Тіл туралы заң: қоғамдық тамақтану орындарына қандай талап қойылады?
Кез келген бизнес Қазақстан Республикасының тіл туралы заң талаптарын сақтауға міндетті. Ереже бұзылса, кли ...
Биыл ауызсудың машақатын тартып келген 53 елді мекен алғаш рет орталықтандырылған су жүйесіне қосылады, деп хабарлайды 24KZ. Қазір 10 өңірде тиісті жұмыс жүріп жатыр. Ауыл-аймақтағы ағайынды сапалы сумен қамтуға қазынадан 183 млрд теңге қаржы қарастырылған. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды.
Бес айда елде 250 шақырым су құбыры салынды. Жыл соңына дейін тағы 6 облыста құрылыс аяқталады. Атап айтсақ, Ақмола, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан халқы сапалы суға қол жеткізеді. Аталған жобалардың нәтижесінде 150 елді мекендегі шамамен 500 мың тұрғын мөлдір суды мейірі қанып ішеді. Соның ішінде 53 ауылға алғаш рет орталықтандырылған ауызсу жүйесі тартылады.
Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- 469 ауылдың 245-і республикалық бюджет пен арнайы мемлекеттік қор қаражаты есебінен орталық су тарту жүйелеріне қосылып жатыр. 224-іне жергілікті бюджет есебінен кешенді блок модульдер орнатылып жатыр. Жалпы биыл республикалық және арнайы мемлекеттік қордан 442 жобаға 183 млрд теңге бөлінді.
Бүгінде ел аумағында егінді суару науқаны қарқын алды. Биыл вегетациялық кезеңді ойдағыдай өткізу үшін 12 млрд текше метр су керек. Дені оңтүстік өңірлердегі ауыл шаруашылығы жерлерін суаруға жұмсалады. Алайда «судың да сұрауы бар» деген тәмсілді еске салған ведомство басшысы тіршілік нәрін үнемдеу маңызды екенін айтты. Тың технологияның арқасында ысырапшылдықтан сақтанған шаруаларға кешенді қолдау көрсетіледі. Мемлекет шығынның 80%-ін өтейді. Соның арқасында 5 өңірде тамшылатып, жаңбырлатып және лазерлік жоспарлаумен суарылатын алқап көлемі 84 мың гектарға ұлғайған.
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ұзындығы 3,5 мың шақырымнан астам суару инфрақұрылымын жаңғырту және цифрландыру мақсатында каналдарды автоматтандыру басталады. Атап айтқанда, Қызылорда облысында 58 гидробекетте автоматты су есептеу құралдарымен жабдықтау жобалары іске асырылып жатыр.
Суды ұқыпты қолдану – баршамызға ортақ іс. Министрліктің мұрындық болуымен халық арасында осы бағытта ағартушылық жұмыстар қолға алынды. Мәселен, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында 2 млн жуық оқушы «Суды үнемде – болашақты сақта» атты ашық сабаққа қатысқан. Дәл осындай іс-шаралар колледж және жоғары оқу орны қабырғаларында да ұйымдастырылды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Халықты сапала ауызсумен қамтасыз ету – өте маңызды міндеттердің бірі. Мемлекет басшысының тікелей бақылауында тұр. Қажетті қаражат республикалық бюджетте көзделген. Заңсыз шығарылған актвитерді елге қайтару жөніндегі Президент тапсырмасы аясында сумен жабдықтау бойынша 230-ға тарта жобаны іске асыру үшін арнаулы мемлекеттік қордан қосымша 160 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.
Қазіргі таңда 10 аймақтың халқы толықтай сапалы су тұтынып отыр. Көңіл көншітерлік жайт. Десе де жыл соңына дейін көрсеткішті барлық өңірде 100%-ке жеткізу көзделген. Себебі Президент сондай пәрмен берді. Сондықтан Үкімет басшысы Олжас Бектенов жауаптыларға кестеден кешігіп жатқан жобаларды тезірек аяқтап, жоспарды толық орындауды тапсырды.
Авторлары: Назерке Тоқжан, Ақылбек Есімсейітов