• 01-08-2025

Алматыдағы колледж студенттері өндірісте тәжірибе жинап жүр

Алматыдағы Автомеханикалық колледж бітірушілері алған білімдерін тәжірибемен ұштастырып, кәсіби маман ретінде өндірістің бел ортасында жүр, деп хабарлайды 24KZ. Қазір еңбек нарығында автокөліктерге техникалық қызмет көрсету мамандығы сұранысқа ие.

Наиль Бабаевтың техникалық қызмет көрсететін компанияға жұмысқа тұрғанына бір жылға жуықтаған. Колледж қабырғасында жүріп-ақ, осы жерде үш жыл қатарынан тәжірибеден өтеді. Жас маманның біліктілігін байқаған компания басшылығы бірден жұмысқа қабылдайды. Қазір ол жүк көліктерін жөндейді. Жұмысына келушілер риза. Өзі де білгенін өзгелермен бөлісуге әзір.

Наиль Бабаев, автомеханик:

- Аға-әріптестерім келіп, білмегенін сұрайды. Себебі менің тәлімгерім осы жерде 20 жыл жұмыс істеген. Маған көп нәрсе үйретті. Қазір мен де білмегенімді сұраймын, білгенімді үйретемін. Компания ұжымы өте жақсы. Жастарды қолдап, мейіріммен қарайды. Жалақымыз да жақсы.

Бұл қызмет көрсету орталығы Автомеханикалық колледжбен 10 жылдан бері тығыз жұмыс істеп келеді. Студенттерге өндірісте тәжірибе жинауға мүмкіндік бар. Жұмыс көлемі де ауқымды. Мұнда жас мамандар ауыр техникаларды жөндеудің қыр-сырын меңгереді.

Таир Нұрланов, сервис орталығының директоры:

- Бізде колледж студенттері 3-4 курста практикадан өтеді. Кәсіпке бейімі бар, жақсы қырынан көрінгендерін жұмысқа аламыз. 10 студенттің екеуі, ары кетсе үшеуі ғана талапқа сай келеді. Қазір технологиялар өзгерді, барлығы автоматтандырылған, компьютерлендірілген. Студенттер теориялық білім алып келсе, біз оларды іс жүзінде дайындаймыз.

Биыл Алматыдағы Автомеханикалық колледжді 300-ге жуық түлек бітіріп шықты. Олар меңгерген көлік жөндеу шебері, электрик, техник-механик, электргаздәнекерлеуші мамандықтары қазір еңбек нарығында үлкен сұранысқа ие.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарынбаев