
Алматы әкімінің баспасөз хатшысы Ильзат Акчурин Instagram парақшасында соңғы күндері кейбір көшелердің жабылғаны туралы желіде тараған ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Әлеуметтік желіде мамырдың соңғы күндері Алматыдағы кей көшелердің жабылғаны туралы ақпарат жарияланды — кейбіреулер мұны жаңа әкімнің қызметімен байланыстырды.
"Әлеуметтік желіде Алматы қаласында жол қозғалысын шектеу туралы ақпараттың таралуына байланысты келесіні хабарлаймыз. 29 мамыр мен 31 мамыр аралығында Алматы қаласында көлік қозғалысына ішінара шектеулер халықаралық іс-шараларды өткізуге байланысты болды және жергілікті атқарушы органдардың қызметіне еш қатысы жоқ", — деді қала әкімінің баспасөз хатшысы.
Оның айтуынша, Алматы қаласы әкімінің жұмыс сапары кезінде көлік қозғалысына шектеу қойылмаған және патрульдік көліктер пайдаланылмаған.
Еске сала кетейік, бірнеше күн бұрын Instagram желісіндегі kris.p.original парақшасында Алматы тұрғындары көшелердің ескертусіз жабылуына байланысты кептеліске тап болғаны туралы жазба жарияланды.
Сондай-ақ kris_p_astana парақшасында полиция қызметкерлері ілесіп жүрген қара түсті көліктер кортежінің видеосы жарияланған болатын. Кадр Медеудегі танымал "денсаулық баспалдағына" жақын жерде түсірілген.
Авторлар бұл Алматының жаңа әкімінің кортежі деген болжам жасады.
Еске сала кетейік, 24 мамырда Ерболат Досаев Алматы қаласының әкімі қызметінен босатылды. Тиісті жарлыққа мемлекет басшысы қол қойды. Досаев бұл қызметті 2022 жылдың 31 қаңтарынан бастап атқарды.
Алматының жаңа әкімі болып Дархан Сатыбалды тағайындалды. 24 мамырда VIII шақырылымдағы мәслихат депутаттарының отырысы өтіп, онда депутаттар оның кандидатурасын мақұлдады.