Елордада 5 тонна насыбай жойылды
Астанада рейд барысында 5 тонна насыбай тәркіленді. Құны 25 млн теңгеге татитын өнім бірден жойылды. Рейд ...
Қостанай облысында стратегиялық маңызы зор «Орталық-Батыс» автожол дәлізінің құрылысы басталды, деп хабарлайды 24KZ. Жоба Мемлекет басшысының IV Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасы аясында қолға алынды. Сөйтіп, елдің көлік инфрақұрылымын дамыту мен транзиттік әлеуетін арттыру жөніндегі Үкімет жоспарларына енгізілген. Астанамен Ырғызды байланыстыратын жаңа жолдың құрылысы қашан аяқталады?
Иә, құрылыс жұмыстары бір уақытта екі нүктеде, яғни Қостанай облысының Арқалық қаласы мен Жанкелдин ауданына қарасты Торғай ауылында басталды. Арқалық қаласынан Егіндікөлге дейін 241 шақырым жерге асфальт төселеді. Ал Торғайдан Ырғызға дейін 193 шақырым жол салынады. Қолданыста бар Астана – Егіндікөл, Арқалық – Торғай жолы болса қайта жөнделеді. Жалпы құрылыс 21 учаскеге бөлінген. Жол ені 8 метр болатын 2 жолақтан тұрады. Қозғалыс қарқындылығы тәулігіне 3 мың автокөлікті құрайды. Көптен күткен тіршілік күретамырының құрылысын Торғай жұрты қуана қабылдады.
Ақылбек Сапарғалиев, Арқалық қаласының тұрғыны:
- Торғай аумағының халқын дүрліктіріп отырған осы Батыс – Орталық тасжолын салады деген хабарды естіп, қуанып жүр едік. Міне, бүгін «жұмыс басталайын деп жатыр» деген хабарды естіп, қуанып отырмын. Адамның бойына күш-қуат беретін қантамыр ғой, сол сияқты мынау Торғай өңіріне күш беретін бір жаңа күретамыр есебінде деп ойлаймын.
Құрылыс «Астана – Жәнтеке – Егіндікөл – Арқалық – Торғай – Ырғыз» бағыты бойынша жүргізіліп жатыр. Жолдың жалпы ұзындығы 865 шақырымды құрайды. Ал ескі айналма жол 1438 шақырым. Енді төтеден салынған жаңа бағыттың арқасында Астана мен Ырғыз арасындағы арақашықтық 573 шақырымға қысқарады. Құрылыс 3,5 жылда бітуі тиіс. Ол үшін бір мезгілде 6 мың адам мен 4 мыңнан астам техника жұмылдыралады. Күрежол елдің орталық бөлігін батыс өңірлерімен тікелей байланыстырып қана қоймай, Қазақстанды Транскаспий халықаралық көлік бағытына шығарады.
Ляззат Стамғазиева, ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі:
- Енді бұл жолдың экономикалық тұрғыда да бізге берері көп. Себебі өзіңіз білесіз, енді жол тақтайдай тегіс болып салынғаннан кейін, әрине, жолдың айналасында, біріншіден, мына жол бойында орналасқан қызмет көрсету нысандары деген бар, ол да Көлік министірлігіне қарасты, олар да дами түседі. Мәселен, жолда көлік қарқыны неғұрлым жоғары болса, соғұрлым бизнесте сол жолдың қасында орналасқысы келеді.
Жобалау және құрылыс жұмыстарының барысында экологиялық мәселелерге ерекше көңіл бөлініп отыр. Киіктердің қоныс аудару аймақтарында жолдың көлденең профилін өзгерту қарастырылған, 1:10 еңіс жануарлардың еркін әрі кедергісіз қозғалуына мүмкіндік береді.
Авторы: Әлішер Әли