
Атыраудағы жүк көлігінің жүргізушілері былтырғы су тасқынынан бері тиісті жалақысын ала алмай келеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тасқын кезінде бөгет соғып, тәулік бойы жұмыс істеген жүк көлігінің жүргізушілері бір жылдан бері жалақысын ала алмай жүр. Қалаға қауіп төнген сәтте еңбектенген азаматтарды әу баста жекеменшік мекеме жалдаған. Көпшілік "әр рейске бір миллионнан аса қаржы береміз деп соқыр тиын да ұстатпады" дейді. Тек азын-аулақ жанар-жағармай мен дизель отынының қаржысын өндірген.
"Уақытында дамбы жасалып болды, уақыт өтіп жатыр, бірақ еңбекақымызды әлі алмадық. Әркімнің несиесі бар. Бала-шағасы бар, отбасын асырау керек. Өзімнің мүгедек балам бар. Бәрі қымбат", – деді қала тұрғыны Ғалымжан Демесінов.
Шығынға әбден баттық деген жұмысшылар, тіпті техниканың несиесін төлей алмай әлек. Төтенше жағдай кезінде 2,5 шақырым жерге бөгет соққан олар еңбегіміз еш кетті деп отыр.
"Ақжар, Ақсай ортасында бөгет соқтық, ақшамызды ала алмай келеміз. Бір жылдан асты. "Абадан алаш" ЖШС жалдады. Бөгеттің биіктігі 4 метрден асады", – деді қала тұрғыны Байжан Тұрғалиев.
Ал аталған мекеменің өкілдері "жұмысшыларға қаржыны толық бермедік" деп отыр. Кәсіпкер әкімдікпен соттасып жатқан көрінеді. Өйткені артық жұмыс үшін берілуге тиіс қаражат дұрыс есептелмеген. Ал әкімдіктегілер өзіне шаң жуытпайды. Олар "әу баста келісілген сома мердігерге толық берілді" деп отыр.
"Тасқын судың келуіне байланысты Жайық жағасындағы бөгеттерде жұмыс жүргізілді. Сонда штабтан компаниялар бөлінді. "Абадан алаш" мекемесі 2,33 шақырым дамбыны көтеру, бекіту жұмыстарын жүргізді. Бүгін 91 млн, 70 мың ақшасын алды. Екі шақырымнан 33 метрге салынған құрылысына әкімдік тараптан барлық қаржысы берілді", – деді Қайыршақты ауылдық округінің әкімі Шафхат Қалиев.
Салы суға кеткен жұмысшылар еңбек инспекциясына шағымданбақ. Ал мердігер мекеме өкілі қалған қаржыны қайтару үшін әкімдікпен сот алдында әлі де кездесеміз деп отыр.
Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан