• 31-03-2025

Астанадағы көрмеде өзбек халқының қолөнер туындылары ұсынылды

Қазақ пен өзбек халықтарын ғасырлар бойы ортақ тарих , туыстық байланыс және бай мәдени мұра біріктіреді. Бұл жақындық осы күнге дейін жалғасып, түрлі мәдени шаралар арқылы нығайып келеді. Мәселен, Астанадағы Ұлттық музейде «Мұрадағы өрнектер: Өзбекстанның кесте және тігін дәстүрлеріне саяхат» атты халықаралық көрме ашылды. Мұнда ала шапанды ағайынның қолөнер туындылары ұсынылды. Бұдан бөлек, бауырлас елдің, балет шеберлері, елорда сахнасында «Лазги. Жан мен махаббат биі» жарқын спектаклін қойды.

Алтын жіппен кестеленген ұлттық киім үлгілері, зергерлік бұйымдар мен кілемдер. Бұл өзбек халқының қолөнер туындылары. Жәдігерлер ХІХ-ХХ ғасырларда қолдан жасалған. Ұлттық музейде қойылған экспозициялар бауырлас елдің бай мұрасын паш етіп жатыр.

Бобур Саемов, Өзбекстан мәдениеті мен өнерін дамыту қоры жанындағы мәдени мұра және реставрация орталығының директоры:

- Бұл көрмеге Өзбекстанның 6 ірі мұражайынан 122 экспонат қойылды. Шараға дайындық жұмыстары 1 жылға созылды. Өзбекстан мұражайларының кураторларымен бірлесіп жұмыс істедік. Сондай-ақ көрменің ерекшелігі мен бірегейлігін арттыру үшін 30-дан астам мұражай экспонаты қалпына келтірілді.

Көрме негізгі 3 бөлімнен тұрады. Алғашқысында ерлер мен әйелдер киген түрлі шапандар қойылса, келесісінде қолдан тоқылған кілемдер жайылған. Ал соңғы бөлім әшекей бұйымдар мен тақияларға арналды. Өзбек шапандарының ерекшелігі олар алтын жіптермен кестеленіп, көмкерілген. Тіпті Бұқар әмірінің шапаны да жұртшылық назарына ұсынылған.

Аружан Нұриева, ҚР Ұлттық музейінің экскурсия жүргізушісі:

- Шапандар зартун деп аталады. Үш түрге бөлінеді: даврикур, бутадор және дархам деп аталады. Шапандарға назар аударсаңыздар, бұл жерде әртүрлі алтынтүстес жібек жіптермен дайындалған. Бұл дархамдарды тек қана қарапайымды адамдар емес, оны жоғары лауазымды, қаланы билеген, Бұқар әмірлігін билеген хандар киген осындай шапандарды.

Өзбек халқының қолөнер туындыларын паш ететін бұл көрме елорда тұрғындары мен қонақтары үшін 1 маусымға дейін жұмыс істейді. Музейдегі көрмеден бөлек, ала шапанды ағайындар өнерсүйер қазақ қауымын Ұлттық балетпен де қуантты. Нақтырақ айтқанда, елорда сахнасында «Лазги. Жан мен махаббат биі» спектаклі қойылды.

Көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген қойылым ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасының бір бөлігі саналатын лазги биіне арналған. Бұл ежелден адамның жан дүниесі мен махаббаттың қуатын бейнелейтін би саналады. Спектакльде Жібек жолы керуенінен басталған махаббат хикаясы музей экспозициясында қайта жанданып, болашақтың динамикасымен үндесті.

Эльмира Юсупова, Ә. Науаи атындағы мемлекеттік академиялық үлкен театрдың жетекші солисі:

- Бұл спектакль лазги биінің шығу тарихын баяндайды. Кез келген ұлттық құндылықтың мәңгілік екенін көрсетеді. Себебі бұл балеттің сюжеті өткен шақтан басталып, қазіргі кезеңге өтеді. Кейін болашақ көрсетіледі.

Бұл қойылым 2021 жылы Ташкентте алғаш сахналанғаннан бері Dubai Opera, Ыстамбұл, Париж, Мәскеу, Бейжің, Лондон сынды әлемдік өнер ордаларының көрерменін баураған. Енді астаналық театрсүйер қауым да бұл әсерлі қойылымның сұлулығы мен рухани тереңдігіне куә болды.

Авторлары: Риат Шони, Мадияр Қындыбаев