• 14-03-2025

«Қазақтар шариғатпен емес, әдет-ғұрыппен басқарған»: Желіде ҚМДБ-ның тұңғыш төрағасының айтқан сөзі тарады (ВИДЕО)

Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының тұңғыш төрағасы Ратбек қажы Нысанбайұлының қазақ қоғамындағы діннің орны туралы осындан бірнеше жыл бұрын айтқан пікірі тарады. Видео үзінді нақты қандай бағдарламадан алынғаны белгісіз, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Видеоның сипаттамасындағы ақпаратқа сенсек, аталмыш пікір 80-жылдары айтылған. Онда Ратбек қажы қазақ халқы шариғатпен емес, салт-дәстүрді басшылыққа алып өмір сүргенін айтады.

«Біздің бабаларымыз да үлкен адам болған. Бірақ, мен солардан бала кезімде естіген сөздерімді кейін Бұхарада оқып жүргенде кітаптан таппадым. Кейін Арабияда университетте оқып жүрген уақытта біздің қазақты немен басқарғанын таптым. Сөйтсем, бізді шариғат үкімімен емес, әдет-ғұрыппен басқарған. Сонда бізге өткен «Дін негіздері» деген сабақта қазақты немен басқарғанын таптым. Бірақ, өте ақылды адамдар басқарған. Қошқар болар тоқтының маңдай жері дөң болар. Адам болар жігіттің айтқан сөзі жөн болар, дегендей келешекте адам болатын балаларды жас кезінен тәрбиелеген. Сондықтан Төле би бабамыз, қаз дауысты Қазыбек би бабамыз, Әйтеке бабамыз дүние үшін емес, ел үшін қызмет етті. Өмірін елге берген, ертеңін ойламаған адамдар. Ертең қонақ келіп қалса, оны кім күтеді деп ойламаған. Қонақты халық өзі күте берген. Олар тек халық қамын ойлаған. Ал, біз ше? Бүгін осылай отырсақ, ертең қалай болар екен деп басқаша ойлауымыз мүмкін. Өйткені, нағыз халық үшін жұмыс істеген адамға біреулер басқаша қиянат та жасап қоюы мүмкін», — дейді Ратбек қажы.

Желі қолданушылары да еліміздің алғашқы бас муфтиінің осыдан бірнеше жыл бұрынғы пікірімен бір ауыздан келісуде.

«Дін саласы Ратбет қажы Мүфтияттан кетіп, Әбсаттар деген діни тарихшы келгеннен бастап бұзыла бастады. Бүкіл әсіредіншілдерді жинап, Қазақстанды бүлдірген», «Бұл кісі сәләфиттерді Қазақстанға кіргізбеймін деген сөзінен кейін орнынан түсті», «Осы кісінікі дұрыс еді», «Осы пікірді қолдаймын, 100% қазақы әдет-ғұрыппен басқарылу керек», — деп жазды олар.