
Жасанды интеллект еңбек нарығына қарқынды еніп жатыр. Жаңа заманның талабы көптеген мамандықтардың болашағын түбегейлі өзгертуде.
Цифрландыру деңгейінің артуы, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясындағы реформалар мен автоматтандыру үдерістері ЖИ-дің кеңінен қолданылуына жол ашты. Әсіресе бухгалтерия, білім беру және ауыл шаруашылығы салаларына қарқынды енгізіліп жатыр. Бұл ретте Caravan.kz медиа порталы дәстүрлі маман иелерінің болашағы не болады деген сұраққа жауап іздеп көрді.
Елде бухгалтер мамандығына деген сұраныс біртіндеп азайып келеді. Шағын және орта бизнестің 60%-ы бухгалтерлік бағдарламаларды қолданады. 1С, SAP және басқа автоматтандыру жүйелері есеп жүргізуді жеңілдетіп, кіші бухгалтерлердің міндеттерін алмастырып жатыр. Аталмыш өзгерістер 2030 жылға дейін бухгалтерлік жұмыс орындарының 20–30%-ға қысқаруына алып келуі мүмкін. Ресейдегі зерттеулер де бұл бағыттағы өзгерістердің аймақтық сипат алатынын көрсетіп отыр. Ал Қазақстанда қаладағы компаниялар мен мемлекеттік мекемелерде белсенді жүруде.
Білім беру саласы да ЖИ ықпалына ұшырап отыр. Онлайн-платформалар мен генеративті ЖИ құралдары оқу материалдарын әзірлеп, тестілеу және бағалау жұмыстарын автоматтандыруға мүмкіндік береді. Дегенмен, мұғалім мамандығының әлеуметтік маңыздылығы мен аймақтардағы технологияға қолжетімділіктің төмендігінен ЖИ толық үстемдің орната алмай отыр. Негізі, мұғалімдер білім берудің негізгі тірегі болып қала береді. Сарапшылардың пікірінше, олардың рөлі өзгереді. Мысалы олар ЖИ қолдана алатын фасилитаторларға айналады. Бастапқыда өзгерістер Алматы, Астана мен Шымкент сынды ірі қалаларда байқалуы мүмкін. Ал ауылдық өңірлерде дәстүрлі оқыту тәсілдері ұзақ сақталады.
Ауыл шаруашылығы саласында да ЖИ біртіндеп қолданылуда. ЖІӨ-нің 5%-ын ғана құрайтын ауыл шаруашылығында еңбекке жарамды халықтың 15%-ы жұмыс істейді. Солтүстік Қазақстандағы ірі агрохолдингтер топырақты талдау және өнімділік болжау үшін ЖИ-ді енгізе бастады. Бұл агрономдардың рутиналық міндеттерін қысқартады. Дәл егіншілік технологиялары, дрондар мен сенсорлар арқылы суару мен тыңайтқыш беру үдерістері автоматтандырылып, агрономдарға деген қажеттілікті азайтады. McKinsey Global Institute дерегінше, 2030 жылға дейін ауыл шаруашылығындағы міндеттердің 30%-ы автоматтандырылуы мүмкін.
Бұдан бөлек, банк секторы мен бөлшек саудада да ЖИ-дің ықпалы күшейіп келеді. Чат-боттар мен транзакцияларды автоматтандыру жүйелері әкімшілік қызметкерлердің қажеттілігін азайтты. Өзін-өзі қызмет көрсету кассалары мен қор басқару жүйелері кассирлер мен қойма қызметкерлерін алмастыруда. Урбанизация деңгейі жоғары Алматы, Астана сияқты қалаларда қарқынды қолданылып келеді.
Сонымен қатар, ЖИ жаңа жұмыс орындарын да ашуда. Қазақстанда 2024–2029 жылдарға арналған ЖИ дамыту тұжырымдамасы аясында 10 мың жаңа маман даярлау жоспарланған. Яғни, ЖИ инженерлері, мәліметтер аналитиктері, IT-мамандар және машиналық оқыту саласының кадрлары. Алайда бұл жоспарды жүзеге асыру үшін инфрақұрылым мен білім беру жүйесіне ірі инвестициялар қажет. Oxford Insights бағалауы бойынша, Қазақстан ЖИ енгізуге дайындық бойынша әлемде 72-орында тұр. Бірақ құрылымдалған мемлекеттік мәліметтердің тек 30%-ы ғана қолжетімді, бұл ЖИ-ді кеңінен қолдануға кедергі келтіреді.
ЖИ енгізудің әлеуметтік салдары
Елімізде жұмыссыздық деңгейі ресми статисика бойынша 5%-ды құрайды. Алайда ауылдық жерлерде 15-20%-ға жетеді. Әсіресе жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі өсіп келеді. Ал автоматтандыру әсіресе дәстүрлі мамандықтарға тәуелді жастар үшін тәуекел тудырады. Салдарынан ауылдан қалаға көшетіндер артады, тіпті шетелге еңбек миграциясын күшейтуі мүмкін. Сондықтан еңбек нарығының бейімделуі үшін қайта даярлау бағдарламалары, IT-сауаттылық курстары мен шағын бизнесті ЖИ қолдануға ынталандыратын шаралар қажет. Қазіргі 50 мың адамды қамтыған цифрлық сауаттылық курстары жеткіліксіз. Әлсіз әлеуметтік топтар мен ауылдық жастар да бұл мүмкіндіктерге тең қол жеткізуі тиіс.
Қазақстан өз көршілерінен бұл үдерісте біршама алда келе жатыр. Дегенмен бүкіл Орталық Азия үшін ортақ мәселелер бар. Мысалы, Өзбекстанда да автоматтандырудың әсері бухгалтерия, білім беру мен ауыл шаруашылығында байқалуда, ал Ташкенттегі IT-парк жылына 5 мың маманды дайындайды. Қырғызстан мен Тәжікстанда ауылдық жерлердің көптігі мен шектеулі инфрақұрылым ЖИ енгізуді тежеп отыр, ал Түрікменстанда интернетке қолжетімділік төмен болғандықтан, бұл салада ілгерілеу баяу жүріп жатыр. Аймақтағы елдер цифрландыру қарқыны мен адами капиталға салынатын инвестиция бойынша әртүрлі деңгейде.