• 31-07-2025

30 шілде – адам саудасына қарсы күрес күні

Бүгін дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күні.

Кей халықаралық зерттеулерге сүйенсек, әлемде 25 миллионнан аса адам құлдыққа түсіп, қара жұмысқа жегіліп жүр. Трансұлттық қылмыстың шекарасы жоқ. Еліміз де ғалам қасіретімен күресті қолға алып, заң қабылдады. Құжатта мемлекеттік әрі құзырлы органдардан бастап, үкіметтік емес ұйымдардың барлығына жауапкершілік жүктелген.

Адам саудалаудың айласы көп. Интернетке үйіріп, иелік ету түрі COVID-19, яғни карантин кезінде белең алды. Жұмысы мен табысынан айырылғандарды арбап, арам ақша табатын сайттар саны артты. Бірақ оларды құрықтау амалы ұзын арқан, кең тұсау ғана болды. Олқылықты жою керек. 5 жыл бұрын Президент адам саудасына қарсы жаңа заң әзірлеуді тапсырған. Былтыр құжат қабылданды. Ал күні кеше екі қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды.

Шұғыла Тұрлыбек, ҚР ІІМ баспасөз хатшысы:

- Алдын ала деректер бойынша қылмыстық топтың күнделікті табысы 1,5 млн теңгеге дейін жеткен, ал 2024 жылдың басынан бері қаржы айналымы 1,7 млрд теңгеден асады. Бұл қылмыстық желінің ауқымын және ұйымдасқан деңгейін көрсетеді. Негізгі фигуранттар мен олардың сыбайластарына қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу түріндегі жаза қарастырылған.

Бұрын сәби сатқан тұтылып, сатып алушы жазадан құтылатын. Сайт арқылы да солай. Енді құйтырқы жолмен перзентті болғандарға 5-тен 18 жылға дейін жаза кесілуі мүмкін. Тіпті шақалақты тастап кеткені туралы хабарламаған медициналық ұйымдар мен балалар үйінің қызметкерлері де әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Қысқасы, заңға «серіктестік» ұғымы енгізілген. Мемлекеттік әрі құзырлы органдар, үкіметтік емес ұйымдар, жұмысқа тұрғызу агенттіктері және туристік әрі шетелдік фирмалар бірлесе әрекет ету керек.

Марат Бәшімов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біз қазір қорықпай осы проблемаларды айтып жатырмыз. Мына заңда барлық мемлекеттік органдардың компетенциялары бар. Ол салада әкімдіктен бастап, сыртқы істер, ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер мәселесі бәрі заңда жазылған. Барлық мемлекетте олар билік пен құқық қорғау органдармен байланысады. Сонан кейін қазір коррупциямен бірінші орында тұр күрескеніміз. Оны полиция да мойындайды, олар да күреседі. Ол проблеманы біз шешеміз деп ойлаймыз.

«Адам саудасының әлеуетті құрбаны» деген халықаралық ұғым нақты белгіленді. Яғни материалдық, психологиялық жағдайы осал, құжатсыз, баспанасыз жүрген жандар зорлық-зомбылық нысанына айналуы мүмкін. Ал адам саудасы қылмысына қатысқан тараптардың татуласуына тыйым салынды. Жәбірленушінің арнаулы әлеуметтік көмек алу құқығы толықты.

Нысаналы Ығыл, Артур Горшняков