• 13-06-2025

Қазақстан ТҮРКПА-ға төрағалық етеді

Қазақстан Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының төрағалығын қабылдады. Бұған дейін ұйымға Әзербайжан жетекшілік еткен еді. Тағдыры мен тарихы бір түркі тілдес елдерінің Парламенті өкілдері бүгін Астанада бас қосып, ТҮРКПА-ның 14-пленарлық отырысын өткізді. Жиында арадағы достастық, парламентаралық байланысты бекемдеу, гуманитарлық байланыстарды нығайту сынды бірқатар мәселе талқыланды. Жиынға ТҮРКПА мүшелері: Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан және Түркия, сондай-ақ қонақ ретінде Өзбекстан мен Солтүстік Кипр Түрік Республикасы парламенттерінің спикерлері қатысты.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Іс-шара қорытындысы бойынша маңызды құжат – «Астана декларациясын» қабылдадық. Ол түркі елдерінің парламентаралық ынтымақтастығын күшейтуге зор септігін тигізеді. Әсіресе мемлекеттеріміздің арасындағы достық пен сыйластықты арттыруға тың серпін берері сөзсіз.

Қазақстан ТҮРКПА-ға бір жыл төрағалық етеді. Осы уақытта еліміздің Парламенті барлық сала бойынша түркі елдермен ынтымақтастықты нағайтып, ұйымның халықаралық беделін күшейтуге барын салмақ.

Сагиба Гафарова, Әзербайжан республикасы Милли мәжілісінің төрайымы:

«Астана декларациясы» мемлекеттерімізді толғандыратын мәселелер бойынша ортақ ұстанымыздың, парламенттеріміз арасындағы өзара сенім мен қолдаудың айқын көрінісі. Бүгін біз сондай-ақ ТҮРКПА-ның жаңа бас хатшысын, оның орынбасарын сайладық. Ұйым мүшелеріне және төрағалықты қабылдаған Қазақстан тарапына сәттілік тілеймін.

Нұрсұлтан Тілектес