• 14-06-2025

Әлем елдері аптап ыстыққа байланысты қауіпсіздік шараларын күшейтіп жатыр

Биылғы жаз былтырғыдан да ыстық болуы мүмкін. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым өкілдері 2025 жылы жаһандық орташа температура 1,29°C пен 1,53°C аралығында болады деп болжап отыр.

Бұл,кейінгі екі жылмен салыстырғанда жер беті одан бетер қыза түседі деген сөз. Ғалымдардың дерегі бойынша күннің ысуы 4 млрд адамға әсер етеді. Енді қазір әлем елдерінде ыстыққа байланысты қандай қауіпсіздік шаралары қолға алынған?

Фариза Жанғанаева, тілші:

- Қазір бірқатар елде аптап ыстыққа алдын ала дайындық ретінде қауіпсіздік шаралары күшейтіліп жатыр. Әсіресе, жұмысшылардың жағдайы басты назарда.

***

Жапония қызметкерлердің қауіпсіздігін күшейтеді

Күннің ысуына байланысты Жапонияда енді кәсіпорындар мен компаниялар әр қызметкердің еңбек орнындағы қауіпсіздігін жақсартуға міндетті. Ресми дерек бойынша былтыр қатты ыстықтың кесірінен 30 жұмысшы көз жұмып, мыңдаған адам зардап шеккен. Олардың дені құрылыс және өнеркәсіп салаларында жұмыс істеген. Енді аптап кезінде жұмысшылардың жағдайын жасамаған кәсіпорындарға 500 мың иенге дейін айыппұл салынады. Бұл теңгемен 2 миллиондай болады. Шаралар басталып та кетті. Мәселен, елде тапсырыс жеткізуші компанияның бірі 75 мың қызметкерге желдеткішпен жабдықталған кеудеше таратпақ. Ал, кей компаниялар ғимарат ішіндегі температураны үнемі бақылап отыратын құралдар орнатуға ниетті.

Франция да 1 шілдіден бастап жұмыс берушілерге қатысты еңбек заңнамасына бірқатар шектеулер енгізгелі отыр. Енді күннің ысуына байланысты жұмыс кестесі өзгеріп, аптап күндері қызметкерлерге үзіліс жасауы мүмкін.

***

Ыстықтан қорғау шараларының еңбек жағдайына оң әсері көп

Ал қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсартып, ыстықтан қорғау арқылы 361 миллиард доллар үнемдеуге болады екен. Зерттеулер осыны көрсетіп отыр. Өйткені сынап бағанасы 30 градустан асса, адамның басынан күн өтіп, түрлі ауруларға шалдығуы мүмкін. Талып қалу, мұрын қанау, әлсіздік, бас айналу сияқты мәселелер туындайды. Тіпті бастан күн өту көптеген аурулардың асқынуына алып келуі ғажап емес. Яғни бұл жұмыс күшіне әсер етпей қоймайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының былтырғы есебіне сүйенсек, 2000-2019 жылдар аралығында аптап ыстықтан жыл сайын жарты миллионға жуық кісі өлімі тіркеліп отырған. Ал, дерекке қарағанда, жыл сайын шыжыған күн астында жүріп еңбек ететін жұмысшы саны 2 миллиардтан асады екен.

***

Аптап ыстықтан 26 млн адам бүйрек ауруына шалдыққан

Қазір әлемде 26 миллионнан астам адам созылмалы бүйрек ауруларымен ауырады. Бұл да аптап ыстықтың салдары. Өйткені осындай кезде адам көп терлейді. Соның әсерінен ағзада сұйықтық азаяды. Ал бұл бүйрекке салмақ түсіреді. Көбіне бұдан құрылысшылар, ауыл шаруашылығы мен тасымалдау саласындағы жұмысшылар зардап шегеді. Бұл құбылыс әсіресе Орталық Америка, Оңтүстік Азия және Африка сияқты ыстық аймақтарда байқалады. Кей елдерде тіпті осылай сырқаттанып қалғандарға «қызметке байланысты бүйрек ауруы» деген жаңа термин қолданылады.