Ұлтты ұйыстырған Ұлттық құрылтай. Жанна Асанова
Жанна Асанова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты ...
Ұлыбританиядағы қандастар Наурыз мейрамында ұлттық құндылықты ұлықтаған мерекелік іс-шара өткізді, деп хабарлайды 24KZ. «Мақсат – елден жырақта өсіп жатқан балаларға салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды үйрету», – дейді ұйымдастырушылар.
Ұлыбритания қазақтары өте ұйымшыл. Жыл сайын көктемде Тұманды Альбионның түкпір-түкпірінен жиналып, төс қағыстырады. Емен-жарқын әңгімелесіп, домбыра тартады. Түрлі тағамдар дайындап, ойындар өткізеді. Басты мақсат – өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңіру.
Жиын басталмас бұрын әнұран орындалды. Қандастарымыз жүрек тұсына оң қолдарын қойып, Отанға деген патриоттық сезімдерін білдірді.
Айнагүл Шынаева, Лондон тұрғыны:
- Екі ұлым бар. Қазақша сөйлейді. Дәстүрді, барлығын біледі. Осында оқып, тұрып жатқан балалар. Ал оларға күнде үйретемін көрісу деген бар деп. Алсаң ертең, шырақтарым, қазақтың қыздарын алыңдар деп.
Іс-шараға қатысушылардың дені осында түрлі салада еңбек етіп жүрген отандастарымыз. Бірінің қызметі мұнаймен байланысты болса, енді бірі әлеуметтік салада жұмыс істейді. Араларында мұнда 20 жылдан бері тұрып келе жатқандар да бар. Бірақ ешқашан туған жерімен байланысын үзген емес.
Алмаш Әлиева, ұйымдастырушы:
- Осы жыл 9-шы жыл ұйымдастырып жүргеніме. Бүгін 120 адамдай келді. Үлкен кісілер, балалар да бар 50 шақты. Сосын осы жылы бізде тек қазақтар емес, көрші мемлекет Әзербайжаннан да қонақтар келіп жатыр, ағылшындар да келіп жатыр.
Жұмысбасты қандастарымыз бір-бірімен жиі кездесе бермейді. Қазақстанға да үнемі барып тұруға мүмкіндігі жоқ. Осындай мейрамдарда ғана көптен бері көрмеген дос-жарандарымен бас қосып, дастархан жайып, шүйіркелесіп, елге деген сағынышын басады.
Серікқали Айтмұхамедұлы, Астана тұрғыны:
- Қазақтың әрбір дәстүрінің терең философиясы бар. Соны біздің жасөспірім балаларға үйрету деген біздің міндетіміз.
Гүлшашақ Есенғалиева, Түркістан тұрғыны:
- Қазақтардың ауызбірлігі күшті, мықты. Осындай Қазақстанның туы желбіреп, қай жерде болса да, қазақтың даңқы шыға берсін.
Зияда Әлиева, Ақтау тұрғыны:
- Дастарқанда бүкіл тағамдар бар: бауырсақ, ірімшік, құрт. Өзімді Қазақстанда жүргендей сезіндім.
«Жиған-тергенің тойға шашылсын» деген сөзді жадына түйген қазақтар Ұлыстың ұлы күнінде шашу шашуды да ұмытпады. Тәттілерді жерден жинағандардың қатарында шетелдіктер де болды. Шапан мен тақия киіп келген қадірлі қонақтар ұлттық ойындарға да белсене қатысып, арқан тартудан жарысты. Домбыра тартып, өз өнерлерін көрсетті.
Джоуи Скотт, жергілікті тұрғын:
- Қазақтың музыкалық мұрасы өте бай. Қобыз, домбыра және жетіген туралы жақсы білемін. Олардың барлығы маған Ұлы дала елінде болған күндерімді еске түсіреді.
Коннор Эшоннаси, жергілікті тұрғын:
- Бұл шапан мен тақияны біз Алматыдан алдық. Қазақ ұлтының салт-дәстүрлері маған ұнайды. Мен де сол мәдениеттің бір бөлігі болғым келді.
Бәрінен де кішкентайлар риза. Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетін балалардың ұлтжанды болып өсіп жатқаны байқалады. Ұлыбританияда бейресми деректерге сәйкес 10 мыңға жуық қазақ тұрады. Студенттермен қатар отбасылық жағдайымен немесе жұмыс бабымен өмір сүріп жатқан отандастарымыз көп.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы