• 02-04-2025

Мәртебелі мейманның дәрісі

Елімізге ресми сапармен келген Словения Президенті Наташа Пирц-Мусар Nazarbayev University студенттеріне дәріс оқыды. «Жан-жақтылықтың төмендеуі аңыз ба, әлде шындық па?» тақырыбындағы дәріске 200-ден аса студент, оқытушы қатысты.

Мәртебелі мейманды Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев, NU вице-президенттері Кадиша Дайырова мен Әсел Увалиева, сондай-ақ вице-проректор Лоретта О’Доннелл қарсы алып, университеттің тыныс-тіршілігімен таныстырды. Дәріс басталғанға дейін Словения Президенті университеттің құрметті қонақтарына арнал­ған арнайы кітапта жазба қал­дырды.

Наташа Пирц-Мусар өз сөзінде бітімгершілік саясат, су ресурстары, адам құқық­та­ры мен қоршаған ортаны қорғау, жасанды интеллект және гендерлік теңдік сияқты маңызды жаһандық тақырыптарды қозғады. Пре­зидент гендерлік әділеттің ерекше маңызын атап өтіп, аталған мәселелердің барлығын шешу үшін халықаралық деңгейде ұжым ретінде бірігіп күш-жігер жұмсау қажет екенін айтты.

– Гендерлік теңдік пен гендерлік әділеттің арасындағы айырмашылық мынада: теңдік – барлығына бірдей аяқкиім беру, ал әділдік – әркімге өзіне сай келетін аяқкиім беру. Сондықтан гендерлік әділет көптеген саяси қадамды қажет етеді. Словения әйелдердің құқықтарын белсенді түрде қорғайды, сондай-ақ олардың көшбасшылық позицияларда болуын қолдайды. Мен – Словенияның алғашқы әйел президентімін, оған қоса Словения Парламентінде әйелдердің үлесі – 36%. Бұл көрсеткіштер біртіндеп өсіп келеді, алайда әлі де жұмыс көп», деді ол өз сөзінде.

Сонымен қатар ол Қазақстан мен Словения ара­сын­­дағы, әсіресе жасанды интеллект және су ресурс­тарын бас­қа­ру саласындағы ын­ты­мақ­тас­тық­тың әлеуетіне сенім біл­дір­ді.

«Қазақстан мен Словения – мүмкіндіктер көп ел. Біздің бизнес-қауымдастықтар бұл сөздерді растайды деп үміт­тенемін», деді Наташа Пирц-Мусар.

Дәрістен кейін студенттер Словения Президентіне сұрақтар қойып, халықаралық саясат туралы деректерге қанық­­ты.