• 29-03-2025

Жапондар отандастарына қазақ мәдениетін таныстырып жүр

Қазақстанға ғашық жандар.

Токиода тұратын 60 жастағы Сатоши Акао бірнеше жылдан бері әлеуметтік желілерде қазақтың көрнекті орындары мен ұлттық тағамдары туралы айтып келеді. Ал 27 жастағы Мисаки Эбина достарына қазақ тілін үйретіп жүр.

Заңгер Сатоши Акаоның кеңсесі қазақ мәдени орталығына ұқсайды. Оның компаниясы жапон азаматтарына ТМД елдеріне виза рәсімдеуге көмектеседі. Бірақ Сатоши үшін ең жақын ел — Қазақстан. Ол Токиодағы Қазақстан елшілігінің ашылуына көмектескен. Бос уақытында заңгер музыкамен айналысады және Қазақстан туралы бірнеше ән жазған. Оның соңғы жобасы – Айсұлу. Қазақ қызының аниме бейнесін жасату үшін суретшілерге тапсырыс берген. Енді Айсұлу жапон тілінде Күншығыс елінің тұрғындарын Қазақстан мәдениетімен таныстырады.

Аниме кейіпкеріне Сатоши бұл есімді жапон тіліндегі «ай сю рю» «мен сені сүйемін» деген сөз тіркесіне ұқсас болғандықтан таңдаған. Ол тіпті Айсұлуға арналған ән де шығарды.

Сатоши Акао, консалтинг компаниясының президенті:

- Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнап бір нәрсе жасағым келді. Және оны насихаттау үшін Жапонияда танымал анимені пайдалануды ұйғардым. Осылайша, 2021 жылы YouTube-та Айсұлу туралы алғашқы ролик жарық көрді.

27 жастағы Мисаки Эбина Қазақстанға қызығушылығы мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өнерін көргеннен кейін пайда болғанын айтады. Бойжеткен Жапонияға сапары кезінде өз кумирімен кездесіп, оған қолдан тоқылған кілем сыйлауға мүмкіндік алған. Мисаки бір жыл бойы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қазақ тілін оқыған. Қазақстанда алған білімі оған Жапонияның сыртқы істер министрлігіне жұмысқа тұруға көмектесті. Ол достарына қазақ тіліндегі сөздерді үйретеді. Дегенмен, Абай тілін оқуға ең жақсы орын – Қазақстандағы университет деп санайды.

Мисаки Эбина, Жапония Сыртқы істер министрлігінің қызметкері:

- Қазір Жапонияда қазақ тілін үйрену қиын. Сондықтан қазақ тілін еркін меңгеру үшін Алматыға барып, Қазақ ұлттық университетінде бір жыл бойы оқу керек. Мен қазақша еркін сөйлей алмаймын. Бірақ менің арманым – Қазақстан мен Жапония арасындағы қарым-қатынастардың дамуына үлес қосу.

Мисакидің мақсаты – қазақ тілін жетілдіру. Ол үшін ол күн сайын Қазақстан жаңалықтарын көреді. Ал Сатоши Акао Айсулу аниме кейіпкері туралы жаңа ролик шығаруды ойластыруда. Ол 10 тамызда Осакада өтетін ЭКСПО-2025 көрмесінде Қазақстан күніне арналуы мүмкін.

Владислав Цой, Ольга Лян