• 14-06-2025

Өнерді шын жүректен, шексіз сүю керек – сазгер Бейбіт Оралұлы

Қазақ ұлттық музыка өнерінің жарқын өкілі, Қазақстанның көрнекті сазгері, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Бейбіт Оралұлы бүгін 70 жасқа толып отыр. Ол өзінің шығармашылығында ұлттық дәстүрлерді заманауи музыкалық стильдермен ұштастырып, қазақ өнерінің дамуына өзіндік жаңашылдықтар енгізді. Оның әндері халықтың рухани әлемін байытып, мәдениеттің дамуына зор үлес қосуда. Шығармалары еліміздің көркемөнерпаздары арасында кеңінен орындалып, халықтың жүрегінен орын алған сазгермен El.kz порталының тілшісі сұхбаттасты.

El.kz: Бейбіт аға, биылғы мерейлі жасыңыз құтты болсын! Бұл – үлкен белес, толымды өмір жолының бір межесі ғой. Жетпістің биігінен өткен өмірге көз салғанда сіз үшін не ең қымбат екен, нені байқадыңыз?

Бейбіт Оралұлы: Өмірдің өзі ең қымбат. Қиын да, қуанышты да сәттер болып өтті. Бірақ ең бастысы – аман-есен осы жасқа жетуіміз. Қуанышпен қатар қиындықтар да болды. Алайда қазақ атамыздан қалған салтпен, Аллаға шүкірлік етуді ұмытпауымыз керек. Өмірдің маңызы – тек жас емес, артында жақсы із қалдыруда. Ұрпаққа саналы тәрбие беру өмірдің ең үлкен құндылығы деп ойлаймын.

El.kz: Мерейтой аясында жеке шығармашылық кеш ұйымдастыру, ән жинақ шығару секілді жоспарлар бар ма?

Бейбіт Оралұлы: Иә, жоспарлар бар. Бүгінгі заманда мерейтой ұйымдастыру бұрынғыдай оңай емес. Бұрын талай аға-әпкелеріміздің мерейтой кештеріне қатыстық. Ал қазір ондай шаралар сирек болып кетті. Әкімдік тарапынан да көп қолдау жоқ. Астанаға да хат жаздым, бірақ жауап болмады. Алматы мәдениет басқармасымен байланысқа шығып жатырмыз, жақында бір нәрсе болар деген үміт бар.

Маусымның екіншісінде мен жетпіс жасқа толамын. Сол кезде Алматыда шағын сахнасы бар мейманханада дос-жарандарыма, өнердегі бауырларым мен ағайын-туғанға арнап кеш өткіземіз деп жоспарлап отырмыз.

Өнерді шын жүректен, шексіз сүю керек – сазгер Бейбіт Оралұлы

жеке мұрағат

Менде бірнеше ән жинақтарым бар. Төрт рет жеке альбомым шықты. Олардың екеуі аудиокассета форматында болды. Солардың бірі 1998 жылы жарық көрген – «Бозжорға» әні, ол кезде ол ән Қазақстанда да, шетелде де көп танылды. Қазір жастар білмейтін шығар. Екінші альбом 2000 жылы «Сол бір кездер» деген атпен Роза Рымбаева орындаған әндер жинағы, ол да үлкен танымалдыққа ие болды.

Кейін CD форматында 2003 жылы «Жан анашым» атты альбом шықты. Сонымен қатар Димаштың әкесі Қанат інімнің көмегімен 2007 жылы «Мен сені баладым» атаумен дискі шықты. Жалпы төрт ән жинағым бар, олардың екеуі аудиокассета, екеуі CD форматында. Қазіргі кезде әндерді цифрлық форматта әлеуметтік желілерде, YouTube-те көптеп жариялап жатырмыз, сондықтан жеке жинақ шығаруға аса құлшынысым жоқ.

Бірақ былтыр «Бейбіт Оралұлылының жүз әні» деген таңдамалы әндер жинағы мен өмірбаяндық ойларымды қамтитын үлкен кітап шықты. Бұл кітапта замандастарымның тілектері, мақалалар және менің көптеген сұхбаттарым жинақталған. Сонымен қатар, ноталар да берілді.

Ал жеке ән жинақ шығару жөнінде қазіргі уақытта жоспарым жоқ.

El.kz: Әр адам бала кезінде көп дүниені армандайды ғой. Сол кездегі бала Бейбіттің арманы қандай еді? Кейін сол армандарына жете алды ма?

Бейбіт Оралұлы: Әрине, армансыз адам болмайды. Менің де бала кезімде көптеген армандарым болды, және олардың көбісі орындалды деп ойлаймын. Бірақ атаққа келер болсақ, мен әрдайым айтып жүремін – атақсыз бала болмайды, бірақ атақтың өзі шатақ болуы мүмкін деп қалжыңдаймын. Қазір жастар көп атақ алып жатыр деп айтылады, бірақ мен үшін халықтың берген атағы – ең бастысы.

Менің ойымша, шынайы өнер адамы атақты боламын деп армандамайды. Өнерге беріліп, өмірін өнерге арнаған жанкешті адамдар тек өз шығармашылығына көңіл бөледі. Мен жас кезімде де атақ туралы көп ойламадым. Мен үшін ең маңыздысы өнермен біте қайнасып, оның мәнін түсіну еді. Өмірімнің мәні – өнерде, онысыз өмір сүре алмаймын.

Мен өзімді үлкен атақты адам деп санамаймын, бірақ халық маған деген құрметін білдіреді. Шетелдік конкурстарға қатысып, жастарды сол жаққа дайындаумен айналыстым. Қазіргі таңда жақсы ізбасарлар да өсіп келеді, оларды дайындап жатырмыз. Сондықтан мен үшін бұл үлкен қуаныш және менің еңбегім еленіп келеді деп ойлаймын.

El.kz: Сіздің әндеріңізді эстраданың көптеген әншілері орындап жүр. Дегенмен қай әншілермен жұмыс істеу сізге ерекше әсер қалдырды?

Бейбіт Оралұлы: Біздің жас кезеңіміз сол тоқсаныншы жылдар мен екі мыңыншы жылдың басында болды ғой. Менің алғашқы әндерім — Мәскеуден Алматыға қонған кезде «Ауылға» және Бақтияр Тайлақбаев айтатын «Нұр бейне» сияқты әндер еді. Сол әндер бүкіл Қазақстанға тарап, халыққа кеңінен танымал болды.

Одан кейін «Бозжорға» әні шықты. Ол кезде көптеген эстрада әншілері орындады. Сол кездің әншілері мықты әрі танымал болды. Қазіргі жастардың әндері мүлде басқа бағытта дамып кетті. Олардың талғамы өзгерді. Қазір көбіне жеңіл, көңілді той әндері кеңінен тараған. Мен қайғылы немесе мұңды әндер жазбаймын, менің әндерім күрделі, терең мағыналы.

Иә, әншілермен жұмыс істеу мен үшін ерекше тәжірибе болды. Әрине, бұл үлкен жауапкершілік пен құмарлықты талап етеді. Профессионалдармен жұмыс істеу – мүлде басқа деңгей, олармен бірге шығармашылық процесті бөлісу өте қызық әрі жағымды. Мен үшін ең маңыздысы – сапалы орындау және әннің мәнін жеткізу.

Қазір кейде студияға кейбір әншілер дайын емес күйінде келеді, олар әнші де емес, көбіне тойға арналған жеңіл әндерді жаздырып алады. Мұндай кезде жұмыс қиындап кетеді. Ал кәсіби әншілер келгенде, мен оларға толық қолдау көрсетіп, бірге жұмыс істеймін. Олармен сөйлесу, шығармашылық тұрғыдан пікір алмасу маған қатты ұнайды.

El.kz: Сіз әніңізді таңдаған орындаушыларға қандай талап қоясыз?

Бейбіт Оралұлы: Бұл әр түрлі жағдайға байланысты. Кейде әншілер өздері ән таңдап келеді, кейде біз ұсынамыз. Мен әрдайым айтып жүремін, мен базардағы саудагер емеспін, әндерді жай сататын жоқпын. Әншілер көбінесе конкурсқа дайындалғанда немесе концертке барар алдында ән сұрайды. Сол кезде біз арнайы дайындық жасап, әндерді студияда жазып, нотаға түсіреміз. Қазір бәрі цифрлық форматқа көшті, сондықтан әншілер маған келіп, әндерді тыңдап, ұнағанын таңдайды.

Мен өзім әншілермен бірге дайындық өткіземін, аспаппен бірге дайындалып, бірлесе орындауға тырысамыз. Бұл әсіресе жастарға өте маңызды, себебі олар кейде бағытынан адасып кетеді. Мен олардың дамуына барынша көмектесемін.

Қазіргі заманда әннің логикасы, мазмұны бұзылып кететін жағдайлар болады. Ән – кішкентай спектакль секілді, оның өз өрісі, тізбегі, басталуы, шарықтауы мен соңы болуы керек. Мысалы, Димаштың әндері де осындай күрделі құрылымға негізделген. Конкурста айтатын әндерде бұл талаптар одан әрі күшейеді.

Әннің тақырыбы мен құрылымын сақтау өте маңызды. Кейде жастар бұл элементтерді ескермей, әнді өзгертеді немесе толық түсінбей айтады. Сондықтан мен тәлімгер ретінде олардың жан-жақты дайын болуына мән беремін.

Жиын- тойда айтылатын әндер бар, олар өз алдына бөлек. Бірақ көбісі бәрін бір қазанға салып, бірдей ән деп қарастырады. Әннің көптеген түрі болады. Мысалы, баллада деген бар — оны сіз жақсы білесіз. Қазақ ұлдарының әндері тек ән деп қарастыруға келмейді, оларда аталы сөздер, терең мән-мағына бар.

Әннің мазмұны мен музыкалық жүйесі бір-бірімен тығыз байланысты болуы керек. Бұл музыкалық жүйелі өрбіту деп аталады. Конкурстарда әннің мазмұны мен музыкалық жүйесі өте маңызды.

Мен тек бір жанрда емес, көңілді әндер де жаздым.

El.kz: Бүгінгі таңда қандай шығармашылық жоспарларыңыз бар? Тыңдарманды қандай жаңа туындылармен қуантпақсыз?

Бүгінгі таңда шығармашылық жоспарларым көп. Жақында Парижге барып келдім, ол сапарым туралы әңгіме өте терең әрі көлемді. Мінсіз мүсінімен әйгілі Кристиан Диордың музасына айналған қарапайым қазақ отбасында өскен Алла Елшіннің құрметіне былтыр күзде «Қазақтың қызы» атты халықаралық әндер конкурсы өтті. Оған тоғыз елден қатысушылар қатысты, соның ішінде Қазақстаннан да болды. Осы конкурстан менің ұсынған жобам бірінші орын алды. Әннің аты «Ояттың рухын даламның» деп аталады. Бұл әнді Астанадағы Шабыт университетінің 3-ші курс студенті Нарғыз Жанұзақова орындайды. Өте талантты жас өнерпаз. Менің шығармашылығымның осы кезеңіндегі ең үлкен қуанышым — осы сияқты ұлттық рух пен мәдениетті насихаттау жұмыстары.

Өнерді шын жүректен, шексіз сүю керек – сазгер Бейбіт Оралұлы

жеке мұрағат

Тағы бір айта кететін жайт, маусым айының 19-21-і күндері аралығында Ақтөбе қаласында Бейбіт Оралұлы атындағы халықаралық ән байқауы өтеді. Бұл байқау әндер бойынша бесінші рет ұйымдастырылып жатыр. Шетелден алты елден қатысушылар келеді, оның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, сонымен қатар Болгария мен Армениядан қатысушылар болады. Бұл байқау дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.

El.kz: Өзіңіздің ізіңізді жалғап келе жатқан жас сазгерлерге қандай кеңес берер едіңіз? Өнерге қалай адал болу керек деп ойлайсыз?

Жас сазгерлерге айтар кеңесім – ең алдымен өнерге адал болу. Қазіргі кезде плагиат көп, бір-бірінің еңбегін пайдаланатындар да кездеседі. Сондықтан шынайы шығармашылық пен адалдық – ең маңыздысы. Өнер – киелі нәрсе, оны әркім бірдей түсіне бермейді. Көп жастар тойда ән айтып, үлкен сахнаға шығады, бірақ мен сахнаға шыққанда әлі де тізем қалтырайды. Себебі мен сахнаны киелі деп санаймын.

Өнерді шын жүректен, шексіз сүю керек. Мысалы, менің әрбір жаңа әнім – менің өзімнен шыққан нәрестемдей, оны қатты аялап, құрметпен қараймын. Тек осындай шынайы махаббат пен еңбек арқылы ғана жетістікке жетуге болады.

Жетістік дегеніміз – атақ қуып, даңққа бөлену емес, өзіңнің дүниең халыққа танылып, мақтанышқа айналуы. Композитор ретінде елге танылып, халықтың қошеметіне бөленгеннен артық бақыт жоқ деп ойлаймын.

Жастарға айтарым – өнерге адал болып, өз туындыларыңызды шынайы сүйіңіздер.