Қазақстан-БАӘ: инвестициялық ынтымақтастықтың игілігі мол
Қазақстан инвестициялық тартымды елге айналды. Осы күні Қытай, Ресей, АҚШ, Еуроодақ, Таяу Шығыс, Азия және басқа д ...
Түркістан облысында спирттік ішімдіктен бас тартқан ауыл саны 60-тан асты.
Осының нәтижесінде елдімекендерде қылмыс, бұзақылық, ұрлық-қарлық сияқты заң бұзушылықтар сап тыйылған. Өңірде өзгеге үлгі көрсетіп отырғандардың бірі Сауран ауданындағы Үлгілі ауылы. Мұнда 10 жыл бойы ішімдік сатылмайды.
Бабай қорған ауылдық округіне қарасты Үлгілі елді мекенінде 115 түтін, 850-ге жуық халық тұрады. Ауыл дүкендерінде ішімдік мүлдем сатылмайды. Ауыл ақсақалдары жұртты жиып, осындай шешімге келген. Оны барлығы бірауыздан қолдапты. Сондан бері ауылдың берекесі кіріп, ынтымағы жарасқан.
Ертас Ырысбеков, Үлгілі ауылының қариясы:
- Сөзге тұрған қазақпыз, бәтуаға тұрған қазақпыз. Елімізге, балаларымызға, ауылымызға зиян болатын болған соң тоқтатты. Ешкім қарсы шыққан жоқ. Елде тыныштық, ұрлық-қарлық деген жоқ. Ауылда тірлік жетеді. Жері бар, малы бар басқасы бар. Сонымен айналысады.
Төреш Алқанов, Бабай қорған ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы:
- Көшеде арық ішіп жүретін, тәртіп бұзатын ешкім жоқ. Барлығы жақсы ауылдың. Кеше қарай әр жылғы балалар кезекшілікке шығып, ауылға қарайлап, келген-кеткендерді көріп тұрады. Сондай жұмыстар атқарады.
Сауран ауданындағы Нұртас, Шпан және Үлгілі ауылдары ішімдіктен бас тартып, қауіпсіз қоғам қағидатын ұстанады. Ондағы дүкен иелері де көптің қалауымен келіскен.
Ерхан Раманов, дүкенші:
- Дүкен ашылғалы бері ішімдік сатылмайды, ауылдың бәрі қарсы. Азық-түлікпен жабылып жатыр. Ішімдіксіз сауда істеуге болады. Ауылдан ешкім сұрап келмейді, біледі. Сырттан келгендер болмаса. 23:00-де жабылады, ауыл біледі, соған дейін саудасын жасап алады. Түнде мазалау жоқ.
Алмат Әбиденов, Сауран аудандық полиция бөлімінің басшысы:
- Бұл тек құқық бұзушылықтың алдын алу емес, салауатты өмір салтын ұстанып, қауіпсіз қоғам құруға бұның әсері орасан зор деп білемін. Біздің қалған елді мекендердің арасында да ақсақалдар мен ауылдың зиялы қауым өкілдерімен бірлесіп, ішімдіктен бас тартып жатқан ауылдардың санын көбейтуге жұмыс істеп жатырмыз.
Түркістан облысында «Ішімдіксіз ауыл» жобасын қолдау бойынша Мақтаарал ауданы көш бастап тұр. Мұнда 20 ауыл спирттік ішімдік сатудан бас тартты. Жергілікті билік бұл жоба Түркістан қаласында да қолдау тауып отырғанын айтады.
Бейсен Тәжібаев, облыс әкімінің орынбасары:
- Осы жергілікті азаматтардың бастамасы негізінде 40-тан астам дүкен мен супермаркет ішімдік сатудан бас тартып отыр. Бұның барлығы қаланың рухани қала екендігіне тікелей мән беріледі және сол бағыттағы жұмыстарды дамытуға серпін береді деп ойлаймыз. Бұл жобаға алдағы уақытта да басқа да елді мекендер қосылады деген сеніміміз зор.
Осы жобаның іске асуына тәртіп сақшылары да көп еңбек сіңірді. Учаскелік полиция инспекторлары әрбір үйді аралап, күнделікті жұмыс жүргізді. Соның нәтижесінде соңғы бірнеше жылда ішімдіктен бас тартқан ауылдарда заң бұзушылықтар тіркелмеген. Мамандар қауіпсіз қоғам құру жұмыстары жалғаса беретінін айтады.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш