабының өкілдеріне және рекорд орнатуға үлес қосқан барша қатысушыға алғысымды білдіремін!", — деді Нұрдәулет Қилыбай.

Сертификатты алу сәті
Сертификатты алу сәті. Фото: Маңғыстау облысының ресми ақпараттық арнасы

Облыс әкіміне арнайы сертификатты табыстаған Гиннесс рекордтар кітабының ресми өкілі Ричард Стэннинг тамаша нәтижеге қол жеткізген қазақ халқын құттықтады.

Ұлттық киім киген тұрғындар
Ұлттық киім киген тұрғындар. Фото: Маңғыстау облысының ресми ақпараттық арнасы

"Құрметті қазақстандықтар, халқыңыздың басты мерекесі — Наурыз мейрамында рекорд жасадыңыздар. Бүгін қазақ елінің салт-дәстүрге берік екеніне, рухты, талғамы жоғары халық екеніне куә болдым. Шара да өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Тарихи оқиға жасауларыңызбен шын жүректен құттықтаймын!", — деді Ричард Стэннинг.

Ұлттық киім киген тұрғындар
Ұлттық киім киген тұрғындар. Фото: Маңғыстау облысының ресми ақпараттық арнасы

Наурыз мерекесіне орай Ақтауда теңіз жағалауында 30 киіз үй тігіліп, қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Ұлттық киім киген тұрғындар
Ұлттық киім киген тұрғындар. Фото: Маңғыстау облысының ресми ақпараттық арнасы

Шара барысында ұлттық тағамдар ұсынылып, қазақша күрес, тоғызқұмалақ, асық ату секілді спорттық жарыстар өтті.

Ұлттық киім киген тұрғындар
Ұлттық киім киген тұрғындар. Фото: Маңғыстау облысының ресми ақпараттық арнасы

Амфитеатр алаңында өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашып, театрландырылған вокалды-хореографиялық қойылым қойды.

Ұлттық киім киген тұрғындар
Ұлттық киім киген тұрғындар. Фото: Маңғыстау облысының ресми ақпараттық арнасы

Мерекелік бағдарлама елімізге танымал эстрада жұлдыздарының гала-концертімен жалғасты.

Ұлттық киім киген тұрғындар
Ұлттық киім киген тұрғындар. Фото: Маңғыстау облысының ресми ақпараттық арнасы