• 21-11-2025

Қазақстанда қоқыс полигондары жетіспейді

Елде жыл сайын 4,5 млн тоннадан астам қоқыс жиналады. Соның небәрі 25% ғана қайта өңделеді. Ал қалғаны көміледі, өртеледі, полигонға жөнелтіледі. Бірақ сол қалдық жинайтын орындардың жайы да мәз емес. Елде 3 мыңға жуық қоқыс полигоны бар болса, соның жартысы да талапқа сай келмейді. Оның үстіне көбі аузы-мұрнына дейін толып тұр. Бүгін Үкімет отырысында «Таза Қазақстан» бастамасы талқыланды. Министрлер миллиондаған тонна қалдықты жинадық деп есеп берді. Оны қайда тасып жатыр? Үкімет отырысында не айтылды ? Министрлер қоқыс мәселесін қалай шешуді жоспарлап отыр?

Үкімет отырсының бүгінгі тақырыбы «Таза Қазақстан» бастамасына арналды. Осының арқасында мыңдаған тонна қоқыс жиналып, млндаған ағаш егілгені баршаға мәлім. Сол үшін саладағы нақты мәселелерге назар салғымыз келіп отыр. Әдетте шетелдік ақпарат көздерінен Швеция, Германия сияқты мемлекеттерде қоқыс таусылып, оны көршілерінен экспорттап жатыр деген мәліметті көріп, таңдана-қызғана қарайтынымыз жасырын емес. Еуроаймақтың кей елі қоқыс таба алмай жүрсе, біз қоқыс төгетін жер таба алмай жүрміз. Расымен, Экология және табиғи ресурстар министрі полигондардың көбі толып қалғанын мәлімдеді. Нақты сандармен мысал келтірсем, Атырау, Түркістан, Батыс және Солтүстік Қазақстан облыстарында және Шымкент қаласының полигондары 90% толып тұр. Ал біз отырған Астана қаласында бұл көрсеткіш 98% жеткен. Жезқазғанның жайына үңілсек, жағдай мүлдем күрделі. Бұл қаланың қалдық жинайтын орнына әлдеқашан толып, қазір шамадан тыс төгіліп жатыр.

Жалпы қоқыс полигондарына қатысты былтырғы дерек бар. Оған назар салсақ, елде 2973 нысан бар екен. Соның тек 608-і ғана талапқа сай келеді, тиісінше осы полигондарда ғана рұқсат бар. Бұл бар болғаны 20%.

Мәселені шешу үшін осыдан екі жыл бұрын Үкімет кешенді іс-шаралар жоспарын бекітті. Әдепкіде 100 полигон салу жоспарланған еді. Соның небәрі жетеуі ғана пайдалануға берілген. Тағы 23 полигонға құжаттама дайын, 18 полигон бойынша әзірленіп жатыр. Ал 52 полигон бойынша ешқандай жұмыс жүрмеген. Сала министрі мұны қаржы тапшылығымен байланыстырып отыр. Осыған байланысты жоспары да бар екен.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:

- Жаңа полигондар құрылысы қаржыландыру тапшылығына қатысты жүргізілмейді. Осыған байланысты министрлік утильтөлем есебінен қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының құрылысын қаржыландыру мәселесін пысықтады, бұл 11 өңірде құны 53 миллиард теңгені құрайтын 43 полигон салуға мүмкіндік береді.

Қоқыс өңдеу ісі ақсап тұр

Бұл мәселені шешудің тағы бір жолы бар. Ол қоқыстарды қайта өңдеу. Алайда жаңа ғана бұл мәселе де ақсап тұрғанын айттық. Министрдің айтуынша, өңдеу қуатын жылына 1,1 млн тоннаға мүмкіндік беретін 62 жоба мақұлданды. Оның 13-і 52,7 млрд теңгеге қаржыландырылды және 74,5 млрд теңгені құрайтын 21 жоба Өнеркәсіпті дамыту қорының соңғы сатысында қаралып жатыр. Көрсеткішті жақсарту үшін инфрақұрылымды дамытып ғана қоймай, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау да маңызды. Бұл мәселе де министрлік жоспарында бар.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:

- Қатты тұрмыстық қалдықтардың көму көлемін азайту мақсатында оларды сұрыптау және қайта өңдеу жобаларын іске асыру маңызды. Қаржыландырылған жобалар іске асыру сатысына өтті, кейбіреулерінде жабдықтарды орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаларды іске асыру жергілікті атқарушы органдар мен инвесторлардың белсенді жұмысын талап етеді. Өңірлердің әкімдері жобаларды толық іске қосқанға дейін сүйемелдеу қажет.

«Таза Қазақстан» бастамасына 2 млн адам қатысты

Жалпы «Таза Қазақстан» бастамасы тиімділігін көрсеткені анық. Көптеген шара ұйымдастырылды. 1,3 млрд-тан астам көшет отырғызылып, жаңа орман тәлімбақтары құрылып жатыр. Әсіресе жас ұрпақтың экологиялық мәдениеттін қалыптастыруға қосқан үлесі орасан зор. Мектеп пен университет қабырғасындағы өскелең ұрпақ белсене қатысып жүр. Осы орайда министр Саясат Нұрбек 240 мыңнан астам студент қатысқанын мәлімдеді. Экологиялық және аграрлық туризмді дамыту жүзеге асырылып жатыр.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- «Президентіміздің идеясы – «Таза Қазақстан» бастамасын табиғатты қорғау үшін ғана емес, сонымен қатар ойдың да, бойдың да тазылығын сақтап, адамның ішкі мәдениетін тәрбиелеу арқылы оны дұрыс өмір салтына айналдыру. Руханияттың дамуына ерекше көңіл бөлу керек. Айналаңдағы адамдарға, дәстүрлі құндылықтарға құрметпен қарау, қоғамдық жауапкершілікті дамыту және еңбекқорлық Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын іске асырудың маңызды бағыттары болуы тиіс.

«Таза Қазақстан» бастамасы – кең ауқымды жоба. Жиынға қатысқан мемлекеттік орган басшылары көп болды. Волонтёрлер де бой көрсетіп, өз көмектерін ұсынуға әзір екенін жариялады.

Жалпы халқымыздың тазалыққа жаны құмар. Мұны осы жоба көрсетті деп ойлаймын. Енді жиналып жатқан қалдықтарды дұрыс сұрыптау, өңдеуге мән беру керек. Бұл енді биліктің дәргейіндегі мәселе.

Авторы: Бекзат Аман