
Отандық ғылым тарихында тұңғыш рет қазақстандық телескоп Чилиде орнатылды, деп хабарлайды 24kz.
2018 жылы қолға алынған жоба Фесенков атындағы Қазақ астрофизика институты мен Сантьяго университетінің ынтымақтастығы нәтижесінде жүзеге асты. Жоғары дәлдіктегі ғылыми құрал Атакама шөліндегі Obstech халықаралық астрономиялық обсерваториясында орнатылды. Бұл жер – Оңтүстік жартышардағы әлемдік астрофизика орталығы саналады. Мұнда дүниежүзінің ірі ғылыми ұйымдарының обсерваториялары шоғырланған.
Қазақстандық астрофизиктер Оңтүстік жартышардың аспанын зерттеп жатыр. Маусым айының соңында Атакама шөліндегі Obstech обсерваториясына орнатылған жоғары дәлдіктегі телескоп-робот Қазақстанға алғашқы ғылыми мәліметтерді жібере бастады. Телескоптың бұл жерге орнатылуы бекер емес. Атакама шөлінің атмосферасы ерекше. Мұнда шаң, булану жоқ. Жұлдыздарды, ғарыш нысандарын бақылауға кедергі аз. Атакамада әлемдегі ең танымал обсерваториялар орналасқан. Мысалы, Параналь тауының басында салынған Еуропалық Оңтүстік обсерваториясы – әлемдегі ең ірі телескоптардың бірі VLT-мен жабдықталған. Чилиде соңғы жылдары астрономия мен астрофизика саласында ең маңызды жаңалықтар ашылды.
Эван Оссандон, Obstech обсерваториясының техникалық қызмет көрсету маманы:
- Біздің обсерваторияда шамамен 140 телескоп бар. Басым бөлігі АҚШ-тан, олар шамамен 60%-ті құрайды. Сіздердің жаңа телескоптарыңыз — мұндағы ең үлкені. Оның айнасының диаметрі – 1 метр. Бұл – ғылыми зерттеулер үшін өте қуатты құрал. Ең бастысы, қазақстандық мамандар енді Оңтүстік аспанның шоқжұлдыздары мен әртүрлі нысандарын бақылай алады. Қазақстанда олар үнемі көкжиектің астында орналасқандықтан, көрінбейді. Сонымен қатар бұл телескопты студенттер де тәжірибелік сабақтар үшін пайдалана алады.
Қазақстандық телескоп орнатылған обсерватория толықтай автоматтандырылған. Нысанның жұмысын техникалық мамандар қамтамасыз етеді. Барлық ақпарат кең жолақты интернет арқылы еліміздің ғылыми орталықтарына жіберіледі. Телескоп қашықтан басқару режимінде жұмыс істейді.
Максим Кругов, В.Фесенков атындағы Астрофизика институтының аға ғылыми қызметкері:
- Ол бір айға арналған тапсырманы алдын ала жүктеп алады және әрбір ашық түнде өз міндетін орындайды. Мұнда, Obstech обсерваториясында оптикалық талшық тартылған және біз 4 гигабитке дейінгі жылдамдыққа қол жеткізіп отырмыз. Мұндай өте жоғары жылдамдық, деректерді онлайн-режимде жіберуге мүмкіндік береді.
Ең бастысы – Чилидегі телескоп Қазақстандағы құралдармен бір ақпараттық ортада жұмыс істей алады. Бұл, әсіресе, уақыт жағынан қысқа астрономиялық құбылыстарды бақылау кезінде өте маңызды. Мысалы, аса жаңа жұлдыздардың жарылыстары немесе гамма-жарқылдар сияқты.
Максим Кругов, В.Фесенков атындағы Астрофизика институтының аға ғылыми қызметкері:
- Қазір бізде Назарбаев университетімен және Алматыдағы Қазақ ұлттық университетімен өте жемісті ынтымақтастық орнаған. Біз нақты осы салаға қызығушылық танытқан жастарды тәжірибеден өту үшін қабылдаймыз. Астрофизика – ең алдымен әлем бойынша кең дамыған халықаралық ынтымақтастық.
Чилиде телескоп орнату – қазақстандық астрофизиканың жаңа кезеңі. Отандық ғылым халықаралық деңгейге шығып келеді. Ең бастысы, елімізде іргелі зерттеулерді дамытуға ынталы, түрлі елдердегі әріптестерімен тығыз байланыс орнатуға ниетті жас мамандар қалыптасып келеді..
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Григорий Беденко