Медициналық қызметтер мен санитарлық бақылау органдары инфекция ошағын оқшаулап, халықтың денсаулығын қорғау мақсатында тәулік бойы жұмыс істеуде.
Ақмола облысының Атбасар ауданында сібір жарасының тері түрі анықталды. Өңірлік медициналық қызметтердің хабарлауынша, бес ауыл тұрғыны ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды Сaravan.kz медиа порталы.
Науқастар Көкшетаудағы жұқпалы аурулар орталығында дәрігерлердің бақылауында ем қабылдап жатыр.
Ауру ошағына жедел түрде санитарлық авиацияның мамандар тобы жіберілді. Олардың қатарында облыстың бас маманы да бар. Дәрігерлер науқастарды тексеріп, толық диагностикалық жұмыстар жүргізді. Емдеу тактикасын нақтылап, оларды облыс орталығына тасымалдауды ұйымдастырды.
Соңғы мәлімет бойынша, барлық науқастың жағдайы бірқалыпты, өміріне қауіп жоқ. Дәрігерлер емдеу барысында оң динамика байқалып жатқанын айтады. Жаралар жазылып келеді, дене қызуы мен қабыну белгілері бәсеңдеген.
Ауру тараған жерде ауқымды эпидемияға қарсы шаралар қолға алынған. Ауылда ветеринарлық және санитарлық қызмет мамандары жұмыс істеуде, үй-жайлар дезинфекцияланып, малдан сынамалар алынып жатыр, тұрғындардың жағдайы да бақылауда. Сонымен қатар, індеттің таралу жолын анықтап, алдын алу мақсатында эпидемиологиялық тергеу жүргізілуде.
Сібір жарасы-жұқпалы әрі адам өміріне қауіпті ауру. Ол көбіне ауру малдың жүні, еті немесе терісімен тікелей байланыс арқылы адамға жұғады. Аурудың тері түрі жиі кездеседі және уақытылы емделген жағдайда жақсы жазылады. Алайда дәрігерге дер кезінде жүгінбеу ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін.
Мамандардың айтуынша, сібір жарасының ауылдық жерлерде таралуы көбіне мал сойғанда санитарлық талаптардың сақталмауынан, жануарларға вакцина салынбауынан және алдын алу шараларының ескерілмеуінен туындайды.
Осыған байланысты жергілікті билік тұрғындарды жеке гигиена ережелерін сақтауға, рұқсатсыз мал союмен айналыспауға және жануарлар мен адамдарда күдік тудыратын белгілер байқалған жағдайда бірден хабарлауға шақырады. Медициналық қызметтер мен санитарлық бақылау органдары инфекция ошағын оқшаулап, халықтың денсаулығын қорғау мақсатында тәулік бойы жұмыс істеуде.